Біз кезінде Жанатбек ЖАҚЫПОВПЕН (суретте) КазГУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыдық. Салмақты жүрісі, сабырлы кейпі, салиқалы ойы, өзіндік пікірі оны өзгелерден бөлектетіп тұратын. Қаншама жылдар өтсе де біздің бір-бірімізге деген жылы қарым-қатынас үзілген емес. Жанатбек 1986 жылдың 16 желтоқсанында Геннадий КОЛБИННІҢ Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалуына қарсы болып, бейбіт шеруге шыққан жастардың бірі. Сол қасіретті оқиға оның есінде мәңгі сақтаулы. Бұл күні кеше болған сияқты.
«НЕ ТҰРЫС? КЕТТІК, ЖІГІТТЕР!»
... Желтоқсан оқиғасы болғанда мен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс жасап жүргенмін. 17 желтоқсан күні таңертең жұмысқа келсем, қызметтестерім ашу-ызалы, абыр-дабыр әңгіме үстінде. Олардан пленумда Қонаевты орнынан алып тастағанын, алаңда осыған қарсылық нышаны ретінде жұртшылықтың жиналып жатқанын естідім. Мен «Не тұрыс? Кеттік, жігіттер!» дедім. Осы жерде айта кету керек, бастығымыз, марқұм Ізтөле ІЗМАҒАНБЕТОВА түсінігі кең, мейірбан жан еді. Ол бізді тоқтатпады, іштей тілеулес екенін көзінен ұқтық.
- Алаңға келген соң не көрдіңіздер?
- Алаңдағы жастарға біз Фурманов пен Ленин көшелерінің қиылысында қосылдық. Біз Фурманов көшесі бағытындамыз. Толған адам, көбі студенттер. КГБ жігіттері, үгітшілер, кезекшілер, жансыздар да жүр арамызда. Бірақ, біз олардан қорыққан жоқпыз. Біз орталық алаңға қарай ойыстық. Біздің алдымызда милицияның «тірі шебі» пайда бола кетті. «Қазақфильмнен» келген еті тірі оншақты жігіт көпшілікті бастап келеміз. Қалайда орталық алаңға барамыз деп ұйғардық, бейбіт түрде. Басқа бөтен ойымыз болған жоқ. Басынан мені аңдумен болған КГБ-да жұмыс істейтін орыс жігіті мені шап бере ұстап, қолымды бұрап, ППМ (көшпелі изолятор) машинасына дедектете күштеп кіргізді. ППМ ішіндегі ұлты армян майор сұрақтарды жаудыртты. «Кім ұйымдастырып жүр? Сендерге не жетпейді?» деп сұрады. Мен жауап бермедім, екі көзім терезеде, көтерілісшілер шепті бұза бастады. Текетірес нағыз алаңның шетінде орын алып жатты. Енді қолына түскендерін машинаға әкеліп тыға бастады. «Қазақфильмнің» алты жігіті, Арыстан, Қабдырахман, Құсман, Алтынбек, Серік. Тағы бөтен екі жігіт болды. Жарты сағат уақыт шамасында милиция мен ереуілшілер арасында уақытша келісім орнап, олар бізді босатты.
АЛАҢДАҒЫ ЕРКІНДІК СӘТІ
Түске дейінгі алаңдағы жайсыздықтан шошынып қалған кейбір жігіттеріміз райынан қайтып қалыпты. Дегенмен, сағат 16.30 шамасында алаңға қайтып келдік. Мен ұжымда комсорг болатынмын. Алаңда қалқан дубинкалары бар, каскалы солдаттар қаптап тұрды. Жастарды алаңға жібермей тұр. Шепті бұзған тәжірибеміз бар, бұзып жара өттік. Алаңдағы жастар қол ұстаса шеп құрып тұрмыз. Адамдар Ресей империясының құлы болып келгенімізді, тәуелсіздік жолында күресетінімізді айтты. Қазақ халқының бодандықтың кесірінен ашаршылық орнап қырылып қалғанын, сан адамдардың полигоннан зардап шеккенін, жағдайдың болмауынан туберкулез ауруының меңдеп кеткенін және тағы басқа басты-басты мәселелерді көтерді. Алдымызда қолында домбырасы бар жігіт Шәмшінің «Менің Қазақстанымды» бастады. Бәріміз дауыстап, патриоттық әндерді шырқап тұрмыз. Ұрандарға қосылып қоямыз. Біз біресе отырып, біресе түрегеліп, алаңға жиналуымыздың бейбіт шеру мақсатында екенін білдіріп тұрмыз. Бір кезде ереуілшілер жақтан қар, мұз, мрамор сынықтары солдаттарға қарай лақтырыла бастады. Біз жанұшыра алға шығып, «бұлар провакаторлар, қойыңдар, ермеңдер оларға! Оларды ұстаңдар, бейбіт шеруімізді басқа мақсатқа пайдалануда! Онда үкіметтегілермен диалог болмайды!» деп жан ұшыра айғайлады. Қанша шырылдап, басу айтқан болғанымызбен бұл бассыздықты жүгендей алмадық. Шынында, бұлар арамызға әдейі кіргізілген провакаторлар еді. Бір кезде солдаттар каскаларының әйнегін біртіндеп төмен түсіре бастады. Қолдарындағы дубинкаларын жоғары көтере «уралап» бізге қарай лап қойды.
КОНЧАЛОВСКИЙДІҢ АҚ ШАРФЫ
Біздің аяғымыз күннің аязында мұзға жабысып қалғандай. Жайлап шегіне бастадық, «Қазақфильмде» бірге жұмыс жасайтын Үміт маған жалт қарап: «шегінбеңдер!» деп қатты жекіп қалды. Үміттің отты көздеріндегі қайсарлықты көріп, бойымды, ойымды жиып алдым. Шептің бірінші қатарында тұрған мен көршілерімнен қолымды босата ұрандата солдаттарға қарсы шаба жөнелдім. Менің артымнан бәрі атой салды. Екі жақ мидай араласып кетті. Біз жалаңқол, олар қарулы - қолдарында сепарлары мен дубинкалары болатын. Нағыз қырғын басталды, біресе біз, біресе солдаттар шегінеді. Қанжоса болдық. Бір кезде солдаттар бұйрық алып, өз позициясына барып тұрды. Ал біздің ойымыз – соғысуға болады екен, бізбен сөйлеспесе осылай болады болды.
Арамыздан бір қыз атып шықты, әскермен екіара 15-20 метр шамасындай. Қыздың артынан бір жігіт ерді. Әлгі қыз әбден ызаланған, жетіп барып «неге өз халқыңа қол жұмсайсың?!» деп, қазақ солдатын жұлқылай бастады. Сол кезде топтан шыққан бір солдат қыздың басынан дубинкамен ұрып жіберді. Қансырай құлаған қызды қасындағы жігіт құшақтай алды. Мынадан кейін төзіміміз таусылды. Мен ұмтылдым, қасымдағылар да лап қойды. Жоғарыда дауыс зорайтқышпен: «поймайте в белом шарфе!» деп айғайлап жатты. Менің мойнымда тізеге дейін созылған ақ шарфым болатын. Мұны Қаныбек деген бауырым сыйға берген еді. Оған орыстың атақты режиссері Андрей МИХАЛКОВ-КОНЧАЛОВСКИЙ берген екен.
«МЕНІ ӨЛТІРІП ЖАТҚАНЫН ТҮСІНДІМ»
...Осы кезде қантөгіс, майдан басталды. Есінен танып құлаған қыз-жігіттер... Осылай төбелесіп жүргенде көп солдаттың ортасында қалай қалып қойғанымды байқамай қалдым. Алысып-жұлысу басталды. Бір кезде дубинканың қатты соққысынан ұшып түстім, жерге құладым, мені аямай тепкіге алды. Мұрным кірт ете түсіп, жылы қан сауылдай ағып жатқанын білемін, көз алдымда тепкілеген көп керзі етіктер, бұдан кейін есімнен танып қалдым. Есім трубинаның мрамор басқышы тұсында кіре бастады. Екі солдат екі аяғымнан сүйреп келеді, жүрген сайын басым төмендегі басқышқа соғылады. Олар мені сүйреп трубинаның артқы жағына әкеліп, төрт солдат «бір, екі, үш!» деп, лақтырып келіп жіберді. Жұмсақ бірдеңенің үстіне күмп ете түстім. Сөйтсем, адам денесі екен. Толып жатыр. Мен солардың үстіне түскенмін ғой. Енді менің үстіме адамдарды лақтыра бастады, демалу қиындады. Менің қимылдай бастағанымды көрген бір солдат айғайлай: «Әне, біреуінің жаны кіріп келеді!» деді де аяғымнан сүйреп шығарды. Тұрғызып қойып, бірі ұрды, екіншісі, үшіншісі... шеңбермен айналдыра соққыға алды. Әлсізбін, көз алдым дөңгелене бастады. Көзім ППМ-ға тиеп жатқан қыз-жігіттер де болды. Бар күшімді жинай шеңберден сытыла ППМ машинасына ұмтылдым. Қас қылғандай изолятордың тор есігі мен жеткенде тарс жабыла қалғаны. Мен тор есікке жабысып айрылмаудамын, солдаттар кері тартқыштап, дубинкамен қолымды ұрғылап жатыр. Сонда бір саусағым шығып кеткен, кейін сол күйінде қалып қойды. Кім, қалай кіргізгені есімде жоқ. Көзімді ашсам, изолятор машинасындамын, қыз-жігіттер лықа толы. Үстімізге тиеп жатыр. Біздерді С.Сейфуллин мен М. Мәметова көшелерінің қиылысындағы ІІБ-не бір-бірлеп қолымыздан қайырып кіргізді. Бұл кешкі сегіздер шамасы болатын.
«ҚОРЫҚПАҢДАР! БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАН КӨТЕРІЛІП ЖАТЫР»
- Бұдан кейін не болды? Сіздерді жіберді ме?
- Олар қайдан жіберсін. Жауап алу басталды, сұрақтарынан ұрып-соғулары басым. «Кім ұйымдастырды, кім жіберді?» деген жаттанды сұрақтан кейін сілемізді қатыра изоляторға әкеліп сүйреп тастайды. Камерада отырғандар мұның ақыры жақсы болмайтынын түсініп, құтылудың жолын қарастыра бастадық. Артық сөзге бармай «жұмыстан келе жатып, көпшілікті көріп келіп қалдық» деуден танбадық. Балалар жүр арамызда, біреуін құтқарам дегенде көк желкемнен бір қойып, тепкілеп тастады. Сонда тілімді қатты тістеп қалып, ісіп кетті. Кейін жауапқа шақырғанда сөйлеуге әлім келмеді, оны әдейі жауап қатпай тұр деп таңға дейін тағы соққыға алды. Адам көп, сыймай жатырмыз. Бізді Белинский көшесіндегі ІІБ-не әкелді. Мұнда да толған адам, изоляторда орын жоқ. Күн суық. Бізді далаға бірнеше сағат отырғызып қойды, суық өтіп бара жатқасын тұрайын десең, дубинкамен ұрады. Бұл жерде милиция емес, жай киімді адамдар жауап ала бастады. Бірде әбден соққыны жеп, сүйреп әкеле жатқан бір қазақ милиционер: «Қорықпаңдар! Бүкіл Қазақстан көтеріліп жатыр» деп құлағыма сыбырлады. Сыртқы дүниемен байланысудан қалған маған бұл сөз күш-жігер бергендей болды. Енді қалғанына көнемін деп шештім.
Кейін көшпелі сот отырысы болып, «бұзақылық» бабымен іс қозғап, айыппұлмен шықтым. Мұрным сынған, саусағым шыққан, денемді салқын алған күйі босап шықтым...
Емделіп шыққан соң жұмысқа келсем, кейбіреулер менімен сөйлесуге қашады. Комсомолдан шығарып тастады. Мен Мәскеуге оқуға бару үшін мінездеме ала алмай қиналдым. Мінездемеме «Алматыдағы оқиғаға қатысқан, комсомолдан шығарылған» деген сөздер жазылды. Мұндай мінездемеден кейін мен оқуға қабылданбадым. Кейінгі жылдары «жағдай басқаша орын алып», сол оқиғаның қатысушыларына деген көзқарас өзгерді.
Бүгінде Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толып отырса да, бұл оқиға әлі күнге дейін өз деңгейінде толық ескерілмей жатыр, өкінішке орай.
Жазып алған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Жанатбек ЖАҚЫПОВ - Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген. Алматыдағы О. Таңсықбаев көркемсурет училищесін, КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында суретші аниматор, қоюшы суретші, сценарист, режиссерлік қызметтер атқарған. Еуразия және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, Халықаралық дизайн және сән көрмелерінің лауреаты. Бүгінде Л. Гумилев атындағы Еуруазия ұлттық университетінің «Дизайн» кафедрасының доценті. «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана филиалының басшысы.