Біз сарапшылардан, саясаттанушылардан №2 Атырау сотының «жер митингісі» туралы іс бойынша шығарған үкіміне комментарий беруді және «Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісін қылмыстық немесе саяси іс деп есептейсіздер ме? Шығарылған үкімнің саяси салдары қандай болуы мүмкін?» деген екі сұраққа жауап беруді өтінген едік.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
- Боқаев-Аянов ісінің бүкіл мәнмәтіні еш күмәнсіз саяси болып табылады. Оның үстіне, халықаралық ұйымдардың көпшілігі сотталушылардың саяси тұтқындар екенін мәлімдеді. Істің мұндай беталысы, әдетте, ел мен режим үшін зардаптарға және имиджілік шығындарға ұшыратады.
Не істеу керек? Алдымен апелляцияның бүкіл заңды жолынан өту керек. Егер шешім өзгеріссіз қалса, билікке ішкі және сыртқы қысымдарды күшейту керек, оларды тезірек босату мәселесін қою керек. Билік үкімге масайрап, өзін жеңімпаз деп есептейді деп ойламаймын.
Мұхтар ТАЙЖАН, қоғам қайраткері:
- Істі қылмыстық деп еш айта алмаймын. Егер Қылмыстық кодекс тұрғысынан келер болсақ, олар жиын, митинг және т.б. қатысты әкімшілік заң бұзушылық жасағаны үшін 72 тәулік отыруы тиіс еді. Ал 5 жылдан беру – айқын саяси іс. Мұны Amnesty International (адам құқығын қорғауға бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйым – С.Т.) мойындап отыр. Бүкіл қоғам да мұны осылайша бағалап отыр. Сіз Фейсбуктегі реакцияны көріп жүрсіз бе? Фейсбук – бұл қоғамдық пікірдің бейнесі, сондықтан Боқаев пен Аяновтың ісін саяси деп қарамасқа болмайды. Барша жан осылай есептейді, соның ішінде мен де бармын. Қылмыскерлерде мұншалықты қолдаушылар болмайды.
Мұның салдары жақсы емес. Бұл, білесіз бе, қоғамдық проблемаларды шешудегі сталиндік тәсілдің жандануы, шешім шығаратындардың сталинше ойлау белгілері. 20 ғасырда сталиндік империя тұсында мәселелер осылай шешілді. Заманауи елде мәселелер бұлай шешілмейді. Макс пен Талғатқа шығарылған үкім – біз өзімізден 20 ғасырдағы сталиндік империяны арылта алмағанымыздың белгісі.
Саяси салдарына келер болсақ – бұл көп қадам кейінге шегіну, регресс.
Осыған байланысты не істеу керек?
Апелляциялық сот бар. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда, жігіттер бостандыққа шығу үшін бәрін жасау керек. Бұл біздің бәріміз үшін сын, біз бәрін жасауға, қоғамдық пікірді, бұл жігіттердің қылмыскерлер емес, патриоттар екенін, олардың бостандықта болулары тиіс екендігін көрсетуге тиіспіз. Бұл, қайталап айтамын, баршамыз үшін үлкен сын. Жақын күндері мен өзім және мен жалғыз болмаймын деп ойлаймын, осыны қолға аламыз. Бұл істі қалдыруға болмайды. Бұл бүкіл Қазақстан үшін, біздің болашағымыз үшін, ұлтымыз бен ұрпақтарымыздың сезімі үшін маңызды. Жігіттер бостандықта болуға тиіс.