Атырау, 28 қараша 04:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қашаған: Президент «іске қосу» түймесін басты

Сурет
4 223 просмотра

7 желтоқсанда Атырауға келген Н.Назарбаев Қашаған жобасының бірінен соң бірінің іске қосылуын Салтанат сарайынан телекөпір форматында бақылады.

«ТРАМП МАҒАН ҒАЖАЙЫП ЖАСАҒАНЫМЫЗДЫ АЙТТЫ»

Осының алдында журналистер үшін қазіргі уақытта кеніште 40 ұңғыманың 8-і пайдаланылатыны туралы ақпарат айтылды. Ағымдық тәулік сайынғы мұнай өндіру көлемі – тәулігіне 100-120 мың баррель. Мұнай өндіру көлемін келесі жылдың аяғына дейін тәулігіне 370 мың баррельге дейін қауіпсіз және біртіндеп көбейту мақсатында іске қосу-реттеу жұмыстары жалғасуда.

Іс жүзінде бүгінгі «Қашағанды іске қосу» - шартты шара. Қыркүйектің аяғында North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы сынақ түрінде мұнай өндіріле бастағаны туралы хабарлады. Қарашада министр Бозымбаев коммерциялық мұнайдың жөнелтіле бастағаны туралы ресми мәлімдеген еді: «28 қыркүйекте сынамалы мұнай өндіру басталғалы тауарлық мұнайды өндіру 479 мың тоннаны, тауарлық газды өндіру 97 млн текше метрді құрады».

Бүгін шараның ресми бөлімі өтті – бір ай бойына үзіліссіз жұмыс жасап тұрған тұрба құбырының сенімді екеніне көз жеткізген соң мемлекет басшысы миллиондаған қазақстандықтардың көз алдында «іске қосу» түймесін басты. Телекөпір 20 минуттай уақытқа созылды. Түрлі нысандағы – Қашағандағы, Қарабатандағы («Болашақ» зауыты), КТК және КТО мұнай айдау станцияларындағы ұжымдар монитор экранынан елбасымен амандасып, өз қызметтерін қысқа ғана таныстырып шықты. Президент НКОК, КТО және КТК компанияларының қызметкерлеріне алғыс білдіріп, ұлт игілігі үшін табысты жұмыстар тіледі.

Өзінің қорытынды сөзінде ол қазақстандықтарды ірі кеніштен мұнай өндіруді жалғастыруымен құттықтады:

- Қашаған кенішінің ашылуы әлемдік энергетика саласындағы соңғы 50 жыл ішіндегі ең орасан оқиғаға айналды. Оның қорлары 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мұнай мен 3 трлн текше метр газ деп бағаланып отыр. Қашаған қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін тағы бір ірі жоба болып табылады. Бәріңізді осы кеніштің іске қосылуымен құттықтаймын. «Сіздер Қазақстанда ғажайып жасадыңыздар», мұны мен айтқан жоқпын, мұны АҚШ-тың болашақ президенті Трамп біздің кездесуімізде айтқан еді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев әлемді шулатқан сөзді еске алып. – Демек, бұл біздің текке жұмыс жасамағанымызды, мұның нағыз табыстың тарихы екенін білдіреді. Осы жылдар ішінде біз дүние жүзінің картасында болмаған мықты мемлекет қалыптастырдық, біз оны құрдық. Еліміз жоғары халықаралық беделге ие. Біздің балаларымыз әлемнің 200 үздік университеттерінде оқиды. Олар келген кезде бәрінің Қазақстанды білетінін маған мақтанышпен айтады. Осы жылдар ішінде экономика 24 есеге өсті. Тікелей инвестицияның жалпы ағымы 300 млрд доллардан асады. Егер бізге қалай көмектескенін, несиелер бергенін есептесек, бұл триллион долларға дейін болатын шығар. Соның ішінде, осының арқасында бүгінде әлемдегі ең ірі кеніштердің бірінде жұмыс басталады. Осыған орай баршаңызды құттықтаймын. Ол біздің халқымызға қызмет етеді және елімізге өз қаржыларын, өз ақыл-ойларын жұмсаған компанияларға зор қуаныш әкелетін болады.

Сөз соңында Назарбаев «лас» өндіруден кетіп, өңдеу мен өндіріске көшуге талпынуға шақырды:

- Біз шикізат республикасы болдық, осы жерден мұнайды, кенді тасып шығарып, Ресейде, Белоруссияда, Украинада және т.б. жерлерде өңдеді. Бізге лас жұмыстар қалып отырды. Біз бұдан табанды түрде кетуге тиіспіз. Бұл үшін бәрі жасалуда.

Кездесу соңында президент мұнайгаз саласының үздік қызметкерлерін марапаттап, «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.

«50 МИЛЛИАРД ПА? ШАМАМЕН, СОЛАЙ»

Қашағаннан алғашқы мұнайды 2005 жылы күтті. Бірақ жоба әлі жетілдіріліп, мұнай өндіру уақыты алдымен 2007 жылға, содан соң 2011 жылға кейінге қалдырылды. 2013 жылдың қыркүйегінде іске қосылып, бірақ жылыстаулар, содан соң құбырдың жарылуы көптен күткен мұнай өндіруді екі аптадан соң тоқтатып тастады. Жүргізілген құбырдың сапасын тексеру қорытындысы бойынша оның теңіздегі бүкіл бөлігін ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыстардың құнын ресми тұлғалардың ешқайсысы ақыры атамады. Айта кету керек, бүкіл жобаның құнына қатысты да нақты цифрлар айтылмады. Министр Бозымбаев тағы да инвестицияның жалпы сомасын атаудан бас тартты:

- Комментарий бере алмаймын, - деді ол бүгін камераға қарап.

-Қашаган ең қымбат мұнай жобасы деп танылды: кейбір мәліметтер бойынша, оған салынған инвестициялар 50 миллиард доллардан асқан.

- Жақын деуге болады, - деді министр басын екі жаққа кезек қозғап. – Шамамен солай, иә. Мен айта алмаймын, өйткені қазір серіктестермен заңды мәселелер шешілуде.

Баға мен сомалар – осы жоба аясында комментарий беруге қатысты ең күрделі мәселе. Бірнеше минут бұрын ғана президент Назарбаев өз сөзінде, айталық, мүлдем басқаша бағаны атап, бұл жобаға «60 миллиардтан астам қаржы салынды» деп мәлімдеген еді. Бірақ журналистердің ешқайсысы президенттің қандай шартты бірлікті айтқанын түсінбеді. Оны айқындауға бізге мүмкіндік берілмеді. Іссапар аясындағы баспасөзбен жоспарланған кездесудің өтпейтіндігі жөнінде кездесуге арналған зал есігінің дәл алдына келгенде мәлім етті.

ҚАШАҒАН НЫСАНДАРЫ

Өндіру

Қашаған жобасы соңғы жылдары барша жан, тіпті саладан алшақ болған адамдардың өзі хабардар болған үлкен жобаға жатады. Алайда, оның құрамдас бөліктері арасындағы себеп-салдарлы байланысы туралы сәл ғана түсінігі барлар өте аз пайызды құрайды. «Өндіру – дайындау - тасымалдау» тізбегі нысандар туралы жалпы ұғым береді. Жоба төрт нысанда дамыған – біреуі теңізде және үшеуі құрлықта. Сонымен, бәрін ретімен баяндайық.

Мұнай мен газды өндіру Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің жасанды D аралында жүзеге асырылады. Қызметкерлер саны – теңіз нысандарында 600-ден астам адам.

Қашаған кенішіндегі жасанды D аралы – бұл теңіз операцияларының орталығы, мұнай өндіруге және газды қабатқа кері айдауға, сонымен қатар, спутник аралдардан немесе өндіруші аралдардан алынған мұнай мен газды алдын ала бөлуге арналған негізгі пайдалану технологиялық кешені. Теңіз құрылыстарын салу кезінде Маңғыстау облысынан әкелінген 13 млн тонна тау жынысы (12 млн тонна әктасты қосқанда) қолданылды. Теңіз нысаны Батыс Ескенедегі өндірістік құрлық нысанымен үш құбыр арқылы жалғанған. D аралында ұшу-қону алаңдары бар персоналдарға арналған екі тұрғын блок, екі бұрғылау қондырғысы, электр-генераторлы қондырғы, өндірістік-технологиялық орынжай, апатты жағдайда көшіру үшін мұзжарғыш кемелері бар теңіз айлақтары салынған.

Тасымалдауға дайындық

Қашаған мұнайын тасымалдауға дайындау үшін жоба операторы НКОК «Болашақ» зауытын (Қарабатан) салды, нысан құрылысының құны - 23,9 млрд АҚШ доллары, қызметкерлер саны - 400 адам.

Қуаттылығы тәулігіне 450 мың баррель болатын мұнай өңдеу (жылына 22,5 млн тонна) жүйесінде мұнайды сорғыту және тұрақтандыру, меркаптаннан тазарту, Қашаған кенішін тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінде мұнайды сақтау және экспортқа жіберу жүзеге асырылатын болады.

Жылына қуаттылығы 6,2 млрд текше метрге дейін болатын газды дайындау жүйесі күкіртсіздендіру, шық нүктесін реттеу, отын ретінде сұйытылған газды шығару, күкірт шығару және сақтау, қалдық газды тазарту және оны қолданыстағы жүйенің қосылу нүктесіне дейін сығуды жүзеге асырады.

Жоба мерзімі бойына орташа алғанда жылына 1 млн тоннадай қарапайым күкірт өндіріліп, экспортталатын болады. Зауыт аумағында максималды көлемі 4 млн тонна күкірт сақтауға арналған құрылыс салынған.

Келер жылға ықтимал шығарындылар көлемі бойынша мәліметтер жоқ, 2015 жылдың ақпараты бар. НКОК-тің бүкіл операцияларының салдарынан атмосфераға тасталатын шығарындылардың жалпы көлемі: 395 метр тонна ұшқыр органикалық қосылыстар, 131 метр тонна күкірт оксиді (SOx); 943 метр тонна азот оксиді (N2O қоспағанда NOx).

Тасымалдау

Мұнайдың логистикадағы соңғы әрекетін - оны құбырларға жеткізуді екі компания атқарады.

Бұл «ҚазТрансОйл» АҚ БФ-ның «663 км» мұнай айдау станциясы. Нысан құрылысының құны - 23,9 млрд тг. Жүзеге асыру кезеңі - 2014-2016 жылдар. 663 км мұнай айдау станциясын қайта жарақтау және кеңейту Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кезеңмен кеңейту жобасын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылады. Жоба Батыс Қазақстан мұнайын Атыраудан ішкі нарыққа да, Қытайға экспорттауға да жеткізуді қамтамасыз ету үшін Қеңқияқ-Атырау мұнай құбырын реверсиялауды қарастырады. 663 км мұнай айдау станциясын қайта жарақтау осы мұнай айдау станциясына екі мұнай құбыры арқылы «Кеңқияқ-Атырау» магистралды мұнай құбырына (реверсті жұмыс режимінде) және «663 км МАС - АМӨЗ» магистралды мұнай құбырына айдауды қамтамасыз ету мақсатында қарастырылған. 663 мұнай айдау станциясын кеңейту «Кеңқияқ - Атырау» магистралды мұнай құбыры бойынша мұнай айдаудың жалпы көлемін жылына 4 млн тоннадан жылына 12 млн тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде мұнай Атырау МӨЗ-іне дейін айдалады. Реверстік режимде Кеңқияқ-Атырау мұнай құбыры арқылы мұнайды Қытайға айдау жоспарланған.

Бұдан басқа, жоба аясында «Атырау» мұнай айдау станциясын кеңейту және жаңарту жұмыстары жүргізілді («Каспий тұрба құбыры консорциумы-К» АҚ). Жоба құны - 46 млрд теңге. Жүзеге асыру - 2013-2015 жылдар. Жұмыс орындары - 48 адам. Қуаттылығы жылына 52,5 млн тонна. Резервуар паркі бар Атырау мұнай айдау станциясы Теңіз-Новороссийск магистралды мұнай құбырының 217-ші шақырымында орналасқан және осы мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдауға, сонымен қатар, жеткізушілерден (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Ембімұнайгаз, Өзенмұнайгаз, Қазақ ойл, Ақтөбе, Саутс Ойл, Матен Петролеум) мұнай қабылдауға және оны магистралды мұнай құбырына айдауға арналған. Бүгінгі күні мұнай айдау көлемі тәулігіне 130-135 мың тоннаны құрайды. 2016 жылдың аяғына дейін 40 млн тоннадан астам мұнай айдау жоспарланып отыр.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

8 желтоқсан 2016, 01:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.