23 желтоқсанда Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ өткізген брифингтің басым бөлігі қоғамдық көлік тақырыбына арналды.
Одан бұрын болған әкімнің кезінде Атырау орталық диспетчерлік қызметі енгізілді, автобустар GPS жүйесімен жарақталды, аялдамалардың бірқатары ақпараттық таблолармен жабдықталды. Алайда бәрі тек қағаз жүзінде ғана керемет еді. Табло көліктің нақты қозғалысын көрсетпейді, жүргізушілер көбінесе GPS-трекерлерді ажыратып тастайды.
Жаңа қала басшысы 30 маршрутқа қызмет көрсететін 8 тасымалдаушымен кездесу өткізді. Олардың айтуларынша, проблема сыйымдылығы 100 адамға дейін болатын үлкен автобустардың жетіспеуінен орын алып отыр екен. Нәтижесінде, айталық, қызмет көрсетуі тиіс 20 автобустың орнына 8 автобус шығады. Әрине, бұл қала тұрғындарына қолайсыздық тудырады.
- Біз қазір тасымалдаушылармен келіссөз жүргізудеміз, олар маршруттардың шығынды екендігін алға тартады. Мұндай жағдайда заңда субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған, біз осы мәселені анықтап жатырмыз. Сонымен қатар, олардан паркті жаңартуды талап етеміз. Ал электронды таблоға, GPS-треккерлерге келер болсақ, бұл жүйені жетілдіретін боламыз, - деп уәде берді С.Шапкенов.
Үлкен автобустары жоқ тасымалдаушылар маршруттарды бөлу тендеріне қалай жіберіледі деген сұраққа ол, біріншіден, ереже бойынша тасымалдаушылар автокөлікті жалға ала алады, екіншіден, егер билік маршруттарға қызмет көрсетуге тыйым салуға дейін қатаң шаралар алатын болса, онда қалада көлік коллапсы туындауы мүмкін деп жауап берді.
Жаңа Нұрсая, Болашақ, Тұлпар ықшамауданарының тұрғындары қалаға баратын маршруттардың дұрыс ойластырылмағандығына шағымданады. Бұлар №4 және №30«а» (бұл да екіге бөлінеді) маршруттары және бұлардың ешқайсысы Сәтпаев немесе Азаттық даңғылдары арқылы жүрмейді. Қажетті жерлеріне жету үшін тұрғындарға қаланы шыр айналып жүруге тура келеді. Нұрсаядан «Динаға» жету бір сағаттай уақытты құрайды.
- Маршруттарды әзірлеумен мамандандырылған мекеме айналысуы тиіс. Олардың қызметкерлері бүкіл нюанстарды: жүру ұзақтығын, тоғысу мүмкіндігін және т.б. ескеруге міндетті. Маршруттың ұзындығы 3 километрден аспауы тиіс. Ал бізде 9 километрге дейін созылатын маршруттар бар, - деп жауап берді Серік Шапкенов. – Келесі жылы осындай мамандардың көмегімен маршруттарды қайта әзірлеуді бастаймыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА