Атырау, 28 қараша 03:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жұмыртқа өндірісі өркендеп келеді

8 234 просмотра

2016 жылы Қазақстанда 4 млн данадай жұмыртқа шығарылды. Оның миллиардтан астамы тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылығының үлесіне тиеді. Бұл туралы және басқа да нәрселер туралы «АЖ»-ға берген сұхбатында құс шаруашылығы саласының сарапшысы, Pas Refrom Hatchery Technologies B.V. компаниясының менеджері Айгүл НҰРМАҒАМБЕТОВА әңгімеледі. Сұхбатымыз Getopinion.kz онлайн платформасы арқылы жүргізілді.

КӨТЕРМЕ САУДА ЖАСАУШЫЛАР ӨНДІРУШІЛЕРДЕН ТАБЫСТЫ

– Статистика мәліметтері бойынша, соңғы үш жыл бойына Қазақстанда жұмыртқа өндіру бір деңгейде сақталып отыр. Бірақ 2009 жылмен салыстырғанда, қуаттылықтың көбеюі, жаңа құс фабрикаларының ашылуы, соның ішінде, фермерлік өндірістің аз да болса дамуының арқасында едәуір өсім байқалады. Өңірлер бойынша жұмыртқа өндіруде Алматы (22,3%), Ақмола (15,5%), Қарағанды (13,2%), Қостанай (12%) және Солтүстік Қазақстан облыстары (12%) көшбасшы болып отыр. Маңғыстау мен Атырау облыстары бұл тұрғыда анағұрлым төменгі деңгейде.

Алайда, Атырау облысында 2013 жылы (10,5 млн) және 2014 жылы (23,5 млн) жұмыртқаның өндірілуін салыстырар болсақ, айтарлықтай өсімді көреміз. Сіздің өңір үшін бұл үлкен жетістік. Бұл екі ірі құс фабрикасының іске қосылуымен түсіндіріледі. Бірақ, жалпы, қолайлы климат жағдайына қарамастан, Маңғыстау немесе Атырау облыстарында құс шаруашылығын дамыту негізгі жемшөп базасы шалғай болғандықтан, қиынға соғады.

– Бір жұмыртқаның өзіндік құны қалай шығарылады? Және олар неліктен үнемі қымбаттайды?

– Жұмыртқаның өзіндік құнында 60-тан 70%-ға дейінгі көп үлес жемшөптің еншісіне тиеді. Сондықтан қоспа жемнің құрамдас бөліктерінің (арпа, бидай, жүгері және т.б.) нарықтық құны өнімнің өзіндік құнының құрылымына қатты ықпал етеді.

Биыл бөлшек саудада жұмыртқаның күрт қымбаттағаны байқалады. Бұған себептердің бірі – маусымдық тұрақсыздық. Әдетте, жазғы маусымда жұмыртқаның бағасы төмен болады, өйткені бұл уақытта оған сұраныс төмендейді (біз көкөністер мен жемістерді көп тұтынамыз), қоймаларда тұрып қалып, құс фабрикалары бағаны еріксіз төмендетеді. Қысқы уақытта тұтыну бірнеше есеге артып, құс фабрикалары да, ритейлерлер де бағаны көтереді. Бұл маусымда едәуір табыс табуға болады.

Басқа да себептер бар. Өнімнің өзіндік құнының көтерілуі дән бағасының қымбаттауы салдарынан орын алды. Сонымен қатар, еңбекақы 20-30%-ға көбейді, энергия тасымалдаушылардың шығындары, транспорт ұстау шығындары артты, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер көтерілді.


Жан басына шаққандағы жұмыртқа өндірісі
ҚР статистика мәліметтері бойынша 2016 жылдың басында цифрлар былайша көрініс табады: Ақмола облысы (тұрғындары саны 744 386) – жан басына шаққанда 827 жұмыртқа, Ақтөбе (834 768) – 173, Атырау (594 562) – 137, Алматы (1 947 481) – 454, Шығыс Қазақстан (1 395 797) – 90, Батыс Қазақстан (636 852) – 203, Жамбыл (1 110 907) – 8, Қарағанды (1 384 889) – 376, Қостанай (883 640) – 564, Қызылорда (765 171) – 6, Маңғыстау (626 793) – 2, Павлодар (758 479) – 155, Солтүстік Қазақстан (569 446) – 866, Оңтүстік Қазақстан (2 841 307) – 90.

Өкінішке орай, өзіндік құн мен сөрелерде көретін бағаның айырмасы көпшілік ойлағандай, өндірушіге тие бермейді. Өз сауда желісін дамытуға өндірушінің қаржысы болмағандықтан немесе маркетинг бөлімін ұстау шығындарын қаламағандықтан, өнімді, әдетте, көтерме сауда жасаушылар алып, оны Қазақстанның өңірлеріне таратады. Оған сауда нүктелерінің үстемесі қосылады да, баға үш есеге көбейеді. Сонда жұмыртқа өндіруге үлкен үлес қосатын өндіруші көтерме сауда жасаушылармен салыстырғанда, көп табыс таппайды.

– Теңге бағамының құбылуы бағаға әсер ете ме?

– Әрине, теңгенің девальвациясы келеңсіз рөл атқарды. Жоғарыда аталған шығындардан басқа, біздің елімізде шығарылмайтын және шетелде валютаға сатылатын вакциналарды сатып алу да әсерін тигізеді. Оған қажетті жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді, техниканы, орама материалдарын сатып алуды қосыңыз.

ЕКІ САРЫ УЫЗ ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕМЕС

– Жұмыртқа қай өңірлерде көп, қай өңірде аз қолданылады?

– Соңғы жылдары жұмыртқаны тұтыну едәуір артты. Ұсынылатын ұлттық норма жылына жан басына шаққанда – 142 дана. Ал ДДСҰ мәліметтері бойынша, физиологиялық тұтыну нормасы – жылына жан басына шаққанда 243 дана. Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда жұмыртқа тұтыну жан басына шаққанда 236 дананы құрайды. Жалпы, бұл оң көрініс. Бірақ, өңірлер бойынша қарайтын болсақ, жұмыртқа өндіру мен оны тұтынудың біркелкі еместігі көрінеді. Мәселен, Ақмола облысы тек жұмыртқамен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды басқа өңірлерге де жеткізеді. Бұл санатқа Алматы, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Іс жүзінде жұмыртқамен қамтамасыз ету тек солтүстік пен орталық облыстарда байқалады. Бірақ, бізде жұмыртқа тұтыну деңгейі әлдеқайда жоғары өңірлер бар: бұлар Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары. Бұл қажеттілікті импорт жабады.

Облыс бойынша тауық жұмыртқасын өндіру үлесі


– Ресейден жұмыртқа импорттау үлесі қандай?

– 2011-2014 жылдар аралығында Ресейден импорттау миллиард данадан астам құрады. Ал 2015 жылдан бастап жаңа құс шаруашылығы жобаларының іске қосылуы арқасында ЕАЭО елдерінен импорттаудың күрт қысқарғаны байқалады. Оның үстіне, экспорттауда ілгері басушылық көрінеді. 2015 жылы Қазақстан ЕАЭО елдеріне 100 млн данадай жұмыртқаны экспортқа шығарды. Биыл экспорт 66 млн-ды құрады, яғни, төмендеп кетті, бірақ бастысы экспорт бар. Біз осы саланың әлеуетімен жұмыс істей алар едік, бізге бұл тұрғыда қасымыздағы Өзбекстанның, Қырғызстанның нарығы тартымды деп ойлаймын.

– Дегенмен де, Кеден одағына кәсіпкерлердің шағымдары бар ғой.

– Проблема жазғы уақытта ресейлік сала алыптары арзанқол бағамен жұмыртқа сата бастаған кезде туындайды. Мұны көтерме сатып алушылар пайдаланып қалады.

– Жұмыртқа сатып алу кезінде тұтынушылар нені ескеруі керек?

– Жұмыртқа таза, құрғақ, бөгде иіссіз, механикалық тұрғыда бұзылмаған болуы тиіс. Біз сақталуы 7 тәуліктен аспауы тиіс «диеталық» жұмыртқаны немесе сақталуы 8-ден 25 тәулікке дейінгі аралықта болатын «асханалық» түрін таңдай аламыз. Диеталық жұмыртқаларда түрі, санаты, сұрыптау уақыты (күні мен айы), ал асханалық жұмыртқаларда – тек түрі мен санаты көрсетіледі. Диеталық жұмыртқаларды қызыл бояумен, асханалықты көк бояумен таңбалайды.

– Өндіру уақыты бойынша неліктен таңбаланбайды?

– Бұл құс шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Ол бірнеше жыл қатарынан көтерілген болатын, бірақ, әзірге ортақ пікірге келген жоқ. Жұмыртқа орамасындағы таңбалау олардың сол күні оралғандығын ғана білдіреді. Бірақ, бұл жұмыртқа дәл сол күні өндірілді деген сөз емес.

– Соңғы кездері бір жұмыртқаның ішінен екі сары уыз шығатын жағдай жиі кездеседі, бұл ауытқушылық па?

– Ауытқушылық деуге болады. Жұмыртқалауды енді бастаған жас тауықтарда қалыпты жұмыртқалағыштық процесі бұзылуы мүмкін. Мәселен, тауықтың аналық безі бір уақытта екі аналық жасуша бөледі. Олар өз жолдарын жұмыртқа жолы арқылы бастайды. Бұл жерде нәтижесінде екі сары уызы бар жұмыртқа қалыптасады. Бірақ мұндай жұмыртқалар тұтыну үшін мүлдем қауіпсіз.

БАЛАПАНДАРДЫ ДА ЕМДЕУ КЕРЕК

– Сальмонеллез жұқтырмау үшін қалай қорғануға болады және бұл мәселеге жұмыртқа өндіру кезінде қаншалықты байыппен қарайды?

– Құс фабрикаларының барлығында жұмыртқа басатын тауықтың денсаулығы үшін жауап беретін ветеринарлық дәрігерлер бар. Технологтар мен ветеринарлық дәрігерлер фабрикаларда гигиена сақтауға тырысады, алдын алу шараларын алады, бірақ сальмонеллез жұқтыру тәсілдері құстардың өздерінде әртүрлі болады: жемшөп арқылы, ата-анасының үйіріне байланысты және т.б. Жақында Қарағанды облысындағы тауықтардың қырылуы мен сальмонеллездің табылуы көпшілікті ойлануға мәжбүр етті. Мұндай жағдайларда мен тек таңбаланған, орама уақыты бар және жақын жерде өндірілген жұмыртқаларды ғана сатып алуға кеңес берер едім. Базарлардан уақыты мен таңбалау белгілері жоқ үй жұмыртқалары түріндегі өнімді алуға болмайды. Мұндай жағдайда қандай нәрсе жұқтырып алуға болатынын және кейін кімге талап қою керек екенін болжау қиынға соғады. Жұмыртқаны пайдаланбас бұрын міндетті түрде жуу керек.

- Құс фабрикаларында жұмыртқалайтын тауықтарға қатысты көптеген сұрақтар туындайды: оларды немен қоректендіреді, оларды қалай ұстайды және оларға антибиотиктер қаншалықты жиі салынады?

– Дау негізінен ет-сүйек ұнын (құстың қауырсыны мен сүйегінен өңделген өнім) қолдану кезінде туындайды. Бұл протеин мен ақуыздың негізгі көзі. Егер рационда ет-сүйек ұны қолданылмаса, оған тең келетін баламасын іздеп табу керек. Ал бұл едәуір қымбат тұратын нәрсе. Жұмыртқалайтын тауықты ұстауға келер болсақ, бізде барлық кеңестік дәуірден кейінгі елдердегі секілді, жұмыртқалайтын тауықтар тор секцияларда ұсталады. Ал Еуропада аулада ұстау жүйесі қолданылады. Бүкіл дау құс-орын бағасына келіп тіреледі.

Антибиотиктерді немесе екпелерді қолдану мәселесі даулы. Біз сәбиді қызылшаға, сіреспеге, дифтерияға, қызамыққа және полиомиелитке қарсы ектіру қажет пе деген сұрақ қоймаймыз ғой. Сол секілді біздің балапандарымызға да салынатын олар сырқаттанған жағдайда міндетті екпелер мен антибиотиктер жиынтығы бар. Ешкім де оларға препараттарды өз шамасынан артық салмайды, бұл өндірушіге тиімсіз. Өйткені бүкіл шығындар қалай болғанда да, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

Сұхбаттасқан Сәуле ТАСБОЛАТОВА

2 қаңтар 2017, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.