Атырау, 28 қараша 02:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қамшы өрудің шеберінде қонақта

8 430 просмотра

Халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толуына орай, жақында Аққыстау ауылында ашылған мұражайда бес-алты өрімнен тұратын әдемі сапты қамшы бірден көзге түсті. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл өнер туындысының авторы – Исатай ауданында тұратын қолөнерші Есболай ҚУАТОВ.

Мұражайдың ашылу салтанатында Есболай ағамен танысудың сәті түспеп еді. Мен онымен жақынырақ танысу үшін екі айдан кейін ауылға әдейілеп іздеп бардым.

...Мен оны көрмей тұрып, шебердің жасы әрі кетсе, бір 50-60 жас шамасында болар деп ойлағанмын. Бірақ, алдымнан жасы 90-ға таялған қарт шықты (Есболай аға 1929 жылы туған) қарт шықты. Қарт шебер ширақ қимылды, әңгімешіл екен. Мені бірден үйіне кіргізіп, ақтан ауыз тигізіп, әңгімесін бастады.

Есболай аға бұл өнермен 40 жылдан бері айналысып келеді. Ол колхозда, кейін мұнайшы болып жұмыс істеді, бірақ, қолы қалт еткен сәттерде қамшы өруге отырады.

- Кім не десе де, бұл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болып тұр. Өйткені, біздің өткен балалық шағымыз тым аянышты, тым қасіретті болды, - деп бастады қарт. – Менің кіндік қаным тамған жер осы ауданға қарасты «Айбас» құмы. Менің сәби шағымда ашаршылық етек алып, әке-шешем бес баласымен Астрахан жақтағы «Қалмақ қырғын» жеріндегі жиенін сағалап барады. Барса, ол жақтағы елде түрлі жұқпалы дерт жайлап, ашаршылық екінші жақтан қысып, өте күйсіз жағдайға жеткен. Сол жақта жұқпалы дерттен шешем қайтыс болды, сонда баланың кішісі мен екі жаста екенмін. Әкемнің де қалі нашарлаған соң, нағашым бұл жайтты естіп, өзі барып әлсіз әкемді өз алдына алып, бізді түйенің қомына тығып, «Айбасқа» алып келеді. Біз осылайша тірі қалдық. Бұл туралы әкем айтып отыратын.

Есболай қарт Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тоғыз жаста болған екен. Әкесі Қуат шопан болып еңбек етті, колхоздың 240 сиырын бақты. Құдық үш, төрт шақырым жерде болатын, Есболай бала болса да су тасу, жем-шөп дайындау, түнгі күзет, т. б. шаруаларға көмектескен.

- Әкем өте еңбекқор адам болатын. Қолы бос кезін көрмеппін, үнемі іспен айналысып отыратын. Көбіне қамшы өреді, мен қасында соны көріп өстім. Басында алып кел, барып келге жұмсап, кейін өнерін маған үйрете бастады. Әкем жасаған қамшыларды екіге бөліп жасайтын. Сәндік үшін алатындарға безендіреді, ал күнделікті тұрмысқа мықтылау болғанын қадағалайды. Осындай еңбегін көп пұлдамайды, тамаққа ауыстыратын. Осылайша, отбасын асырады, - деп еске алады шебер.

- Қамшының жасалуына тоқталсаңыз...

- Қамшы жаңа сойылған сиырдың терісінен жасалады. Астаудағы 30 литр айранға бір теріні салып қоямын. Тұз салынады. Екі, үш күнде аударып, төңкеріп қою қажет. Осылайша, айға жуық астауда тұрады. Содан кейін терідегі жүн сыпырылып түсіп қалады. Одан кейін теріні уқалау, тоқпақтау, илеу, сыдыру жүреді. Оның бәрі ағаштан жасалған станогым арқылы атқарылады, оның «тез», «ақжігіт» деген атаулары бар. Одан кейін терінің қыртысын жазу жұмысы жалғасады. Қамшының сабы ағаштан жасалады. Оны күнге кептіріп, тезге салып түзейді.

- Бір қамшыны жасауға қанша уақыт жұмсалады?

- Әкем қамшы өруді үйретпестен бұрын шыдамдылық пен төзімділік керек екенін баса айтқан болатын. Шынымен де, қамшы өру көп уақытты талап етеді, мұнда ерінуге орын жоқ. Бір сиырдың терісінен алты қамшы шығады. Қамшының түрі бар, төрт, алты, сегіз, он өрме. Жұмыс салқын мезгілде жүреді. Ыстықта тері қурап, жасатпайды. Қамшыны тапсырыс бергеніне қарай жасап отырамын.

- Қамшыға кімдер тапсырыс береді?

- Көбіне малшылар, фермерлер. Одан бөлек, сәндік үшін алып, үйіне іліп қоятындар да бар (қазақ халқында ерте заманнан қалған «қамшы тұрған үйге жын-пері жақындамайды» деген наным бар. – Л.Қ.). Бүгінде бір қамшыны 6-7 мың теңгеге бағалап отырмын.

- Қамшы өруді үйренуге ықылас білдірушілер бар ма?

- Немерем Батырбектің ықыласы ауған, соған үйреттім. Атыраудан да келіп үйретші дегендер болды. Айтады, ниеттері жоқ. Ал бізге ата кәсібімізді ұмытуға болмайды.....

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

29 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.