Атырау, 23 қараша 22:05
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жолда қалған жобалар

1 846 просмотра

Облыста ауыз сумен қамтудың аймақтық бағдарламасы осылай орындалуда

Есеп комитеті Атырау облысында бірқатар қаржылық заң бұзушылықтардың орын алғандығын анықтады.

Тексерулер

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі ҚР Есеп комитеті Атырау облысының әкіміне республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің қажетті көлемін айқындау кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдарының көлемін есепке алу, сумен жабдықтау желілерінің құрылысын аяқтауды тапсырды.

Есеп комитеті «Ауыз суды қамтамасыз етудің 2003-2010 жылдарға арналған, сондай-ақ денсаулық сақтауды дамыту және реформалаудың 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламалары толық көлемде орындалмаған, Білім беруді дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілмеген» деп бағалады.

Сондай-ақ, Құрманғазы ауданының Жыланды ауылындағы, Индер ауданының Аққала, Гребенщик және Құрылыс ауылдарындағы құрылысына 266,9 млн теңге жұмсалған 4 сумен жабдықтау объектісін қаржыландыру 2010 жылдан бастап тоқтатылғандығы атап өтілді.

«Нәтижесінде аталмыш елді мекендердің тұрғындары осы уақытқа дейiн ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Индер ауданы Индербор ауылындағы сметалық құны 642,8 млн теңге құрайтын су тазарту құрылыстары мен желілері мемлекеттік комиссияның қабылдауынсыз пайдаланылып жатыр. Екі аудандық емхана мен ауруханада 169,8 млн теңгеге орнатылған жабдықтар пайдаланылмай отыр»,- делінген Есеп комитетінің баспасөз релизінде.

Есеп комитетінің мәліметтері бойынша, 2009-2011 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті бюджетке 1,8 млрд теңге аударған, алайда 1 млрд. теңгеден астам қаражаттың қайда пайдаланылғандығы анықталмаған күйде қалған.  Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру саласында нақты кемшіліктердің орын алғандығы көрсетілді. Айталық, барлық салада (біздің білуімізше бізде ондай жобалардың алтауы бар) ірі құрылыс объектілері бойынша конкурстық құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылмаған.

«19 объектінің құрылысы бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасыз басталған. Уәкілетті органдардың рұқсатынсыз жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге жұмыстар орындалған. Шығындары 96,7 млн теңгені құрайтын технологиялық және авторлық қадағалау мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен жүзеге асырылған. Мердігерлерге орындалмаған және сапасыз орындалған жұмыстар үшін жалпы сомасы 43,6 млн теңге төленген. Мердігерлік шартына жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және оған мемлекеттік сараптама жүргізуге 87,8 млн теңгеге қайтадан ақы төлеу негізсіз енгізілген»,- деп баспасөз релизінде нақтылайды.

Есеп комитетінің мәліметтері бойынша, «Жайық Балық» КМК-де көтеріңкі бағамен, яғни, 3 млрд 545,7 млн теңгеге сатып алынған жабдықтар әлі күнге пайдаланылмай отыр. Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметіне  бюджеттік инвестициялық жобаларды республикалық және жергілікті бюджеттерден бір мезгілде қаржыландыруға жол бермеуді қамтамасыз ету бойынша бюджеттік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ «Жайық Балық» КМК-ні республикалық меншікке өткізу, оған мемлекеттік монополия субъектісі мәртебесін беру мәселесін қарауды ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларының сақталуына тексеру жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Сәния ТОЙКЕН

25 қаңтар 2012, 22:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.