Атырау, 28 қараша 06:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Туберкулез: сырқаттану мен өлім саны азая бастады

3 580 просмотра

Атырау облысындағы туберкулезге шалдыққандардың басым бөлігі: 1 080 пациенттің 786-сы сырқаттың дәріге төзімді түрімен ауырады. Бұл факт өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Жаңабай САҒИЕВТЫҢ және денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркіменбай НҰРЖІГІТОВТІҢ қатысуымен өткен брифингте айтылды.

ҚАУІПТІ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗ НАУҚАСТАР ТУРАЛЫ

Фтизиатрлар соңғы 10 жылдың ішінде туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштердің едәуір төмендегенін айтады. Сырқат 100 мың тұрғынға шаққанда 2006 жылы 204,4 жағдайдан 2015 жылы 78,5 жағдайға төмендеген. Өлім саны 100 мың тұрғынға шаққанда, 2006 жылы 20,3 жағдайдан 2015 жылы 2,6 жағдайға дейін азайған. Бірақ дәріге төзімді түріне шалдыққан науқастар саны көбейген.

- Өйткені, бұрын (мен бұл салада 1994 жылдан бері жұмыс істеп келемін) бізде туберкулездің түрін анықтауға мүмкіндік болған жоқ. Бүкіл пациенттерді бір стандарт бойынша бірдей препараттармен емдедік. Біреулері ауруды жеңді, біреулері көз жұмды, - дейді Түркіменбай Нұржігітов. – Бактек және G-Xpert секілді заманауи гендік-молекулярлық бактериологиялық зерттеу әдістері енгізілгеннен кейін бізде диагностикалық мүмкіндіктер күрт жақсарды. Тиісінше, анықталған дәріге төзімді түрімен ауыратын науқастар саны көбейді. Осыған байланысты біз анықталған науқастарды емдеуді тиісінше олардың эпидемиологиялық мәртебесіне сәйкес мамандандырылған ауруханаларда немесе амбулаториялық жағдайда Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету (БМСК) мекемелерінде бақылауға мүмкіндік беретін шаралар аламыз. Егер пациент дәріге төзімді туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын болса, онда оны бізде туберкулезге қарсы күрес ауруханасында емдейміз. 2-4 айдан кейін ол айналадағы адамдар үшін қауіпті болмаған кезде, ем алуды басқа жағдайда жалғастырады. Осылайша біз науқастарға қайта жұқтырудың алдын ала аламыз. Ал бұрын дәріге төзімді және төзімсіз түрімен ауыратын пациенттер бірге емделіп, бір-біріне жұқтыратын.

Ол сонымен қатар, 2015 жылы үш облыста – Маңғыстау, Қостанай және Павлодар облыстарында туберкулезді біріктірілген бақылаудың ұлттық стратегиясының тәжірибесі енгізілгенін әңгімеледі. Оң нәтижелерден кейін ұлттық стратегия бүкіл елімізде енгізілді. Енді науқастарды емдеудің тиімділігін арттыру үшін диспансерлік бөлімдер алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру мекемесіне берілді. Ал қаржы ресурстарын мақсатты және үнемді пайдалану үшін бүкіл аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханалары бір заңды тұлға ретінде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне біріктірілді.

- Қоғамда туберкулезбен ауыратындар ауру түріне қарамастан қоршаған орта үшін өте қауіпті деген стеоротип қалыптасқан. Адамдар туберкулезбен ауыратын пациенттер басқа пациенттермен бірге амбулаториялық түрде емделеді деп наразылық білдіреді. Бірақ бұл жерде айналадағылар үшін қауіпті емес науқастар туралы айтылып отырғанын түсіну керек. Олар қарқынды емдеуден өткен және қазір қолдау емдерін алуда, - дейді Жаңабай Сағиев. - Өздеріңіз ойлаңыздар, туберкулездің кейбір түрлері 20 ай емделеді, оның 8 айын адам стационарда өткізеді. Егер қолдау емін алу үшін күніне бірнеше таблетка ішу керек болса, неліктен ол тағы бір жыл ауруханада жатуы тиіс? Ал оның отбасы, балалары бар, оларды асырауы керек қой. Қазір заң бойынша қолдау емін алатын пациенттердің заң бойынша жұмыс жасауға құқығы бар. Оның үстіне бізде науқастардың толық тіркелімі бар. Біз олардың қайда және қандай ем алып жатқандарына бақылау жасаймыз.

СОТ ШЕШІМІ БОЙЫНША ЕМДЕУ

Қазіргі кезде облыстағы туберкулезге қарсы күрес мекемелеріндегі кереует қоры 885-тен 515 кереуетке дейін қысқарған. 2015 жылы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің екі бөлімі мен 30 кереуеттік Қызылқоға аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасы жабылды, 2016 жылы 50 кереуеттік Жылыой аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасы жабылды. Құрманғазы аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының кереует профилі өзгерді. Ж.Сағиевтің айтуынша, Жылыой мен Қызылқоғадағы ауруханалар тек жартылай пайдаланылатындықтан жабылған. Кереуеттердің бір бөлігі бос тұрып қалған.

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 300 кереует бар, бұл жерде хирургиялық бөлім, балалар бөлімі және туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауыратын науқастарға арналған 100 кереует бар. Осындай науқастар үшін облыстағы кереуеттер саны 115-тен 215-ке дейін көбейген.

Бұдан басқа, мәжбүрлі емдеу де бар. Кейбір пациенттер емделуден бас тартқан кезде өз денсаулығына ғана емес, айналадағы адамдардың да денсаулығына қауіп төндіретінін ескермейді. Ондай науқастарды ауруханаға сот шешімімен жібереді. Әзірге олар облыс орталығында емделеді. Бірақ Мақат ауданындағы аурухана жөнделгеннен кейін олар сол жаққа жіберіледі. Құрманғазы ауданында 75 кереуеттік стационар жұмыс істейді (50 кереует - туберкулездің ашық (жұқпалы) түрімен және 25 кереует - жабық түрімен ауыратын пациенттерге арналған). Бұдан басқа, Махамбет ауданында жұқпалы емес түрімен ауыратын науқастар үшін 100 кереуеттік аурухана бар.

Облыстың бас фтизиатрының айтуынша, болашақта қаржыландыру көлемін азайтпастан, туберкулезге қарсы күрес ауруханаларындағы кереуеттер санын тағы да қысқарту жоспарланып отыр. Үнемделген қаржы емдеуге, диагностикаға, реактивтер сатып алуға және басқа да туберкулезбен күрес қызметін жақсарту шараларына жұмсалатын болады. Мәселен, өткен жылы 92 млн 735 мың теңге бактериологиялық зертхана үшін зертханалық реактивтер, жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға және туберкулезге қарсы күрес мекемелерінің қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалған.

Маңыздысы сол – қызметкерлердің 85 пайызы жұмыстарын сақтап қалған. Құрманғазы ауданында 92 қызметкерден тек екеуін – ТҚ инженері мен экономисті ғана қысқартқан. Оларды жұмысқа орналастыру мәселесі жұмыспен қамту басқармасы арқылы шешіледі. Мақат ауданында 48 қызметкердің екеуі – екі зейнеткер қысқартылды. Махамбет ауданында 82 адамның екеуі қысқартылды, екеуі де зейнеткер. Индер мен Жылыой аудандарында, сонымен қатар, Атырау қаласындағы диспансерлік бөлімінде қысқарту туралы мәселелер туындаған жоқ. Қызылқоға ауданында 38 қызметкердің 36-сы жұмыспен қамтылған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

8 қараша 2016, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.