Менделеев кестесіне бай Индер жер қойнауын өңдеумен ешкім айналыспай отыр. Осы және өзге де мәселелер жайында кәсіпкерлік палатаның Индер аудандық филиалының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ (суретте) айтып берді.
- Мырзабек, алдымен аудандағы кәсіпкерлік жайы туралы айтсаңыз.
- Бүгінгі таңда аудандағы шағын бизнес субьектілерінің саны 1 986-ға жетсе, оның ішінде белсендісі – 1 873 (43 заңды тұлға, 1 599 жеке кәсіпкер, 231 шаруа қожалығы). Онда жұмыс жасайтын 2 406 адам бар.
Бұл 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, шағын бизнес субьектілерінің өсімі 7,6 пайызға, белсенді субьектілер 6,4 пайызға артқанын көруге болады. Соңғы тоғыз айда ауданда 40 жобаны іске асыруға 155 млн теңге көлемінде несие берілді. Оның ішінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Атырау өкілдігі арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен екі адамға жалпы көлемі 24 млн 769 мың теңге болатын несие, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау өкілдігі арқылы алты адамға жалпы көлемі 33 млн теңге болатын несие, «Бизнес аймақ» бағдарламасымен бес адамға жалпы көлемі 28 млн 900 мың теңге болатын несие, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасымен 27 адамға жалпы көлемі 68 млн теңге болатын несие берілді. Бұл қаржыларды кәсіпкерлер жылыжай, стоматология, мейрамхана, кафе, дүкен, шаштараз салуға жұмсауда.
- Бүгінде аудан кәсіпкерлерін не толғандырады?
- Осы күнге дейін бізге кәсіпкерлерден 111 шағым түсті. Соның 16-нан басқасы оң шешімін тапты. Бізде кәсіпкерлерге несие берілсе, олар аяғынан нық тұрып кетеді деп есептейді. Бірақ, алған несиелерін жаба алмай жүрген кәсіпкерлер қаншама. Мәселен, 500 мың мен 3 млн теңге аралығында несие алған кезде бұл ақша бизнесті дамытуға жете ме деп ешкім бас қатырған жоқ. Бірақ, бұл қаржы құрылыстан және коммуникацияларды жүргізуден басқа ештеңеге жеткен жоқ. Айналып келгенде, кәсібі тұралап қалды, ал несиені қайтару керек.
- Жұмыссыздарға кәсіпкерлік ортаны дамыту үшін несие беру дегенге қалай қарайсыз?
- Мен қарсымын. Жұмыссыз адамдардың барлығы бірдей қаржылай сауатты емес. Және адамды бизнеспен айналысуға қалай мәжбүрлеуге болады? Кәсіпке икемі бар адам онсыз да мәжбүрлеусіз-ақ өз ісін ашады, ал жалдамалы жұмысты қалайтындар бәрібір іс ашып, жауапкершілікті мойындарына алуға бекінбейді. Ал алған несиелерді қысқа мерзім ішінде қайтару керек. Мен бұл жерде ең бастысы, адамның қабілеті мен икеміне қарау керек деп ойлаймын.
- Аудан кәсіпкерлері тағы қандай мәселелермен бетпе-бет келуде?
- Аудан кәсіпкерлері облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысы басқармасынан құрылыс салуға келісім алу кезінде қиындықтарға тап келеді. Сондықтан ауданда сол басқарманың бір өкілі болса немесе egov электронды үкімет порталы арқылы алу мүмкіндігін туғызса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге газ бен электр энергиясы тарифінің қымбаттығы көп іске қолбайлау болып жүргендіктен жеңілдік жасап немесе субсидияласа жақсы болар еді.
Біздің жеріміз жер қойнауына бай болғанымен өндірістер тұралап тұр. «Индертұз» АҚ мен «БиасТек» ЖШС өз жұмыстарын тоқтатты. Шикізат та, мал да жеткілікті болғанымен өз өнімімізді дамытуға мүмкіндік болмай тұр. Ауданда әлі күнге дейін көкөніс сақтайтын қойма мен мал өнімдерін ұқсататын цехтар жоқ. Мыңдаған адам Индер тұз көлі мен карьердің суы мен балшығын пайдалануға келгенімен ол жақта әлі күнге дейін сервис дамымаған. Сервисті дамытқысы келетін кәсіпкерлер бар, тек бір ғана шартпен. Көлге дейін жол салынған жағдайда және инфрақұрылымдар жүргізілген кезде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА