Осыдан 23 жыл бұрын Индер ауданы Есбол ауылында дарынды балаларға арналған Кулагино ұлттық гимназиясы ашылған болатын. Ұстаздардың алдына балалардың бойынан ұлттық рухты тәрбиелеп, зияткерлік мәдениетті қалыптастыру міндеті қойылды. Алайда, жүктелген міндет ауыр болды ма, әлде басқа ма, әйтеуір, гимназия білімнің қайнар көзіне айнала алмады.
АСПАННАН ЕШКІМ ДЕ САЛБЫРАП ТҮСПЕЙДІ
Гимназияға алғашқы іріктеу Есбол ауылындағы екі мектептің оқу үлгерімі жақсы оқушылары арасында жүрді. Бірақ, жәй мектептің бағдарламасымен оқытылды.
Қазір гимназияда 29 мұғалім жұмыс істейді, оның тоғызы ғана жоғары санатқа ие. Гимназия 120 оқушыға арналғанымен қазір мұнда 180 оқушы оқып жатыр.
Соңғы бес жылда бірде-бір оқушы «алтын» медаль алмаған, тек тоғыз оқушы «қызыл» аттестат алған. Ал грантқа 2011-2012 оқу жылында төрт оқушы, 2012-2013 оқу жылында екі оқушы ие болса, одан бері бірде-бір түлек грантқа қол жеткізе алмаған.
Соңғы бес жылда республикалық олимпиадада ешбір оқушы жүлделі орындар алмаған, ал облыстық олимпиададан жеті оқушы жетістікке жеткен.
Өткен жылдың желтоқсанында гимназия бес жылда бір рет келетін аттестациядан өтпей қалды. Атырау облыстық Білім беру саласындағы Бақылау департаменті білім сапасын қанағаттанғысыз деп бағалаған. Осы жылдың мамыр айында аттестациялаудан екінші рет өтуге тура келген.
- Неге екенін білмеймін, біздің барлық мұғалімдеріміз білікті мамандар. Түлектер неліктен ҰБТ-да қобалжып, жақсы нәтижелер көрсете алмағанын білмеймін. Қобалжыды ма? Әйтпесе, білімді оқушылар жетеді, - дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра ТӨЛЕПОВА.
- Мен гимназияның өз мәртебесіне сай емес екенін түсінемін, - дейді Кулагино ұлттық гимназиясының директоры Асхат ТІЛЕКҚАБЫЛ. – Себеп көп. Біріншіден, 18 жыл бойы гимназия жәй мектептің бағдарламасымен оқып келді. 2011-2012 оқу жылына дейін қосымша сағаттар қаражат жетпейді деген желеумен берілмей келді. Екіншіден, гимназияға дарынды, қабілетті балаларды іріктеуден өткізу жайына қалды. Кім келді, соны қабылдадық. Үшіншіден, дарынды балалар үшін мектепке жылына 1500 сағат есебінен жоғары білікті мамандардан шарттық негізде жекелеген курстар мен дәрістер алу мүмкін болмай отыр.
ГИМНАЗИЯНЫҢ КЕЛЕШЕГІ НЕ БОЛАДЫ?
Гимназия 2000 жылы бұрынғы балабақшаның орнына көшіп келген. 2008 жылы күшті желдің салдарынан гимназия ғимаратының шатыры жұлынып кетіп, қалпына келтірілген. Бірақ, бұл ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимарат дәлізі тар (суреттерде). Едендері мен қабырғалары ойқы-шойқы, терезе мен есіктері ескі. Жыл сайын жәй жөндеуге бөлінген қаржы әктеп, сырлаудан ауыспайды екен. Гимназияда спортзал жоқ. Сынып кабинеттері тар, жиһаздар 16 жылдан бері жаңартылмаған.
- Бұдан үш жыл бұрын түлектеріміз мұғалімдер бөлмесіне екі шкаф пен үстелдерді сыйға тартты. Біз оларға ризашылығымызды білдіреміз, - дейді гимназия мұғалімдері.
- Гимназия жабылады деген әңгіменің жыл сайын айтылып жүргені рас па?
- Өкінішке орай, ондай әңгіме бар. Ғимарат жөндеуді қажет етіп тұр. Біздің материалдық базамыз нашар. Бұл оқу үлгеріміне кері әсер етуде. Оның үстіне білікті мұғалімдер тұрақты жұмыс табуға тырысып, бізде көп тұрақтамайды, - дейді гимназия директоры А.Тілекқабыл.
Жағдайға аудан әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВ түсінік беріп өтті:
- Біз облыс басшылығына аудан орталығында гимназия салуды ұсындық. Осы жылдың аяғы немесе осы оқу жылының соңына дейін гимназияның мәртебесін жәй мектепке ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Есбол ауылындағы Кулагино орта мектебінің ғимараты 1938 жылы салынған. Сол себептен облыстық әкімдікке жаңа мектеп құрылысын салу қажеттігі туралы ұсынысты жолдадық. Егер бұл жоспарымыз жүзеге асса, онда ғимаратта мектеп те, гимназия да орналаспақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА