Жылыой ауданында табиғи суды тиімді пайдалану мақсатында екі кезеңнен тұратын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жобаның бірінші кезеңінде су бөгеттерін жасау үшін Құрсай өзегі мен Құржем өзенінің бойында шлюздер орнатылмақ. Екінші кезең бойынша Құлсары қаласын кесіп өтетін Құрсай өзегінің бойын тереңдетіп қазу, тазарту және Құрсай өзегінің айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Тағы бір жаңа жоба - Батыс Прорва кен орнынан бес шақырым жердегі кеме айлағының құрылысы.
2011 жылы жылыойлықтар қанша күш жұмсап, тырысқанымен «Бақашы» су қоймасына Мұғалжар тауынан келген табиғи суды бөгей алмады.
Төрт жыл бұрын Құрсай өзегінің бойын тереңдете қазу жұмыстары жүргізілген болатын, бірақ, бұл суды тиімді пайдалану мәселелерін шешуде жеткіліксіз еді.
- Екі кезеңнен тұратын жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 25 млн теңге бөлінген болатын. «Балқаш» су қоймасына шлюздер орнату және Құрсай өзегін қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз, - дейді Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВ.
- Кезінде «Бақашы» су қоймасына шлюз орнатылып, ол қатты ағынды суға төтеп бере алмай, істен шығып қалған болатын. Бұл жайт қайталанады деп қорықпайсыз ба?
- Бұл қайталанбас үшін біз шлюзді «Бақашы» су қоймасының су көп келетін орта тұсына емес, ағысы жай «Құрсай» өзегіне шығар тұсына орнатамыз деп шештік. Бұл ағыны қатты судың бұзып, жаруына мүмкіндік бермейді. Құржемге келетін суды біз ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланбақпыз. Бұл жерге екінші шлюз орнатылмақ.
- Екінші кезеңді жүзеге асыру үшін қанша қаражат қажет?
- Бұл жобаны жүзеге асыру үшін ТШО «Игілік» бағдарламасы арқылы 995 млн теңге бөлмек. Жоба бойынша 10 шақырымға созылған Құрсай өзегінің бойын терең қазып, қалың қамыстан тазарту және көпір тұстарын абаттандыру жоспарланып отыр. Қаланың орталық бөлігіндегі екі көпірдің айналасын абаттандырамыз. Жұмыстарды 2017 жылы бастауды жоспарлап отырмыз.
- Кеме айлағының құрылысы жайлы айтып өтсеңіз...
- Қазір ТШО компаниясы кеме айлағының құрылысын бастап кетті. Бұл Теңіз кенішінде зауыттың 3-ші кезеңі басталуына байланысты туындап отырған қажеттілік.
Ауыр жүктер енді Атырау облысына су жолдары арқылы жеткізілмек. Кеме айлағының 90 пайызы ТШО-ның, ал 10 пайызы «ТеңізСервис» ЖШС-нің үлесінде болмақшы. Алты жылда зауыт толық жаңартылған соң айлақ «ТеңізСервис» ЖШС-нің иелігіне өтеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА