Сонау шалғайдағы Жерорта теңізіндегі қайғылы оқиға кезінде кеме бортында біздің төрт жерлесіміз болғандығы анықталған кезде қатты уайым шектік. КОРСУНСКИЙЛЕР отбасы «Коста Конкордия» круиздік лайнерінің бортында төрт мыңнан аса туристермен бірге демалыпты. Олар апаттан аман қалып, өткен жексенбі күні аман-есен үйлеріне оралған еді.
Естеріңізге салсақ, «Коста Конкордия» 2012 жылғы қаңтардың 13-нен 14-не қараған түні итальяндық Джильо аралының жағалауында суға батқан болатын. Бүгінгі күні 16 адамның денесі табылған. Хабар-ошарсыз кеткендер қатарында 20 шақты жолаушы мен экипаж мүшелері бар. Круиздік лайнердің бортында команданың мың шақты мүшелерін қосқанда барлығы 4234 адам болған.
Үшінші мәрте дүниеге келу
Мен оны дүниеге қайта келуімен құттықтадым, сөйтсем бұл 56 жастағы Наталья Александровна КОРСУНСКАЯҒА тағдырдың жасаған бірінші сыйы емес екен.
- Екі жаста болғанымда біз сол кездегі Порт-Шевченкоға экспедицияда жүрген әкеме шағын ұшақпен ұшып барған едік, - деп еске алады ол. – Қалың тұман болып, ұшақ қонар кезде ұшағымыз құлап, жанып кетті. Тек анам екеуміз аман қалыппыз. Анам қатты күйік алды, ол өртенген сынықтардың арасынан жолаушылар мен команда мүшелерін шығарып алмақ болыпты. Ал менде сол апаттан тек кішкентай тыртық қана қалды.
Наталья маңдайына түскен шашын қайырып, тыртығын көрсетті. Бірақ маңдайындағы кішкентай тыртық байқалмайды деуге болады.
Ол ажал шеңгелінен екінші мәртеде де ешқандай жарақатсыз аман құтылыпты. Оның үстіне, өзі жақсы көретін адамдардың бәрі: Александр мен Владимир және келіні Кира аман қалған.
Бұл қалай болды
- Сол күні «Коста Конкордия» итальяндық жағалауға шынжырланып бекітілген соң біз Римге жүріп кеттік. Бұл круиздің үшінші күні және итальяндық үшінші қала болатын, - деп әңгімесін жалғастырды Наталья Александровна. – Күні бойы Мәңгілік қаланы тамашалап, лайнерге оралған соң мейрамханаға барып, үлкен ұлымның туған күні мен Ескі Жаңа жылды атап өту үшін соңғы, 11-қабатқа көтерілдік. Бізден екі метрдей жердегі үстел басында жас әйелмен бірге біздің лайнеріміздің капитаны Франческо СКЕТТИНОНЫҢ (ашығын айтқанда, апаттан кейін Корсунскийлер капитанды өзара басқа атпен атайтын болған. Қалай екенін болжау қиын емес, бірінші буындағы дауысты дыбысты өзгертсе жетіп жатыр– З.Б.) отырғанын байқап, таң қалдық, бірақ сыр бермедік.
- Бізге шарапты бөтелкемен берді, ал оған графинмен құйып апарды деп әзілдеп те алған едік, - деді анасының сөзіне қосылған кіші ұлы Владимир. – Капитан қасындағы серігімен қол ұстасып мейрамханадан шығып кеткен кезде қас қарайып қалған болатын.
- Ал біршама уақыттан кейін қатты екпінмен соғылған соққыны сездік. Үстел үстіндегі ыдыс-аяқтар құлап, төменгі қабаттардағы кормадан әйелдердің шыңғырған, балалардың жылаған дауыстары естілді, - деп есіне түсірді Наталья. – Соққыдан ыстық судың шлангасы үзіліп кетіп, кормадағы адамдардың күйіп қалғанын кейін білдік.
- Сонда Скеттино кеме бағытын кім үшін өзгерткен, досы үшін бе әлде сылқым бикеш үшін бе?
- Әркім әртүрлі айтады, бірақ соққы ол қызбен мейрамханадан шығып кеткеннен кейін бірнеше минуттан соң орын алды.
- Содан соң сіздер палубаға қарай лап қойдыңыздар ма?
- Жоқ, олай етпедік. Сағат 21.15-те соққы болды, бірақ ешқандай дүрбелең болмады. Бізді тыныштандыра бастады, қызметкер бәрін жинастырып, қайтадан тамақ әкелді. Бірақ 10 минуттан кейін залға аспаздар мен даяшылар шығып, бәріне мейрамханадын шығып, каюталарына кірулерін өтінді. Біз 7-ші қабатқа орналасқан едік. Жарық тек дәліздерде ғана жанып тұрды, каюталар қараңғылық құшағында болатын. Бірақ динамика арқылы түрлі тілде: «Жағдай бақылауға алынды, бұл электр жабдығына қатысты проблемадан туындап отыр» деп хабарлап жатты. Барлығы дәлізге шығып, не болғанын анықтамақ болды. Ертерек ұйықтап қалған кейбір егде жолаушылар оянып, дегбірсіздене дәлізді ерсілі-қарсылы кезе бастады. Бірақ, қайталап айтамын, дүрлігіс болған жоқ: ешкім де сұмдық жағдайдың болғанын білмеді, бәрі де желілерге қатысты ақаулар орын алған ғой деп ойлаған еді.
- Егер жағдайдың қиын екенін бірден хабарлағанда, дер кезінде адамдарды көшіргенде құрбандар болмас еді, - дейді Владимир. – Бірақ оның уақыты өтіп кетті. Лайнер қисая бастады, бірақ сонда да бізді тыныштандыруды жалғастыра берді. Кенет сиренаның дауысы шығып, 7 қысқа гудок, 1 ұзақ гудок беріліп, дабыл белгісі соғылды. Алдын ала жүргізілген нұсқаунамаға сәйкес бұл жиналу орнына бару керек дегенді білдіретін еді. Бірақ ол орынның қайда екенін, оған қалай бару керектігін ешкім де білмеді. Төтенше жағдай бола қалғанда әрекет ету жөніндегі үйрену оқулары, неліктен екені белгісіз, Савонеге жеткеннен кейінгі (ал біз ақыры оған жете алмадық) төртінші күнге белгіленген. Содан соң сирена үнсіз қалды, алайда нұсқаунама бойынша ол үздіксіз берілуі тиіс. Бірақ бірінші ескертуден кейін адамдар палубаға жүгіріп шығып, палубаға бойлай бекітілген катерлерге лап қойды. Ал ол жерде топалаң боп жатқан еді - адамдар катерлерге қарай ұмтылды, бірақ оларды жібермей жатты. Мен: «Сендер не істеп жатсыңдар?! Адамдарды жіберіңдер!» - деп айқай салдым. Кенет: «Эвакуация!» деген дауыс естілді де, қақ алдымыздан катерлердің есіктері ашыла кетті. Біздің жолымыз боп кетті, бірақ анам екеуміз аға-жеңгемнің қайда екенін білмедік, ал олар палубаның келесі жантайған жағында болған екен. Олардың катерлері сол кезде су бетіне жанасқан болса (оны кейін білдік), біздікінің, керісінше, биіктікте болғаны сондай, оны ұзақ уақыт су бетіне түсіре алмадық. Бірінші рет жұлқып қалғанымызда ол су бетіне ауыңқырап қисайып тұрды да, төменге гүрс етіп түсті. Айқай-шу басталып, біреулер лоқсып жатты, ал катер шайқалып тұрды. Біз батып бара жатқан лайнерді үш рет айналып өтіп, тек содан кейін ғана 150 метрдей жердегі Джильо аралына бет алдық. Бірақ біз жарты сағат бойына жағалауға аяқ баса алмадық. Сөйтсек, штурвалда сол күні кеште бізге мейрамханада қызмет көрсеткен филиппиндық даяшы мен аспаз үндіс отыр екен. Олар ақыры катерді шынжырлай алмай, бізді пирске арқанмен тартып шығарды. Мен филиппиндықтан: «Хуанито, сен «Конкордиоға» қайта барасың ба? Ана жақта адамдар қалды, оларды алып шығу керек қой» - деп сұрадым. Ол басын шайқады. Олардан шынымен де пайда жоқ еді, алайда қолданыстағы ереже бойынша, егер кеме апатқа ұшырай қалса, лайнердегі қызмет көрсетуші персоналдардың катер жүргізе білуі және жолаушыларға алғашқы көмек көрсетулері тиіс. Менің мамандығым – кеме аспазы, бізді осылай үйреткен еді.
Олар жағалауға жеткенде түн ортасы болыпты. Наталья пирсте отырып, құдайға жалбарынды. Сөйтіп, ана тілегі қабыл болды: сол түні жағалауға соңғы боп жеткен катерден ұлы мен келіні аман-есен түсіп келе жатты...
Үйге дейінгі ұзақ жол
Бұдан асқан бақыт жоқтай көрінген еді. Бірақ «жұт - жеті ағайынды» дегендей, үйлеріне оралған кезде бастан кешкендері борттағы сұмдықтан кем түспеді. Ақшалары, кәртішкелері, телефондары, жеке заттары – бәрі де суға батқан кемеде қалды. Ешкім де соңғы сәтке дейін апат болуы мүмкін екендігіне сенбеген еді. Сондықтан зардап шегушілерді қабылдаған Джильо аралында тіпті жартылай жалаңаш адамдар да кездесті. Көпшілігі катерлерге мейрамханада, кинотеатрда отырған, бассейнде жүрген жерлерінен жүгіре жеткен ғой. Ал Италияда бұл маусымда күн жылы болады, су температурасы +15...
Жеңіл күртешесінің қалтасынан Наталья теңге салынған аздаған ақшасы бар әмиянын, ұлдарының бірінің шалбарының артқы қалтасынан несиелік кәртішкесін тауып алады. Бар болғаны сол.
Қазақстандық консулмен олар тек құтқарылғаннан кейін бір тәулік өткен соң жүздеседі. Оларға бортта қалған құжаттарының орнына уақытша құжаттар алу үшін Римге баруларына тура келді. Ал Италиядағы Қазақстан елшілігінде дауыс беріп жатқан еді – жексенбіде сайлау күні болатын. Консул оларға уақытша құжаттар ұсынып, дауыс беруге кеңес берген.
- Содан кейін бізді Италиядағы Қазақстан елшісі Алмаз Насрединұлы (ХАМЗАЕВ, Италия Республикасындағы, Мальтадағы және Сан-Маринодағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі – З.Б.) өзіне шақырып алды. Ол апатқа қатысты бүкіл осы хикаяны өз аузымыздан естігісі келіпті. Оның өзіне баурап алатын, дәрежелі адам екені сезіліп тұрды. Содан кейін елші бізді шығарып салып тұрып, өз қалтасынан 400 евро берді. Бұл біз үшін ең қажет көмек болатын, өйткені біздің қалтамызда көк тиынымыз қалмады. Ал үйге оралуға әлі бір аптадай уақыт бар болатын.
Корсунскийлердің кері қайту билеттері қолдарында болған, бірақ оны пайдаға асыра алмапты. Өйткені «Құжатсыз ешкім де емессің» деген сөздің ащы шындығын өз бастарынан өткерген.
«Коста Конкордия» туроператоры оларға круиздің соңғы нүктесі - Барселонаға дейінгі ұшу ақысын төлеген. Ертеңгісін олар отельге үш күнге нөмірлер брондалып қойылған Парижге ұшып кетулері тиіс болатын. Бірақ оларды Испания жібермей қалыпты. Сөйтсе, Италиядағы консул білмеді ме, әлде ұмытып кетті ме, құжаттарға полиция мөрін басу керек екен. Бұл сол «Конкордияның» бақытсыз жолаушылары екендігін дәлелдеу үшін керек көрінеді. Сөйтіп олар Барселонада Мәскеу рейсін күтіп қалып қояды. Өйткені олар Мәскеу арқылы елге жеткен болатын.
- Соңғы ақшамызға жылы киімдер, аяқ киімдер сатып алдық, бәріміздің үстімізде жеңіл-желпі киімдер болатын. Ал біздің жақта қыс қой, - дейді Корсунскийлер. – Сөйтіп Мәскеуге қарай ұшып кеттік. Бірақ рейсіміз транзиттік болғандықтан Прага арқылы ұштық. Ол жерден бар болғаны бір терминалдан көрші терминалға өту ғана қалып еді...
Наталья Корсунская және оның ұлы Владимир: "Үйге де жеттік-ау, әйтеуір!"
Алайда чехиялық астана әуежайында Прага-Мәскеу рейсінің бортына отырудың орнына, олар алдын ала қамау камерасына отырып шығады...
- Маған өмірімде әлгі чех полицейі секілді ешкім айқайлап көрген емес, - деп күрсінеді Наталья Корсунская. – Жағдайды түсіндірмек болғанымызбен, ол тек: «Менің шаруам жоқ. Ол сендердің проблемаларың!» деп айқай салудан басқа ештеңе білмеді. Ұшаққа ауысып отыратын бір жарым сағат баяғыда өтіп кетті, ал біздің консулымыз ақыры келмеді. Содан соң әлгі полицей жақындап келді де, дауыс ырғағын өзгертіп: «80 евродан төлеңдер де, тайып тұрыңдар» деді. Бұл 360 евро болатын, ал бізде көк тиын жоқ еді. «Билеттер, міне, қолымызда ғой» деп, Мәскеуге сұраныс жасатуды өтіндік. Ресейліктер «қазақтарды құжатсыз қабылдамайтынын» айтыпты. Бітті, жағдай қиындады. Әйтеуір, бір кезде консул да жетті-ау. Содан соң ұзаққа созылған келіссөздер, көндіру, мәміле жасау әрекеттері басталды. Тек Федералдық қауіпсіздік қызметіне хабарласқаннан кейін ғана Мәскеу шығуымызға рұқсат берді. Сосын бізді екі полицейдің қарауылымен ұшаққа жеткізіп салды. Атырауға дейінгі біздің билеттеріміз ол кезде баяғыда «күйіп» кеткен еді. Сөйтіп Астраханға дейін несиеге жаңа билеттер сатып алуымызға тура келді. Ал сол жерден түнде таксилетіп үйімізге жеттік.
Наталья КОРСУНСКАЯ:
- «Коста Конкордия» шынымен де әсер қалдырады: бәрі жарқырап, жайнап тұр, музыкасы құлақты тұндырып, бейқам демалыс атмосферасына бөленген. Бұл өте алып теплоход, «Титаниктен» де үлкен. Ал бағытын айтсаңыз! Пальма-де-Майорка, Палермо, Рим, Савоне, Кальяри…
- Қымбат тұратын демалыс па?
- Білесіз бе, жоқ. Ұлдарым бүкіл маршрутты өздері таңдап, қалтамыз көтеретін оңтайлы бағыттарды іздеді. Ресейлік туроператорларда өте қымбат тұратын (қазақстандық туроператорларды айтпағанда) круиз американдық сайт арқылы төртеуімізге шамамен 5000 долларға шықты. Осы отбасылық демалысымызды көптен бері жоспарлап жүргенбіз.
Ал ең реніштісі, біздің заттарымыз әлі суға батпапты. Біз тұрған каюталар судың беткі бөлігінде қалған жағында болды. Менің телефон нөмірім трагедиядан кейінгі бірнеше күн бойына жасап тұрды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Владимир Истомин
Құжаттамадан
«Коста Конкордия» лайнері
Итальяндық туристік флотының «Коста Конкордия» (аудармасы: келісім жағалауы) флагмандық жолаушылар лайнері – Еуропадағы ең үлкен круиздік лайнер. 2006 жылы суға түсірілген. Ұзындығы 290 метржәне су ығыстырымы 112 мың тонна болатын «Жүзбелі курорт» бортқа 5000 адамға дейін (қызметкерлерді қосқанда) қабылдай алады. Оны жасау 450 млн евроға шыққан. «Коста» палубасында алаңы 2104 шаршы метр болатын ірі сауықтыру орталығы, екі жабық бассейн, мейрамханалар, барлар, ойынхана, кинотеатрлар, клубтар, концерт залдары, театр, сауда галереясы, сұлулық салондары орналасқан.