ТШО мердігері «Сенімді құрылыс» ЖШС басшылығының лайықты жалақы төлеуді талап еткен жұмысшылармен әңгімесі қысқа да нұсқа болды:
25 қаңтарда «Теңізшевройл» компаниясының мердігері – «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің шамамен 300-дей жұмысшысы түстен кейін жұмысқа шығудан бас тартты. Олардың қойған басты талаптары еңбекақыларын өсіру және еңбек жағдайын жақсарту еді.
- Біздің жұмысымыз вахталық: бір ай жұмыс жасаймыз, бір ай демаламыз. Жалақымыз 80 мың теңге. Егер оны екі айға бөлсек, бар-жоғы 40 мың теңгеден келеді, -деп әңгімеледі «АЖ» газетінің тілшісіне телефон арқылы хабарласқан жұмысшылар (шынында, олардың ешқайсысы аты-жөндерін атағысы келмеді). – Біздің қояр талабымыз - еңбекақыны 150 мың теңгеге дейін (дегенмен, екі айға бөлгенде 75 мыңнан келеді ғой)өсіру.
ЖШС басшылары жұмысшылардан үш күн сұрап, сол күндердің ішінде олардың талаптарын қанағаттандыруға уәде етті. Ал құрылысшылар жұмысқа қайта кірісті.
28 қаңтарда вахталық поселкеде жиналыс болды. Оған ТШО өкілдері, сондай-ақ, «Сенімді құрылыс» ЖШС бас директоры Иф ШАМА және кадрлар бөлімінің менеджері Эмре ӨЗТҮРК қатысты. Бас менеджер еңбекақының 25% өсетіндігін (шамамен 20 мың теңгеге) хабарлады, алайда, ол үшін жұмысшылар келісім-шартқа қосымша тағы да бір құжатқа қолдарын қоюға тиісті болды.
Бұл талапқа шамамен жүз жұмысшы келісті. Дегенмен, бастапқыда олардың көп бөлігі – шамамен 200-дей адам – екі ұштылау уәде деп бұған келісе қоймады.
- Біз өзіміз талап етіп отырған 150 мың теңге дедік пе, сол сөзімізден таймаймыз, - деп хабарлады ереуілшілердің өкілдері. – Біздің жұмысымыз өте ауыр, жағдайы нашар. Желді күндері ауаға ұшқан күкірттен көзді ашудың өзі мұң. Айтпақшы, уәде етілген жалақы пайызына зиянды еңбек жағдайы үшін төленетін үстеме кіреді. Ал оны олар бізге әуел баста төлеуге тиіс болатын, неге екені белгісіз, олар оны төлемей келді. Қысқасы, кейбіреулер жалақыны 25% өсіреміз деген уәдемен келіскенімен, көпшілігі одан бас тартты.
Адамдар нашар тұрмыстық жағдайға да шағымданды.
- Жатақхананың бір бөлмесінде 6-8 адамнан жатады. Жазда ыстық, өйткені бөлмеде кондиционерлер жоқ, ал, қыста салқын. Киіммен жатамыз. Тамақтандыру жағы да жетісіп тұрған жоқ. Етті тек аптасына бір рет, жұма күні ғана береді. Іс жүзінде 12-13 сағат жұмыс істейтіндігімізге қарамастан, тек 9 сағат үшін еңбекақы есептелінеді.
«Сенімді құрылыс» ЖШС-нің қосалқы мердігері, айталық, «Сапастройсервис» мекемесіндегі жұмысшылардың басында да осыған ұқсас проблема орын алған.
- Бізге әлі күнге дейін күртеше берген жоқ, суықта комбинезонмен жүрміз, - дейді мұнайшылар. – Вахтадан үйге қайтқанымызда біздің киімдерімізді келесі вахтаның жұмысшылары киеді. 60 адамға бір ғана жуынатын бөлме берілген. Қашанға дейін төзуге болады?
Біз «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің келісім-шарт жөніндегі бөлімнің менеджері Марлен ШАЙКЕНОВПЕН байланыстық.
- Қазір маған сізбен сөйлесу қолайсыз болып тұр, кеңсеге жетейін, сосын сізбен хабарласамын, - деді ол телефон арқылы, алайда, ол сол хабарласпаған күйі қалды.
«Сенiмдi құрылыс» ЖШС бас директоры Иф Шама біздің сауалдарымызға қысқа ғана жауап қайтарды:
«Біз ешкімге қысым жасап жатқанымыз жоқ, олардың өздері қол қойып жатыр (келісім-шартқа қосымша құжатқа. – С.Т.). Жалпы мен бұл мәселені телефонмен талқылағым келмейді».
Ал, кейін электронды пошта арқылы хабарлама жолдады:
«Мен сіздің қазіргі уақытта толығымен шешілген осы жағдайға қатысты нақты хабар алмағаныңызға сенімдімін. SK («Сенiмдi құрылыс» болуы керек. – С.Т.) және қосалқы мердігер мекеме қызметкерлерінің талаптары қанағаттандырылды».
Жылыой ауданының прокуроры Алмас ШЕРКЕШБАЕВбізге телефон арқылы «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің қосалқы мердігерінің бірқатар жұмысшыларынан шағым түскенін хабарлады. Прокуратура Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментімен бірге осы шағымды тексерумен айналысуда.
29 қаңтардавахталық поселкеге Лондоннан «Бехтэл-Энка» БК («Сенімді құрылыс» құрылтайшысы) бас менеджерлерінің бірі Синан БОРА келіп, жаңа келісім-шартқа қол қоюдан бас тартып отырған жұмысшылармен кездесіпті.
- Ол «Сенімді құрылыстың» жалақыны 25 пайыздан жоғары көтере алмайтынын бізге ашық айтты, - деп әңгімеледі жұмысшылар. – Бұл компания ТШО-мен мердігерлік келісім-шартты тендерде ең арзан ұсыныс жасағандықтан ұтып алған болатын. Сондықтан жалақыны көтерудің реті жоқ. Содан кейін бас менеджер: «Бұл шартқа кімнің көңілі толмаса, жұмыстан шықсын» деді.
Ақыр аяғында, жұмысшылардың басым көпшілігі келісім-шарттың қосымша құжатына қол қоюға мәжбүр болған. Ал төмен еңбекақыға келіспеген отыз шақты дәнекерлеушілер жұмыстан кеткен.
Бұл оқиғаға ТШО-ның өзі қалай қарайды? «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Линдси КРЭЙННІҢ айтуынша, ТШО-ның өзінің мердігер кәсіпорындарының ішкі жұмысына араласуға құқығы жоқ екен.
- Біз бүгін «Сенімді құрылыс» басшыларымен хабарластық: олар жағдайдың бақылауда екенін айтты. Мұндай мәселелерді қосалқы мердігерлердің өздері шешеді. Мен тек ТШО үшін ғана жауап бере аламын: жыл сайын сәуірде біз жұмысшыларымыздың еңбекақыларын көтереміз. Оларға лайықты еңбекақы мен жақсы еңбек жағдайын қамтамасыз еткенімізді мақтан тұтамыз, - деп мәлімдеді Линдси Крэйн.
«Сенімді құрылыс» ЖШС (құрылтайшысы – американ-түрік «Бехтэл-Энка» БК) ТШО мердігерлерінің бірі боп табылады. Жер қабатына шикі газ айдау кешенінде құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысады. «Сенiмдi құрылыста» жалпы саны мыңнан астам адам шоғырланған бірнеше отандық қосалқы мердігер компаниялар («Ақ тілек», «Сағыз», «Мәди», «ДКС», «КПСК», «Сапастройсервис», «Сана» және т.б.) жұмыс істейді.
Бұл «Сенімді құрылыс» ЖШС-гі алғашқы наразылық емес. 2006 жылы жаппай тәртіпсіздіктерге және көптеген түрік мамандарының Теңіз кеніші мен Қазақстаннан қашып кетуіне ұласқан еңбек дауы әлі ұмытылған жоқ. Сол кезде төменгі еңбекақы мен қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмағандығы даудың басты себебі болған еді.
Сәния ТОЙКЕН,
Суретті «Сенімді құрылыс» жұмысшылары түсірген