Атырау, 22 желтоқсан 20:07
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Тұрмысың қалай, индерлік шаруа?

9 282 просмотра

Иен даладағы жолсызбен басып келеміз. Мақсатымыз Индер ауданындағы шаруалардың қыстық  тұрмыс-тіршілігімен танысу. Өйткені,  жергілікті биліктің берген ақпары  рас болса, Индерде  18 мыңнан астам сиыр, 100 мыңға тарта қой-ешкі, 6 мың жылқы мен 3 мыңға жуық  түйе бар. Олар қыстан  қалай  шықпақ?

Қыстақ болса да оның қысты күнгі  келбеті өзінше бір әдемі сурет екенін қаладағылар біле ме екен деп ойлаймын іштей. Сай-сала омбы қарға көмілген. Бұдан бірнеше жылғы сүрлеу жолдар жүре-жүре тереңдеп, қар кеулеп, толған. Әккі жүргізуші болмаса сол қар толған сүрлеуден шыға алмай, далада қалуың да ғажап емес. (Бірақ мен біздің  жүргізушіміз Смадиярдың  тәжірибесіне  күмәндан-баймын).

Біз бұл сапарда үш-төрт шаруаның үйіне кіріп, қыстың қаҺарлы күндерін қалай өткізіп жатқанына куә болдық. Былтырғыдай емес, малшылар бұл қысқа мұқияттылық танытыпты. Жазғы жайылыстың тапшылығынан қысқа малдың қоңсыздау түсуі, шөптің аздығы және қыстың ұзаққа созылуынан өткен жылы әр қыстақтан елу-алпыс қой арам өлген болатын.

- Шаруаның бір қателігі, қыстай малды далаға жайып шығамыз деп шөпті аз алады. Сол бізге сабақ болды, енді әркім барынша шөпті молырақ алуға тырысқан, - дейді малшылар.

Қыстақ қарауытып көрінгенде шәуілдеген иттер жарыса алдыңнан шығады. Бұл жолы да «Доңғадағы» қыстақтан тайыншадай екі ит көрінді арсалаңдап.

Қойнауы құтты “Доңғада”

Қазақтар ат қойғыш қой. Естуімше, дөңді жер болғасын қыстақ та солай аталыпты. Бұл қыстақтың қожасы - Саламат САПАР. Оның  балалық кезінен бастап  бүкіл өмірі осында өтіп келеді деуге болады. Әкесі Төлеген ауданға белгілі шопан болған. Сол көпбалалы отбасыдан шыққан Саламат малшы таяғын ұстап қалыпты. Жасы қырыққа жақындаған ол қызығынан гөрі қиындығы басым малшы кәсібін қиынсынып көрген емес.

- Мен осы жүргенде көмекші де алмаймын. Әйелім мектеп жасындағы үш баланың қамымен көршілес Аққала ауылында пәтер жалдап тұрып жатыр, арасында келіп тұрады. Мал туғасын көмектесейін деп ағамның қолындағы анам келді уақытша. Суын, қиын тасып беремін, менің тамағымды пісіріп, үйді жылытып отырса болғаны. Қалған малды шөптеу, суару, қора тазалау, бәрін, бәрін жалғыз өзім атқарамын,-дейді Саламат.

- Күнкөріс қалай?

- Ара-тұра мал сатамыз, болмаса жазда он қойды 3,5 мың теңгеге бағамын, ал ауылда қой кезегі бір күнде 2,5 мың теңге (500-600 бас) тұрады екен. Қалай еткенде де ақша көзін табуға тырысасың, әйтпесе тек малмен отбасын асырау оңай емес.

Саламат 140 қой, ешкі, ондаған сиырға жалғыз өзі қарайды. «Өзім дегенде өгіздей қара күшім бар» деген осы.

Жырақұдық пен Қызылтөбе

Алдағы күнді болжап болмайды, дегенмен шағылда отырған шаруалар малын әлі далаға жайып жүр. Шығыстан бірнеше күн соққан қатты жел малдың күйіне де әсер етіпті. Осындай ызғырық жел мен қыстың аязды күндерінде мал бағу да оңай емес. Сондықтан болар, «Жырақұдықтағы» Самат БЕЙІ-СОВ екі адамды жалдап алыпты. Ай сайын ақшасын береді, тамағы тегін. «Қызылтөбедегі» Тілекқабыл БАХИТОВТЫҢ отбасына жиырма жылдан бері сіңісті болып кеткен Сашканың еңбекқорлығы бір басқа екен. Мал басы өскен сайын жұмыс да бірнеше есе көбейеді. Малшы өмірі өркениеттен мүлдем тысқары қалды деп айтуға болмайды, телефон байланысы, телевизор, радио мұнда бар. Тіпті газетті де алдыртып оқиды. Ал қыстақтардың қасындағы тау болып үйілген қиды мезгіл-мезгіл жағу оңай емес. Тегін отын дегенмен, жылуды қатты ұстамайды. Жетпістегі Жәния апа, Айман түнгі он екіге дейін қи жағатынын айтады, түнгі үштен бастап қайта суытады екен. Ондайда таң атқанша қалың көрпе де бұйым болмайды. Таң атар-атпас қиды пешке тағы қатарлап қалай бастайды, қазандық үстінде жуынатын жылы су мен шайнек, түннен қалған тамақ бірге ысиды. Төрт бөлменің екеуін пайдаланады, қалғандарына бас та сұқпайды. Күн жылынып, көктем шыққанша осы азапты күндерден құтылу мүмкін емес көрінеді. Бірақ денсаулықтарының мықты екенін айтады малшылар. Алпысты алқымдаған Тілекқабыл мен Жаңыл Бахитовтар қан қысымы не екенін білмейміз деседі. Оны малбегілер таза ауа, табиғи  тамақтың арқасы дейді. Жаңылдың дастарханында былғаған сары май, құрт үзілмейді, қыстық соғымды жаңа жыл қарсаңында сойып алған.     

Соғым демекші, соңғы үш жылда базардағы ет бәсі бірнеше есеге өсіп кетті.

«Еттің бағасын аздандатуға болмай ма?» деп сұраймын шопандардан.

- Қалай арзандатасың, мал бағудың бейнеті көп қой. Ішімі, жемі, киім-кешек, тұрмысқа қажетті шығындардың бәрі малдан шығады емес пе. Басқалай табысымыз жоқ қой,-дейді Есқабыл ЖҰМАҚҰЛОВ.

Өкініштісі сол, шаруа еңбегінің құны жоқ. Ет сатушыларға килограмы екі жүз теңгеге дейін ұтылудан басқа, көлік шығыны, басқа құжаттар дайындаудағы қаржыларды есептегенде 20-30 мың теңгеге «желінетінін» айтады малшылар. Малдың жүні, терісі өтпейді. Тіпті тонналаған жүнді өртеп жіберуден басқа амалдары қалмайды екен. Соның бәрі тиын-тебен құраса ет мұншама қымбат та болмас па еді!?

Қасқыр - қорада, мылтық -полицияда

Ауыл шаруашылығын қолдау тек қағаз жүзінде. Бұдан бұрынғы жылдары малшылар сатып алған шөптеріне облыстық бюджеттен белгілі мөлшерде ақша алатын. Индер ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Сәулет ЕСЕТОВТЫҢ айтуынша, 2010 жылы 500 қой, 50 ірі қара өсірген 15 шаруа қожалықтары белгілі мөлшерде сатып алған шөптеріне бюджеттен ақша алған. Соңғы екі жылда бұл да жоқ көрінеді. Бәрінен бұрын түз тағысының тыным бермеуі бұларды әбден ығыр қылған. Мәселен, өткен айда бір шаруаның көп қойын ауланы тесіп кірген қасқырлар қырып кетіпті. Ал қасқырды ататын мылтық малшыларда жоқ болып шықты. Полиция заңдылығын тексеріп, біразын жинап кеткен. Енді құр қол қасқырды аулау мүмкін емес көрінеді.

Қыстың соңғы айына санаулы күн қалғанда кәрі құда  қаһарына мінгендей. Кеш түсе бастағанда қар қылаулап, боран соға бастады. Біз кейін қайттық.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

1 ақпан 2012, 21:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.