Атырау, 28 қараша 03:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Сауығып шықты – жұмыс істеуге құқығы бар»

6 486 просмотра

Image 0


Туберкулезге қарсы ем алған бала күтуші №13 «Балапан» балабақшасына қайта жұмысқа шықты. Бірақ бұған бүлдіршіндердің ата-аналары риза емес.

Естеріңізге салсақ, тәрбиеші көмекшісінің өткен жылдың қарашасында ашық түрдегі туберкулезге шалдыққандығы кездейсоқ анықталады. Әйел облыстық ауруханаға аллергиямен түсіп, анализдер тапсыра бастағанда, оның туберкулезбен ауыратыны анықталады. Мұнымен қатар, оның соңғы медициналық тексеруден 2015 жылдың наурызында өткені туралы санитарлық кітапшасы болған. Сөйтсе, әйел 2008 жылдан бері тәуекел тобында екен. Ол кезде «Балапан» балабақшасында бала күтуші 2 жылдай жұмыс жасаған. Содан соң балабақша үш күнге санитарлық өңдеу үшін жабылған. Фтизиатрлар науқас жұмыс жасаған сол топтың ата-аналарымен жиналыс өткізіп, балаларға манту сынамасын егіп, барлығын 3-ші емханада рентгенге түсіреді. Бақтарына қарай, балалардың барлығында теріс нәтиже шығады. Мектепке дейінгі мекеменің директоры мен медбикесі осы жанжалдан кейін өз еріктерімен жұмыстан шығу туралы арыз жазады.

Сөйтіп, 5 желтоқсанда тәрбиешінің көмекшісі өз жұмысына қайта оралады. Осыған байланысты бізге сол әйел еңбек ететін «Радуга» тобының ата-аналары хабарласты.

- Оған қандай негізде балалармен жұмыс істеуге қайта рұқсат берілді? Мектепке дейінгі мекемелерде туберкулезбен ауырған адамдардың жұмыс жасауға құқылары бар ма? Балабақша әкімшілігі оның емделгені туралы барлық құжаттары бар екенін айтады. Бірақ оның бұрын да санитарлық кітапшасы бар болатын. Біз балаларымыздың денсаулығы үшін қауіптенеміз, кейбір ата-аналар балаларын балабақшаға жібермеуде. Бірақ бұл қашанға дейін жалғаса бермек? – деп ата-аналар наразылықтарын білдіруде.

Туберкулезден емделу сырқат ауырлығына байланысты 6-8-10 ай уақытты алады. Ем ойдағыдай аяқталғаннан кейін пациенттің өз жұмысына оралуға құқығы бар. Жұмысқа жібермей, оның құқығына нұқсан келтіруге біздің құқығымыз жоқ. Біз «Туберкулез бойынша профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 22 тамыздағы № 19 бұйрығы негізінде әрекет етіп отырмыз, - дейді туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Серік ӘБІШЕВ. – Осы оқиға, осы пациент менің есімде. Оның емі жақсы нәтижелер берді.

Балабақша қызметкерінде қазіргі уақытта оның балалармен жұмыс істеуге құқылы екендігін растайтын барлық құжаттары: ауруханадан шығу қағазы, сырқатына байланысты берілген құжаты, санитарлық кітапшасы бар. Бізде оны жұмысқа жібермеуге себеп жоқ, - деп оның сөзін растады қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік бөлімінің бастығы Алмагүл ӘБІШЕВА.

Image 1

"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет

«Балапан» балабақшасының директоры Жаңылсын КЕНЖЕҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, ол ата-аналардан осындай реакция күткен екен. Жазда тәрбиешінің көмекшісі ауруханадан шыққан соң ол барлық инстанцияларға – тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне (бұрынғы облСЭС), туберкулезге қарсы күрес ауруханасына, қызметкері есепте тұрған №3 емханаға хат жолдай бастаған. Бірақ қай жерден болмасын, 9-тармақтағы «Туберкулезбен ауырып тұрған адамдарды жұмыс істеуге және оқу оқуға жіберу тәртібіне» сілтеме жасалып, сауығып шыққан соң адамның балабақшадағы өз жұмысына оралуына құқығы бар екені туралы бірдей жауап алады. Мұнда I, II және IV санаттарының режімінде емдеудiң толық курсын «Жазылды» немесе «Ем аяқталды» деген ем нәтижесімен сәттi аяқтаған науқастарға оқуға немесе жұмыс істеуге рұқсат берiледi деп жазылған.

Тәрбиешінің көмекшісін ауруханадан баяғыда шығарды, содан кейін ол еңбек демалысын, содан соң ақысыз демалыс алды. Ал 5 желтоқсанда өз жұмысына кірісті. Бұл жағдайда не істеуім керектігін түсіндіру жөніндегі өтінішпен барлық инстанцияларға хат жазғандықтан, бала күтуші прокуратураға және жергілікті «Нұр Отан» филиалына менің үстімнен шағым жазыпты. Нәтижесінде біздің балабақшаға қалалық білім беру бөлімі мен еңбек инспекциясы бірнеше тексерулер жүргізді. Олар бұл хикаяға үлкен нүкте қойды: бала күтушінің жұмыс істеуге құқығы бар, - деп сөзін түйіндеді Жаңылсын Кенжеғалиева.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

29 желтоқсан 2016, 22:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.