Жарбосынов көшесіндегі №89 апатты үйде екінші қабаттың төбесі опырылып қалды. Бағына қарай тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
1950 жылы салынған апатты ғимарат 2014-2020 жылдары апатты және тозығы жеткен үйлерді, жатақханаларды күреу жөніндегі облыстық бағдарламаға кіреді. Ғимараттар тізімі 2014 жылдың сәуірінде облыстық мәслихаттың 22-ші сессиясында бекітілді. Ал бұл үй 2015 жылы күрелуге тиіс болатын.
– Кеше кешкі сағат 10-дарда подъезден қатты гүрсіл естідік. Бірақ подъезге шыға алмадық. Төбеден құрылыс қоқыстары төгіліп, шаң-тозаң көтерілді. Мұның кешке орын алғаны жақсы болды, алаңда ешкім жоқ еді. Тоғыз жылдай уақыттан бері бізді көшіреді деп күтіп жүрміз, - деп әңгімелейді Роза ТАЙЛЫБАЕВА.
– Үйіміз салқын, жылу жоқ, газ жоқ, газ баллонының көмегімен тамақ әзірлейміз, ал бұл осындай ескі үйде жарылыс қаупін тудырады. Біз көшіру бағдарламасына жеті миллиардтай теңге бөлінгенін білеміз. Біз әлі осы жерде отырсақ, бұл ақшалар қайда кетіп жатыр? Бізге жаңа пәтерлерді өткен жылы беруге тиіс болатын, - деп наразылық білдірді екінші подъездің тұрғыны Майра ҚҰСПАНОВА.
– 13 желтоқсанда сағат 21.43-те Жарбосынов, 89 мекен-жайында ағаш тақта жабынының опырылу қаупі төніп тұрғаны туралы ақпарат түсті. Бұл жабынды Батыс өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағының қызметкерлері бұзып тастады. Қазір осы фактімен Атырау әкімдігі айналысуда, - дейді Атырау облыстық ТЖБ бас маманы Ринат ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тақтаның опырылу қаупі жоқ, өйткені оны құтқарушылар алып тастаған. Алайда мен барған кезде, дәлірек айтқанда, 14 желтоқсанда сағат 15-те екінші қабатқа көтерілетін баспалдақты, шамасы, төбеден түскен болуы керек, құрылыс қоқысы басып қалған. Екінші қабаттың тұрғындары кішкентай балаларымен екінші қабатқа қоқыс үйіндісінен қалай шығатындарын ақылдарына сыйғыза алар емес. Алайда, ауыр жағдайға қарамастан, апатты үй тұрғындары жаңа баспана туралы армандай алмайды. Қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат КЕНЖАЛИЕВТІҢ айтуынша, бұған үй тұрғындарының өздері кінәлі екен:
– 2011-2012 жылдары оларға Нұрсая мен Алмагүл ықшамаудандарынан әлденеше рет жаңа пәтерлер ұсынылды. Алайда тұрғындар: біздің үйіміз қаланың қақ ортасында орналасқан, сондықтан осы ауданнан баспана ұсыныңыздар деп, үзілді-кесілді бас тартты. Тұрғындардың жүз пайыздық келісімі болмаған соң, оларды көшіру үнемі кейінге қалдырыла берді. Ал қазіргі кезде мемлекеттік тұрғын үй қорында олар үшін баспана жоқ. Осы желтоқсанда алты апатты үй күреледі, сол үйлердің бұрынғы тұрғындары 100-ден астам үй алады.
Мен әкімдік ең болмаса осы адамдар үшін уақытша баспана жалдай ала ма деп сұрадым. Мәселен, көктемде үйлері суға кеткен тұрғындар үшін баспана жалдап берген болатын. Алайда бұл сұраққа:
– Бізден су басқаннан кейін әлеуметтік қамту бөлімі арқылы 50 адам пәтер сұрап отыр. Жыл аяғына дейін оларға 24 пәтер бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал Жарбосынов көшесі, 89 мекен-жайындағы тұрғындар үшін баспана жоқ. Бәрі бөлініп қойылды, - деген жауап алдым.
Зульфия ИСКАЛИЕВА