ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қарым-қатынастар туралы Минск Конвенциясының болғаны жақсы болды. Егер ерлі-зайыптылардың бірі алыс шетел азаматы болса, қандай қиындықтарды жеңуге тура келетінін елестетудің өзі қорқынышты.
БАЛАЛАР ЕСТЕЛІГІ
Айгүл мен Андрей (есімдерінің бәр өзгертілген) ұлдарын бір ай бұрын асырап алды. Енді оның фамилиясы мен әкесінің аты өзгерді.
- Сені ұзақ іздеп, ақыры тауып алдық қой, солай ма? – дейді Артурды кеудесіне қысқан ана. Олар балаға неліктен мектепке енді барған кезде оның өмірінде пайда болғандарын осылай түсіндірді. Ол мақұлдап, басын изейді. Олар шынымен де ұқсайды – қара торы, қара шашты. Әзірге сәби үшін бұл ақпарат жеткілікті. Бар шындықты олар кейінірек, егер, әрине, ол қаласа айтып бермек.
...«Шаңырақ» отбасылық балалар үйінің директоры Гүлсара БОТАТАЕВАНЫҢ пікірінше, бала тектен-текке өткенді қазбаламайды, әдетте бұған оны психологиялық себептер, отбасындағы жанжалдар итермелейді. Ол өзіне неліктен қазіргі өмірі өзі қалағандай болмайтынын түсіндіргісі келеді. Қолайсыз жағдай туындаған кезде бала бұдан шығатын жол іздеп, осы нұсқаны таңдайды. Ал егер балаға жайлы болса, оған мұның қажеті жоқ.
- Меніңше, 6-7 жасында асырап алған баладан шындықты жасыру дұрыс емес. Содан соң мен түрлі комиссияларда өтпелі жас кезеңіндегі балалардың түрлі жолдармен өзінің отбасында пайда болу тарихын біліп алып, проблемалар туындап жататындығына әлденеше рет куә болдым. Баланы балалар үйіне қайтаруға тура келген жайттар да кездесті, - дейді Г.Ботатаева. – Сондықтан ықтимал асырап алушыларға бала өзінің өткен өмірін білмесін немесе есіне түсірмесін деп бас ауыртудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның үстіне, болашақ ата-аналар сәбилерге барады. Ал ересек балалар не болып жатқанын түсінеді. Содан кейін, тіпті барлығы бір-бірін әлеуметтік желілердің арқасында жақсы білетіндерін айтпағанның өзінде, бірнеше жылдан кейін балалар қаланың бір жерінде кездесіп қалып, бір мектепте бірге оқуы, спорт үйірмесіне бірге баруы мүмкін.
Баланың есінде оның шынайы отбасы туралы естеліктің қалатыны жиі кездеседі. Жағымсыз жайттар біртіндеп өшіп, оның жан-дүниесінде дәріптелген бейне орнығады, ол мұны асырап алған отбасымен алмастырғысы келмейді. Бір балаға қатысты осындай жағдай орын алды. Оны 8 жасында қамқорлыққа алған. Қамқорлыққа алушылар түсіндіргендей, баланың мінез-құлқы және оның өзінің шынайы ата-анасы туралы үнемі әңгімелеп отыратын әдеті үшін бір жылдан соң одан бас тартқан. Мәселен, автобуспен кетіп бара жатқан кезде ол қамқоршыларына бұрын ата-анасымен бірге тұрған жерді көрсеткен. Немесе омырауда баласы бар туыстарына барған кезде, өз анасының да бөпесі болғанын айтқан. Отбасылық үйге бала бірден орала алмаған – Манту реакциясының салдарынан оған бір жарым жылын сырқатпен байланысы бар балаларға арналған шипажайда өткізуге тура келген. Мұның бәрі күйзеліске ұшыратады. Осыдан кейін ол ықтимал асырап алушылар мен қамқорлыққа алушылармен кездесуден үзілді-кесілді бас тартқан.
ДЕНСАУЛЫҒЫ МІНСІЗ БАЛА ЖОҚ
Қазір «Шаңырақта» 45 бала бар, оларға тағы төртеуі қосылмақ. Олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында құжаттарының ресімделуін күтіп жүр. Әр ай сайын бұл жерге 5-6 хат келеді, адамдар баланы асырап алғылары келеді, олардың арасында балаларды қамқорлыққа алатындары сирек. Бірақ, ықтимал асырап алушылар баланың қалыптасқан бейнесін жоспарлап келеді: бәрі 5 жастан аспайтын, белгілі бір жыныстағы, денсаулығында кінәрат жоқ бала алғылары келеді. Бірақ, бұлай болмайды. Бүгінде балалардың көпшілігінде денсаулықтарында белгілі бір деңгейде проблемалар болады. Ал балалар үйіндегілердің 90 пайыздайы невропатологтың есебінде тұр. Аналарының сәтсіз жүктілігі, қиын босануы, балалар үйіне түскенге дейінгі өмір сүрген ортасы – мұның бәрі денсаулыққа әсер етеді. Үй әкімшілігі болашақ ата-аналарға бала ауырған бүкіл сырқаттар туралы ақпарат беруге міндетті. Кейбіреулерін бұл қорқытады. Бағына қарай, бәрін емес. Өткен жылы баласыз отбасы балалардың церебралды сал ауруының жеңіл дәрежесімен ауыратын қызды қамқорлыққа алды. Қазір ол отбасына бейімделген. Қамқорлыққа алушылар оны оңалту орталығына ем алуға, массажистке, логопедке апарады. Мүгедектігі бар балаға күтім жасағаны үшін өтемақы төлемдерін алады. Рас, қалалық білім бөлімінің осы төлемдер алуға құқықтары бар екені туралы дер кезінде хабардар етпегеніне реніштері бар.
Жыл басынан бері екі бала – Артур және тағы бір сәби асырап алынды. Олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан бір уақытта келіп, арасына бір апта салып асырап алушы отбасына кеткен.
АНАМ ДА ҚАРАТОРЫ!
Біздің кейіпкеріміз - кішкентай Артурдың өз ата-анасы есінде қалмаған. Бәлкім, оның естелігі оның өміріндегі ұнамсыз жайттарды есіне түсірмеу үшін аяушылық танытқан шығар. Оның биологиялық анасы ата-ана құқығынан айырылған – дегенмен, бала оның жаңа күйеуінің ашуын келтіретіндіктен ол комиссияда баладан өзі бас тартқан. Балалар үйі қызметкерлерінің пікірінше, бала оның басқа балалары секілді, әйел үшін масыл болған. Медициналық карточкадағы жазбаларға сәйкес, анасы 3 айлық кезден бастап оны қараусыз қалдырған. Артурды әлдебір жертөледе мүрденің жанынан тауып алып, әлеуметтік қызметке табыстаған кезге дейін оның өмірінде бөгде адамдар болған. Биологиялық ананың қазіргі мекенжайы да белгісіз. Оны тіпті полицияның көмегімен іздеген – асырап алу процесі кезінде белгілі бір процедураны сақтау керек болатын. Ол өзінің басқа екі ұлын да тастап кеткен, қазір тағы біреуін туып алған деген мәлімет бар.
Гүлсара Ботатаева баланы асырап алуға қалай әзірлегені туралы әңгімеледі. Алғашқы кездесуден кейін оның алған әсері туралы сұрастырған. Бастапқыда ол анасының қараторылығы болмаса, оларды өзіне онша ұқсас емес деп ұйғарды. Бірақ, біртіндеп ол жүйелі кездесуге әдеттеніп, кешікпей ата-аналарына қонаққа қашан баратын күнді санайтын болған.
Ал Айгүл мен Андрей баланы асырап алу шешіміне қалай келгендерін әңгімеледі. Ерлі-зайыптылардың танысқандарына көп болған. Андрейдің мойындауынша, оның ақжарқын Айгүлге бірден көзі түскен. Бірақ, ол өз сезімін білдіру үшін үш жыл күткен. Мейрамханаға шақырып, әкімшілікпен, музыканттармен келіскен. Олар залда романтикалық атмосфера ұйымдастырып, шам жаққан, Юрий Антоновтың «Для меня нет тебя прекрасней» деп аталатын сүйікті әнін айтқанда, сүйемелдеген. Бірнеше күннен кейін ол қызға ұсыныс жасайды. Айгүл екі ай ойланып, ақыры келісімін беріпті. Айгүлдің жұмысы балалармен байланысты, оның жиендері де көп. Алайда, әйел өз баласының болғанын қалайды. Ол өз күйеуімен ойын бөлісіп, күйеуі оған қолдау көрсеткен. «Шаңырақта» балалардың көпшілігі бауырларымен бірге тұрады. Ал ересек балалар, әдетте, асырап алатын отбасына баруға ұмтылмайды. Сондықтан ерлі-зайыптыларды тек екі баламен таныстырып, бірнеше күн ойлануға кеңес берген. Бірақ, олар сол күні кеште таңдау жасайды.
ЖАҢА ЖЫЛДА ОТБАСЫМЕН БІРГЕ
Содан соң күтуге толы ұзақ айлар мен үздіксіз анықтамалар жинау басталды. Отағасының азаматтығы ресейлік болғандықтан, құжаттардың бір бөлігін: сотталмағандығы, жүйке-неврологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепте жоқ екендігі, мінездеме, ресейлік қамқорлық қызметінің асырап алу туралы Атырау сотының шешімімен келісетіндігі туралы құжаттарды РФ-дан алу керек болып, жағдай күрделеніп кетті. Андрей біресе ана құжатты, біресе мына құжатты алып келу үшін үш мың километр жердегі туған қаласына үш рет барып келді. Мұның бәрі уақытында бүкіл қажетті құжаттардың тізімін бермеген қалалық білім бөлімі мамандарының жаңсақтығынан болып отыр. Оған қоса, Астанадан Білім және ғылым министрлігінен анықтамалар керек болды.
Нәтижесінде жыл басталғанда ерлі-зайыптылар түрлі 85 анықтама жинақтаған. Олар бір құжаттың ресімделуін күтіп жүргенде, екіншісінің әрекет ету мерзімі аяқталып қалатын. Осы уақыт ішінде олардың учаскесінде бірнеше полиция инспекторлары ауысты және әрқайсысынан мінездеме алу керек болды. Сонымен қатар, көршілерінен, достарынан, жұмыс орнынан мінездеме алу керек болды. Оған қоса медициналық анықтамалар бар.
- Бізге сол кез ұзақ уақытқа созылғандай болды, бізден тағы да Ресейден әлдебір жаңа құжатты алып келуді талап еткенде, әйелім қатты қапаланып, тіпті жылап алды. Бірақ, мен оны жұбаттым, біздің ісіміз ақ, демек, біз жеңеміз дедім, - деп әңгімелейді Андрей.
Міне, 9 қарашада сот шешімін алып, 14-інде ұлына туу туралы куәлік ресімдеді. Ол үйіне жақын жердегі жаңа мектепке ауысты. Сыныптағы барлық балалармен достасып та үлгерді. Көпшілігімен ата-анасына қонаққа келген кезде жазда танысқан еді. Артур футбол ойнағысы келеді, алайда, әзірге мамандардың кеңесі бойынша бұлшық еттерін шынықтырып, жүзумен айналысып жүр. Жексенбі күндері ата-анасына шаруашылықтарына көмектесіп, тіпті анасымен бірге сүйікті тағамы – мәнті дайындайды. Бір ай ішінде бала 4 келі салмақ қосқан.
Кешікпей Жаңа жыл да келеді. Біздің кейіпкерлеріміз алғаш рет осынау сиқырлы мерекені жаңа құраммен қарсы алып, тойлайды. Ата-анасы ұлдары үшін мерекені жоспарлап қойған. Андрей міндетті түрде тірі шырша сатып алып, олар оны бірге безендірмек. Ескі жылды олар үлкен компаниямен – Айгүлдің ата-анасымен, оның аға-іні, апа-сіңлілерімен, бауырларымен, жиендерімен шығарып салмақ. Түн ортасында алаңға отшашуды тамашалауға шығады. Артур ешқашан отшашуды тамашалап көрмеген еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА