Атырау, 23 қараша 22:17
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жыры бітпеген жатақхана

2 423 просмотра

13 қаңтар күні өрт шыққан Баймұханов, 39 мекен-жайындағы жатақхана тұрғындары бірнеше күн бойына Атырау қалалық әкімдігінің табалдырығын тоздырды. Наразы болған жандар биліктен жаңа пәтерлер талап етуде.   

Естеріңізге салсақ, 13 қаңтар күні тал түсте жатақхананың екінші қабатындағы қойма орынжайынан өрт шыққан еді. Оқиға орнына жеткен өртпен күрес қызметінің бригадасы  ғимараттан отыз адамды алып шықты. Газға уланды деп күдіктелген тоғыз тұрғын (оның үшеуі  бала) ауруханаға жеткізілді. Тергеушілердің алдын ала жасаған жорамалдары бойынша өртке электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.

Он екі отбасы Қарттар үйіне уақытша орналастырылды. Сол күні жатақхананың тұрғындарынан құралған делегация қалалық әкімдікке барып, биліктен жаңа баспана талап етті.

Біз өрттен кейін осы жатақханаға барған едік. Тұрғындардың жағдайы шынымен де мүшкіл екен. Дегенмен де, атыраулық жатақханалардың көпшілігінің жағдайы осындай. Санитарлық тораптардың, газдың, жылудың, судың жоқтығын ескерсек, оның үстіне өрт шыққан болса, адамдардың жаңа баспананы талап еткендігіне таң қалудың жөні бар ма? Тұрғындардың айтуынша, бұл жатақхананың бірінші рет тұтануы емес екен. Ғимараттың өзі де бірнеше жыл бұрын апатты деп жарияланыпты.

Дегенмен, осы жерде тұратын ІІ топ мүгедегі Жамал БИСЕНҒАЛИЕВАНЫҢ бұл ахуалға қатысты өз пікірі бар екен.

- Менің пәтер алу кезегінде тұрғаныма көп жыл болды, - дейді ол. – Мұндай жағдайда өмір сүру мүмкін емес екендігін түсінемін, бірақ көршілерімнің кейбір әрекеттерін қолдамаймын. Жатақхананың осындай нашар халде болуына тұрғындардың өздері де кінәлі. Өткен жылы қалалық әкімдіктің қолдауымен біздің барлық қабатымыздағы дәретханаларды жөндеп берді. Содан бері бір жыл да өткен жоқ, санитарлық тораптарға жөндеу жүргізіл-гендігін тек қабырғада қалған кафель плиталары ғана еске түсіреді. Бүкіл унитаздарды алып тастады, бәрін сындырып, осы жерді қоқыс орнына айналдырды. Мұны сырттан  ешкім келіп жасап кетпейді, бұл осы жерде тұратындардың ісі. Олар енді келіп, сымдардың тозуынан өрт тұтанды деп жар салып жатыр. Ондай түгі де жоқ! Өткен жылдың қарашасында біздің үйдің бүкіл желісін ауыстырып, жаңа электр қалқанын орнатып кетті, әр қабатқа жеке ажыратқыш, әр үш пәтерге жеке электр тарату қораптарын қондырды. Олар айтып отырғандай, өрт тозған желіден тұтанған жоқ, бұл тұрғындардың салдыр-салақтығынан орын алып отыр. Бұлардың бәрі, неге екені белгісіз, тұрғындардың көпшілігі кәдімгі жылытқыштармен емес, қолдан жасалған «козелдармен» жылытатыны туралы жақ ашпай отыр. Олар жаңа желіден бетер қатер төндіреді ғой.

Екінші қабаттың тұрғындары өз пәтерлерінің әрі қарай тіршілік етуге жарамсыз екендігін растап отыр. Алайда өрт кезінде тек алты метрлік қойма орынжайы мен бүкіл қабатқа тартылған электр желісі ғана өртенген. Оларға келтірілген негізгі зиян – ыс басқан есіктер мен қабырғалар және күйген сымның ащы иісі ғана.

Айта кетелік, ызаланған тұрғындар ұзақ уақыт бойына қалалық әкімдік жіберген жөндеу бригадасын ішке кіргізуден бас тартқан. «Бізге жөндеу неге керек? Бұл жерде бәрібір өмір сүру мүмкін емес қой», - деп түсіндіреді Жамал апаның көршілері.

- Адамдар төтенше жағдайды пайдаланып, жатақханаға қатысты айқай-шу көтеріп отыр. Бірақ олар ең басты нәрсені ұмытқан: қай жерде болмасын, тұрып жатқан жағдай ең алдымен олардың өздеріне байланысты болады ғой, - деп есептейді Жамал Бисенғалиева.

Шынымен де, подъезге кірер ауызда шашылып жатқан қоқысты контейнерге апарып салуға болады ғой. Ал әйнегі жоқ терезе жақтауын ең болмағанда клеенкамен қаптағанда, дәлізде жел гулеп тұрмас еді.

18 қаңтарда жатақхана тұрғындарының делегациясы қала әкімімен кездесуге қол жеткізді. Мереке ЕСМҰРАТОВ ашулы топты ықыласпен тыңдап алып, жаңа баспанаға көшіру мәселесін мүмкіндігіне қарай біртіндеп  шешуге уәде берді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Владимир ИСТОМИН

25 қаңтар 2012, 23:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.