Атырау, 28 қараша 06:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Облыстық мемлекеттік басылымдар орталықтандырыла ма?

4 279 просмотра

Image 0

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВТЫҢ облыстық мемлекеттік газеттерді «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» акционерлік қоғамдарының басқаруына беру туралы ұсынысына қарсы болған қазақ тілді өңірлік басылымдардың редакторларының көпшілігі ел президентінің көмегіне жүгінді. Неліктен кенеттен олардың хаттары көптеген сайттардан «ғайып болды», Атырауда және басқа қалаларда бұл туралы не ойлайды?

Жергілікті «ақ үйдегі» кейбір шенеуніктердің сақтықпен жасаған комментарийлеріне қарағанда, бұл бастама оларды қуанта қоймаған секілді. Оның үстіне, бейресми ақпарат бойынша, акционерлік қоғамдар облыстық және аудандық басылымдарды қаржыландыруды өз мойындарына алуға әзір емес, бұл міндеттемені жергілікті атқарушы органдарға қалдырғылары келеді. Мұндай жағдайда өңірлер үшін өз баспа органдарын орталыққа берудің мәнісі жоқ.

- Біздің өңірімізде 7 аудандық және 2 облыстық газеттер бар, олар онсыз да көп уақыттан бері бір құрылымға – «Атырау Ақпарат» ЖШС-не біріктірілген. Сондықтан мен әрі қарай орталықтандырудың мәнісін көріп отырғаным жоқ. Бұдан басқа, бұл жергілікті жерлерде журналистерді қысқарту үрдісін туғызуы мүмкін. Бұл мәселе әзірге қаралуда, идея айқын ресімделген жоқ, сондықтан да мұның қалай болатынын елестету қиын, - дейді «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп ШАЛАБАЕВА.

«Атырау Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат ҚАМЕНОВТІҢ пікірінше, министрдің бұл ұсынысын талқылау әзірге әлі ерте екен, сондықтан ол ресми комментарий бермеді. «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ наразы болған әріптестерінің хаты туралы мүлдем естімепті.

- Біз бұл идея туралы тек жақында ғана білдік, облыс әкімінің орынбасары біздің басымызды қосып, осы туралы хабарлады, - деп әңгімеледі «Актюбинский вестник» облыстық газетінің бас редакторының орынбасары Ләззат БУХАНОВА. – Мен мұны шешіліп қойған мәселе, мемлекеттік тапсырыс жоғарыдан келетін болды деп түсіндім. Бірақ штаттарды қысқарту туралы әңгіме болған жоқ. Біздің бас редактор қазір Астанада өңірлік (негізінен мемлекеттік – З.И.) БАҚ-тар форумында жүр. Ол жақта бұл мәселе анағұрлым егжей-тегжейлі талқыланатын шығар.

«Приуралье» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Роза СЫЙЫҚОВАМЕН қысқа ғана әңгімелескенде, оның облыстық басылымдардың орталықтандырылуы мүмкін екені туралы әлі естімегендігі анықталды, сондықтан ол ахуалға қатысты өз пікірімен бөлісуге әзір болмады.

- Әзірлеу барысында бұл хат қазақ тілді газеттердің редакторларымен талқыланды. Елбасына жолданатын хаттың мәтіні кейбір сайттарда, мәселен, http://shyn.kz сайтында біраз уақытқа дейін қолжетімді болды, - деп ахуалға түсінік берді «Жетісу» облыстық газетінің бас редакторы Әміре АРИН. – Бірақ кейін оны ол жерден де алып тастады.

Сонау шалғайдағы талдықорғандық әріптесіміздің өзі бүкіл облыстық газеттерді екі республикалық газеттің қарамағына беру жөніндегі министрліктің бастамасына қарсы. Оның пікірінше, мұндай орталықтандыру орын алса, облыстардың саяси тынысының жарыққа шығарылуы жоғарғы сатыдағы баспа органдарының қатаң бақылауында болады және оның еленбей қалуына әкеп соғады.

Жалпы алғанда, министр Абаевтың даулы бастамасы мен одан кем түспейтін президентке жолданған редакторлардың хаты төңірегіндегі ахуал түсініксіз болып қалды. Енді аудандық газеттердің басшылары да өзерінің халдері нешік болады деп дағдарып жүрген болар. Айтпақшы, ертең министрдің қатысуымен өтетін аталмыш форумда көп нәрсе айқындалуы мүмкін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 қараша 2016, 22:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.