Бүгін, 21 желтоқсанда үйлерінде орын алған төтенше жағдайға («№89 үйде подъездің төбесі опырылып түсті») билік тарапынан еш қозғалыс болмаған соң, Жарбосынов көшесі, №89 үйдегі бес отбасының өкілдері қала әкімі Серік ШАПКЕНОВПЕН кездесті.
Қала басшысына баспасөздің қатысқаны ұнамады, сөйтіп ол залда суретке түсіруге тыйым салды. Азаматтарды әдеттегі қабылдау кезінде мұндай тыйым неліктен салынып отыр деген фототілшінің сұрағына әкім ашулы түрде «болмайды» деген қысқа сөзбен шектеліп, жауап бермеді.
– Бір аптадан астам уақыт бұрын біздің подъездің төбесі опырылып қалды. Бірақ әкімдіктің немесе ТКШ өкілдерінің бірде біреуі бізге келген жоқ. Біздің сіздерден қай жеріміз кем? Біздің балаларымыздың сіздікілерден қай жері кем? Ал олар мертігіп қалған болса ше? Сіздің аппарат біздің ақшамыздың, салық төлеушілердің қаржысымен жұмыс істеп отыр. Ендеше, сіздерде біз үшін баспана жоқ деген принцип қайдан шықты, бұл не деген сөз? Егер бізге айтылғандай, пәтерлер болмаса, онда біз ақша талап етеміз, - дейді үй тұрғыны Майра ҚҰСПАНОВА.
Үйде 16 пәтер бар (олардың бірінде пошта бөлімшесі орналасқан, тағы екеуі біріктірілген, енді ол жерде туысқан 21 адам тұрып жатыр). Негізінен барлығы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар. Майраның айтуынша, Тасмағамбетовтің тұсында ол ғимаратты жөндеу өтінішімен жүгініпті. Бірақ оған үйдің апатты екендігін, «қызыл сызықта» тұрғанын айтып, жөндеуден бас тартып, 2000 жылдан кешіктірмей күреп тастауға уәде берген.
2003 жылы олардың ауданында су құбырын ауыстырып, үйді судан ажыратып, тағы да ресми түрде үй апатты деп танылғандықтан, жаңа тұрбаны жүргізбеген. Нәтижесінде үй тұрғындары 9 жыл бойына сусыз өмір сүрген. Көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар ретінде осы себепті олар тұрғын үй жағдайын жақсартуға кезекке тұра алмаған.
Күреуге жетпеген үй тұрғындарының кейбірі біртіндеп о дүниеге аттанып кетті, бірнеше адам туберкулез салдары мен өкпе ауруынан көз жұмды. Тұрғындар олар ескі үйде пайда болған сыздан сырқаттанды дейді.
– Қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат КЕНЖАЛИЕВТІҢ «Ақ Жайық» газеті үшін берген комментарийінде бізге Нұрсая мен Алмагүл ықшамаудандарынан пәтерлер ұсынылғаны айтылған. Бірақ бізге ресми түрде ұсынылған жоқ. 2007 жылы бізді ТКШ шақырып алып, өтемақы ұсынды: 2 бөлмелі пәтер үшін 60 мың доллар, үш бөлмелі пәтер үшін – 70 мың доллар. Бұл дағдарысқа дейін болған еді, сол кезде де бағалар анағұрлым жоғары болды. Біз «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның негізінде өз ауданымыздан осындай баспана сұрадық. Содан кейін біз – мен және тағы екі отбасы – қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ қабылдауында болдық. Ол Нұрсаядан пәтерлер ұсынды. Біз: барғысы келетіндер көше берсін дедік. Ал біз орталықта қалғымыз келеді. Оның үстіне, біздің төңірегімізде қаншама үй салынып жатыр. Кейінірек ол біздің отбасымызға үлкен өтемақы ұсынды. Мен бізбен бірге тағы бір туысымыз тұратынын айтып, ол үшін бір бөлмелі пәтер сұрадым. Бәрін келіскендей болдық, алайда Айдарбеков істі соңына дейін жеткізе алмады. Ол қала әкімі лауазымынан кетіп қалды, - дейді Майра Құспанова.
Басқа да тұрғындар сөз сөйледі. Олар бұл үйде енді тұру мүмкін еместігін, оларға лайықты өтемақы төлеуді немесе өздері үйренген сол ауданнан пәтер беруді сұрайды.
– Бүгінде біздің алдымызда алдыңғы кезекте екі мәселе тұр – жолдар мен апатты және тозығы жеткен 15 үйді – жатақханалар мен ескі екіқабатты үйлерді күреу. Заң бойынша, егер апатты үйде опырылу қаупі төніп тұрса, онда әкімдік тұрғындарды шығарып, мемлекет мұқтаждығы үшін жер алуды ресімдеп, адамдарға пәтерлер бөлу керек. Бірақ мұндай жағдайда баспана жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Олар тұрғын үй жағдайын жақсартуға кезекке тұра алады және осының нәтижесінде алынған пәтерлер оларға толықтай тиесілі болады. Мемлекет мұқтаждығына жер алу кезінде өз механизмі әрекет ететінін ескеру керек, міндетті түрде баспанаға бағалау жүргізіледі, апатты үйлердің жағдайын ескерсек, ол жоғары болмауы мүмкін, - деді С.Шапкенов.
Үш сағаттық кездесу нәтижесінде тараптар ымыраға келді: мемлекет мұқтаждығы үшін жер алу бағдарламасы бойынша күреуге келісіп, орнына Нұрсаядан жекешелендіру құқығымен пәтерлер немесе ақшалай өтемақы алады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН