Өткен аптада Атырауға келген АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Джон ПОММЕРШАЙМ «Ақ Жайық» журналисімен тілдесуге ниет білдірген еді. «АҚШ-тағы сайлаудан кейін біздің елдер арасындағы өзара қарым-қатынас векторы өзгермейді», - деп оқырмандарды үміттендірді Поммершайм.
Біз аудармашысыз сөйлестік, дипломат орыс тілін тамаша біледі – дипломатиялық қызметке алынбас бұрын Поммершайм Мәскеудегі CNN-де жұмыс істеген. Кейінірек Қиыр Шығыста бас консул ретінде орыс тілін жетілдіре түскен. Өткен жылы Қазақстанға тағайындалғанға дейін ол АҚШ пен Армения, Әзірбайжан, Грузия арасындағы екіжақты қарым-қатынас мәселелеріне жетекшілік еткен, Жапониядағы, Қытайдағы, Белоруссия мен Германиядағы... АҚШ Елшілігінің саяси бөлімдерінде еңбек еткен. Сұхбат алуды белгілеген елшілік қызметкерлері елші орынбасарының кез-келген тақырыпта әңгімелесуге әзір екенін атап өтті.
– Сіздің елдегі сайлауға бүкіл әлемнің бақылау жасағаны құпия емес. Азғана ерекшелік: жақында ұлымның супер қаһармандардың қиялдағы шайқастарына қатысты комментарийлерін еріксіз құлағым шалған еді. Ол үйреншікті кейіпкерлерін өзгертіпті: енді олар Барак Обама, Хиллари Клинтон және Дональд Трампқа айналған! Бұл дүбірлі жарыс әрі көпшілік үшін күтпеген нәтиже болды. Сіздің еліңіздегі саяси бағыттың ауысуына байланысты Қазақстанға не күтуге болады? Ресей арқылы жанама әсер болатыны сөзсіз, өйткені біз онымен бірге Кеден одағының бір орбитасында тұрмыз. Бірақ егер тікелей әсері туралы айтар болсақ – біздің экономикалық, инвестициялық, сауда қарым-қатынасымыз өзгере ме, қалай ойлайсыз?
– Қызық екен, ұлыңыз неше жаста?
– Жетіде.
– Елшілік те сайлау барысына бақылау жасады, бізден қандай өзгерістер болады деп жиі сұрайды. Мен үлкен өзгерістер болмайды деп ойлаймын. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігімен қатар біздің өзара қарым-қатынасымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде стратегиялық серіктестік шеңберінде өте көп жұмыс жасадық. Мен өте серпінді деп айтар едім, біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамуда. Біздің қарым-қатынасымыздағы осы жақсы үрдістер жалғасады деп ойлаймын. Тіпті, уақыт өте келе олар жақсаратын болады. Мен неге бұлай ойлаймын? Біріншіден, бізде бұған негіз бар. Атырауды мысалға алсақ, Қазақстанға құйылған қомақты американдық инвестицияны көреміз. Әрине, мұнай мен газ саласына. Бірақ біз шағын және орта бизнесті де, терроризмге қарсы күресті де қамтуға тырысамыз, осы желілер бойынша бізде өте тығыз байланыстар бар.
– Сіз нені меңзеп отырсыз: Америка өз тәжірибесімен бөлісе ме, әлде бізге күресуге көмектесе ме?
– Иә, бізде алуан түрлі саладағы қызметкерлер тығыз байланысып тұрады. Бізге алмасу бағдарламаларымыз көмектеседі деп ойлаймын. Біз алмасу бағдарламаларындағы түлектерімізбен байланысымызды үзбеуге тырысамыз. Олардың бізде білім алып, отанына оралған соң, бұл тәжірибенің олардың өміріне қалай ықпал ететінін көру өте қызықты. Бұл тәжірибені олар қалай қолданады? Меніңше, бұл шынымен де халық игілігі үшін жұмыс жасайды. Бізді бөліп тұрған орасан қашықтыққа қарамастан, біздің халықтарымызды жақындастырады. ЭКСПО да біздің қарым-қатынасымызға қозғау салады деп ойлаймын. Бұл американдық студенттер мен бизнесмендерге Қазақстан туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Меніңше, қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Осы жақсы тренд жалғасуда. Ақ үйдегі жаңа команда бұл бағытты өзгертпейді.
– Айтпақшы, ЭКСПО туралы. Бюджеті 3 млрд доллар болған осы көрмеге байланысты көптеген жанжалдар туралы сіз өзіңіз не ойлайсыз? Ол болжамды экономикалық тиімділікті әкеле ме?
– Біз Қазақстан үкіметімен бір жылға жуық уақыт бойына біздің қатысымыз туралы мәселелерді талқылап келеміз. Меніңше, процесті жеңілдету үшін өте көп нәрселер жасалуда. Менің үкіметімнің ЭКСПО-да американдық павильон болу үшін өз компанияларымызбен жұмыс жасайтындығымыз туралы шешім қабылдағанына өте қуаныштымын. Бұл біздің екіжақты қарым-қатынасымызға көмектеседі, біздің студенттерімізге келуге және павильонда жұмыс істеуге мүмкіндік береді, отандастарыма Қазақстанды жақсы тануға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өйткені кей кездері кедергі болып жататын қашықтық туралы айтып өттік. Меніңше, Астана жазда өте жақсы жер, үнемі жақсы орын болып келеді, бірақ әсіресе жазда. Меніңше, ЭКСПО мен оған байланысты барлық мәдени және басқа шаралар біздің қатынасымызды дамытуға көмек болады.
– Қазақстандық көрмеге нақты қанша компания, қандай сектордан және атап айтқанда, қай компаниялар қатысуға ниет білдірді?
– Бұл осы жердегі қатысып отырған алуан түрлі компаниялар.
– Яғни, павильонда Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар бола ма?
– Олар ұлттық павильонды құруға көмектеседі, бәлкім, тағы да жекелеген павильондар болатын шығар, мен егжей-тегжейін білмеймін.
– Ал бұрын Қазақстанда жұмыс істемеген компаниялар бар ма?
– Мен әзірге мұндайларды білмеймін.
– Сіз көрмені дайындап жатқан команда басшыларын айыптау фактілеріне қатысты өзіңіздің көзқарасыңыз туралы ештеңе айтқан жоқсыз. Жақында нысандағы аралық құлап түсті. Қалай ойлайсыз, бұл фактілер ЭКСПО-ны танымал етуге көмектесе ме?
– Мен басшылықтың ауысқанын білемін, бірақ егжей-тегжейін білмеймін. Жаңалықтарды естідім, бірақ бұл мәселеге комментарий бере алмаймын.
– Американ-Қазақстан қарым-қатынасындағы өзгерістер туралы мәселеге келсек: Дональд Трамп Американың елге шетелдіктердің, әсіресе, мұсылман елдерінен келетіндердің кіру процедурасын едәуір күшейтетінін мәлімдеп үлгерді. Бұл қазақстандықтарға виза алу қиындайды дегенді білдіре ме?
– Олай ойламаймын. Қазақстандағы біздің визалық саясатымызды өзгерту үшін ешқандай алғышарттар жоқ. Бізде қазір 5 жылдық визалар бар, біз байқап үлгергеніміздей, жаңа процедуралар енгізілгелі бері бұл біздің қарым-қатынасымыздың дамуына көп көмектеседі. Осы бағытта жұмыс жасау керек. Қазір біз Қазақстан үкіметімен 10 жылдық виза режимін енгізу мүмкіндігін талқылаудамыз.
– Егер қателеспесем, бұл мәселе өткен жылдан бері талқыланып келеді.
– Иә, бірақ шешілуі керек процедуралық мәселелер бар. Алайда маған олар шешілетіндей болады және таяу болашақта келісімге келеміз деген үміт бар.
– Биылғы жылдың қаңтарында Financial Times Трамптың ақшаның ізін жасыру бойынша халықаралық желімен байланысты болғандығы туралы тергеу нәтижелерін жариялады. Жазбалар мен банк құжаттары Трамп компаниясының бұрынғы энергетика министрі және Алматы әкімі Виктор ХРАПУНОВТЫҢ отбасымен байланысы бар екенін дәлелдейді. Бұл жарияланымның АҚШ-тың мемлекеттік органдарының реакциясы түріндегі жалғасы болды ма?
– Менде мұндай ақпарат жоқ, естіген жоқпын.
– Шетелдік елдердің көптеген дипмиссиялары Қазақстандағы жер митингілері туралы іске бақылау жасап отыр. Жақында ғана сотқа АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің өкілі Нингчуан ЧЖУ қатысты. Сіздің ойыңызша, неліктен азаматтық белсенділер БОҚАЕВ пен АЯНОВТЫҢ ісі халықаралық резонансқа ие болды?
– Біз басқа дипломатиялық миссия өкілдерімен қатар процесске бақылау жасауды ұйғардық. Қазақстан халықаралық міндеттемелерді, өз заңының талаптарын сақтап отыр ма, осыны білу маңызды деп есептейміз. Бұл әдеттегі іс, яғни, бұл кез-келген елде жасалады. Өзіңіз білесіз, біз стратегиялық серіктеспіз. Бұл заңды құбылыс деп есептеймін.
– Сіз осы секілді бақылаулар жүргізіледі дедіңіз. Сіздің дипмиссия Қазақстан сотында қаралған тағы қандай істерге бақылау жасады?
– Қазір есімде жоқ. Бірақ процесс міндеттемеге қатысты болса немесе қоғам үшін маңызы зор болса, мерзімді түрде бақылаулар болып тұрады.
– Сіз бұл процесті және оның қорытындысын қалай бағалайсыз?
– Процесс жүріп жатқанда менің процестің өзіне комментарий беруім орынсыз болар еді.
– Ал есеп беріле ме?
– Иә, аяқталғаннан кейін жасаймыз, өзіміз үшін.
– Қызықты зертетулер бар: американдықтар Қазақстанға келген жылдар ішінде журналистер американдық демократияның ең негізгі құндылықтарының бірі - сөз бостандығы деп жар салынғанына қарамастан, қарапайым американ азаматтарының өз пікірлерін жария етпеуді жөн көретіндігіне көз жеткізді. Бірде-бір рет, көбінесе саясаттан немесе халықаралық қарым-қатынастан алшақ жатқан қызықты деген фактілерге, тіпті, анонимді комментарий ала алмадық! Бұл Америкада жасырын цензура бар екенін білдіре ме? Неліктен американдықтар шетелдік баспасөзбен байланыспайды?
– Бұл қызық екен, мен бұл туралы бірінші рет естіп отырмын. Бәлкім, олар байланысуды шектейтін компанияның саясаты қолданылатын жеке компанияда жұмыс жасайтын болар? Мен елшілік тарапынан айтайын: біз қашан да ашықпыз, бізде Фейсбуктің аккаунтында бәрі баяндалған. Біз ашықтыққа талпынамыз, бәрін жариялауға, баяндауға тырысамыз. Біз елшілік қызметкерлеріне сұхбат беруге рұқсат береміз.
– Егер бұл жеке компаниялардың ішкі саясаты деп жорамалдайтын болсақ, онда цензураны ТШО компаниясы енгізіп отыр – Атыраудағы американдықтар, әдетте, тікелей немесе жанама түрде онымен байланысты ғой.
– Бәрі емес. Мүмкін, көпшілігі шығар, бірақ бәрі емес. Бәлкім, сіз әзірге ондай емес адамдарға жүгінбеген шығарсыз?
– Басқаларға жүгінгенсіз дейсіз бе?
– Сізге осы жерде университет жандарында жұмыс істейтін ғалымдармен, оқытушылармен сөйлесуге кеңес беремін. Олардың қазақстандық қоғамға деген көзқарастары өте қызықты, өйткені олар сіздердің студенттеріңізбен жұмыс жасайды. Тіпті, менің өзіме де олармен сөйлескен қызықты. Өйткені, олар не болып жатқаны туралы өте көп біледі. Біз кейін осы контактілерді айтып бере аламыз.
– Рахмет, ойымызда болады. Біздің ресми расталмаған мәліметтеріміз бойынша, ТШО соңғы кездері өз қызметкерлерін тұрақты түрде және едәуір қысқартып жатыр, бірақ үнемі мұны мойындаудан және оған себеп болған негіздер мен өзгеріп жатқан саясаттар туралы мәселелерге комментарий беруден бас тартады. АҚШ елшілігінің осы компанияның жұмысына ден қойып бақылау жасайтыны және көптеген ішкі процестерден хабардар екені белгілі.
– Біз, әрине, бақылау жасаймыз, бірақ, мен нақты цифрларды білмеймін, олардың жоспарлары қандай екенін компаниядан нақтылап алу керек... Мен түрлі жобалардың түрлі кезеңдерде тұрғанын білемін...
– Сізге, Қазақстандағы американ үкіметінің өкілі ретінде Теңіз мұнайының өзіндік құны белгілі ме?
– Мен комментарий бермеймін, толық ақпаратты білмеймін...
– Сұхбатыңызға рахмет!
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН