11 ай ішінде бюджет қаржыларын игеру 98,5% құрады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғайша ӘБЕЖАН хабарлады.
- Әр дүйсенбі сайын «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша бөлінген республикалық трансферлерді игеру мәселесі бойынша аудан әкімдері мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қатысуымен селекторлық кеңестер өткізіледі. Жыл аяғына қарай қаржы жүз пайыз игеріледі деп болжанып отыр, - дейді Н.Әбежан. Жыл басынан бері Атырау облысындағы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3,6 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 52,8 млрд теңгеге тең, соның ішінде мал шаруашылығында – 28,6 млрд теңге. Бүгінде облыста 46 912 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс жасайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,3 трлн теңгені құрайды. Облыстан республикалық бюджетке 466,4 млрд теңге, жергілікті бюджетке – 172 млрд, Ұлттық қорға – 439,8 млрд теңге жіберілді.
Н.Әбежанның айтуынша, бюджет қаржысының негізгі үлесі білім беру мен денсаулық сақтау саласына салынған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруға 129 млн теңге бөлінген, оны 40 адам алыпты. Бұдан басқа, 137 маманға 20,5 млн теңге көтермеақы беру жоспарланған. Алайда ауылда жұмыс жасағысы келетін мұндай мөлшерде жастар табылмапты. Нәтижесінде жыл басынан бері 77 адам 11,5 млн теңге алған. Келесі жылы тағы 51 жас маманға несиелер беріледі деп болжанып отыр. Осы салада кейбір өзгерістер орын алды. Біріншіден, басқа өңірден келгендер ғана көмек алады, екіншіден, бұрын бұл бағдарламаны тек республикалық бюджет қана қолдайтын, ал өткен жылдан бері осы мақсатқа жергілікті бюджеттен де қаржы бөлуге рұқсат етілді.
2009-2015 жылдары 392 жас маман жалпы сомасы 843,5 млн теңгеге бюджеттік несиелер алды. Тағы 1 088 адам 124 млн теңге көтермеақы алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор