Атырауда жаңа жұқпалы аурулар ауруханасының құны құпия қалып отыр
Атыраулықтар үшін өте қажетті облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы келесі жылдың шілде айында аяқталуы тиіс. Алайда NCOC консорциумының әлеуметтік-инфрақұрылымдар жобаларының аясында салынып жатқан осы нысанның құны әлі күнге дейін өте құпия күйде қалып отыр.
Жоба – әлеуметтік, құпия – коммерциялық
Екі ай бұрын ескі жұқпалы аурулар ауруханасында науқас баласымен бірге жайсыз күн-дерін өткізген жас ананың кезекті қоңырауынан кейін мен NCOC-қа редакцияның ресми сауалын жолдадым.
Жаңа облыстық жұқпалы аурулар ауруханасын салу бірнеше жылдан бері NCOC-тың әлеуметтік-инфрақұрылымдар жобасының қатарынан орын алып келеді. Бастапқы құны жарты миллиард теңгеден асатын осы нысанды тапсыру 2009 жылдың қазан айына жоспарланған еді. Алайда бірнеше жыл бұрын құрылыс тоқтап қалды. Сол кезде корпорация жобаға түзетулер енгізу қажеттілігіне сілтеп, содан кейін ол 30 пайызға қымбаттайтын болды.
Осыған қатысты мәселелерді NCOC-қа жолдаған хатта баяндадым. Екі айдан соң жауап та келді. Онда мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі бөлімнің бас менеджері Эрикжан ИСЕНГАЛИЕВ коммерциялық сипаттағы ақпаратты жариялауға құқығы жоқ екенін мәлімдепті(белгілеген мен – Л.С.). Сондай-ақ, әлеуметтік маңыздағы және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін «NCPOC» компания-агенті жауап беретінін айтыпты.
Ал құрылыстың 4 жылға тоқтап қалуын Исенгалиев мырза былай деп түсіндіреді:
«Бастапқыда құрылыс жұмыстары алғашқы мәліметтер мен құрылыс басталар алдында белгіленген және инженерлік-геологиялық зерттеулер қорытындысымен бекітілген топырақтың нақты физикалық-математикалық қасиетінің айырмашылығы салдарынан тоқтатылған еді. Тиісті сапамен және инвестицияның қажетті көлемі мен жобаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2011 жылдың басында қосымша инженерлік есептеулер, детальды жобалау жұмыстары жүргізіліп, аяқталды, содан кейін құрылысты қайта жандандыру мүмкін болды. Бүгін біз жергілікті мердігер компанияның мақұл-данған кестеге сәйкес құрылыс жұмыстарын орындап жатқанын қуана хабарлаймыз».
Ақша тыныштықты сүйеді
NCOC өкілі «нысанның құны қанша тұрады?» және «құрылыстың мердігері кім?» деген сұрақтарға жауап бермеген соң, тапсырыс беруші – құрылыс басқармасынан комментарий алуға тура келді. Алайда жаңа аурухана салу мәселесіне бақылау жасайтын басқарма бастығының орынбасары Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ та көп сөзді болмады:
- Ол жерде жергілікті «ААСС» компаниясы жұмыс істейді. Қазір монолиттік жұмыстар жасалып жатыр. Нысанға 150 шақты адам жұмылдырылған. Алайда нысанды тапсыру 2013 жылға жоспарланғанымен, мердігер құрылысты 2012 жылдың аяғына дейін аяқтауға тырысады. Ол кестеден озып жұмыс істеп жатыр. Біз үшін бұл нысан – бүгінгі күнгі ең маңызды және салмақты нысандардың бірі. Нысанның құнын атай алмаймын. Мердігер фирма басшысының есімі Асқар, фамилиясын ұмытып қалдым. Сіздің телефоныңыз қандай еді? Мен сізге өзім қоңырау шаламын...
Ол ақыры қоңырау шалған жоқ.
Жұмыс қайнап жатыр, бастық ашып айтпайды
Қардың тынбай жауып тұрғанына қарамастан құрылыста жұмыс қайнап жатты. Жас құрылысшы жігіттер осыдан жиырма күн бұрын Орал қаласынан келгендерін айтты. Үлкен шұңқырдың орнына болашақ аурухананың бетон іргетасы қаланыпты. Жұмыстар өткен жылдың тамыз айында басталған.
NCOC мердігері «Атырауавтоспецстрой» («ААСС») ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Алдияр БАЙСЕЙІТОВ жоба бойынша ауруханада әрбіреуі 45 кереуеттік 4бөлімше қарастырылғанын хабарлады. Қазіргі кезде бетондау жұмыстары жүргізіліп, техникалық жертөлелер салынуда. Оның айтуынша, құрылысқа жарамсыз топырақ (бұл туралы Эрикжан Исенгалиев жазған еді – Л.С.) алынып тасталған, содан кейін шұңқырды тағы бір жарым метрге тереңдетіп, алынған топырақтың орнына құмды-қиыршықты қоспаны сеуіп тастаған.
– Құрылыстың осы кезеңіне 70 адам жұмылдырылған, ал құрылыс жұмыстары қызған кезінде 250-ге дейін құрылысшылар тартылатын болады. Құрылысшылардың 80 пайыз шамасы – жергілікті жұмысшылар. Ал басшылық пен инженерлік құрам Атыраудан, - деп түсіндірді Алдияр Байсейітов.
– Сіздер қанша соманы игеріп жатырсыздар?
– Бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Өйткені бәрі үнемі өзгеріп отырады. Екі жыл бұрын жобалау-сметалық құжаттамада тіркелген құрылыс материалдарының құны өсті. Инвестор үшін шығындар емес, сапасы маңызды. Олар бізге: қажетті нәрсені үнемдемеңдер деп айтады. Бір күннен кейін бізге әр кезең бойынша жұмыс сапасын бақылау үшін NCРOC В.V. (NC Production Operations Company – агенттік компания) техникалық қадағалау қызметкерлері келеді. Бұдан басқа, жобаға нысанды жобалаушы компания авторлық қадағалау жасайды. Сондықтан біз үнемі бақылаудамыз.
– Сонда да, сіздің нысан құнын атай алмағаныңыз қызық екен. Ең болмаса нысандағы құрылысшылардың орташа жалақысы қандай екенін айтыңызшы?
– Мен сізге мұны да атай алмаймын. Мен тек құрылыс үшін ғана жауап беремін, қаржылық мәселелерге бас сұқпаймын.
Ал біз бас сұғамыз. Өйткені NCOC өзінің әлеуметтік жобаларын ҚАЙТАРЫМСЫЗ жүзеге асырып отырған жоқ. Жергілікті экологтар растап отырғандай, еңбек бөлінісі туралы келісімге сәйкес, осы қаржылардың барлығы консорциумға Қашаған кенішін өнеркәсіптік игеру сатысында шикі мұнай түрінде қайтадан түседі. Және олар жылдық 17 пайыздан кем түспейтін сыйақымен өтелетін болады. Ал жобаның үнемі қымбаттауы нәтижесінде тек қазақстандық бюджет қана, яғни, сіз бен біздің үлесіміз кеми береді.
Суретті түсірген Владимир ИСТОМИН