Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесін енгізуге және мектептерді 12 жылдық білім беруге көшіруге арналған баспасөз конференциясы өтті.
НӨЛ СЫНЫБЫ+11 СЫНЫП
Естеріңізге салсақ, 12 жылдық білім беруге көшу тәжірибесі Қазақстанда 2002 жылы басталған болатын. 2003-2004 оқу жылдарында тәжірибеге 51 мектеп, 2004-2005 жылдары тағы 104 мектеп тартылды. 2013 жылдың сәуірінде тәжірибеге қатысушылар оқу жетістіктерін сыртқы бағалау процесінде жоғарғы нәтижелерді көрсетті: орташа балл 38,7 болды. Бұл республикалық көрсеткіштен 2,8 баллға жоғары.
– 12 жылдық оқытудың мәнісі - мектепалды даярлық үшін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасын енгізу, яғни, 5-6 жастағы балалар үшін нөл сыныбы енгізіледі. 12 жылдық білім беру сызбасы былайша көрініс табады: «нөл сыныбы+11 сынып». Барлық сыныптардың жаңартылған мазмұнға ауысуы 2020 жылға қарай аяқталады, - дейді Білім министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп МАҚСОТОВА.
Жаңа жүйе кезеңмен енгізіледі: 2016 жылы ол тек бірінші сыныпта өтті, 2017 жылы екінші, бесінші, жетінші сыныптарда, 2018 жылы – үшінші, алтыншы, сегізінші, оныншы, 2019 жылы – төртінші, тоғызыншы, он бірінші сыныптарда болады.
Егер бүгінгі күні ҚР «Білім туралы» заңы ата-анасының қалауы бойынша мектепке 6 немесе 7 жастан бастап баруды белгілесе, енді 2019 жылдан бастап бала 6 жастан бастап міндетті түрде мектепке баруы тиіс.
12 жылдық білім беруге көшуді негізге ала отырып, Зейнеп Мақсотова бұл ереженің 2016-2019 жылдардың білім мен ғылымды мемлекеттік дамыту бағдарламасында бейнеленгенін атап өтті. Бұдан басқа, 34 еуропалық елді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында (ЭЫДҰ) балалар мектепке 6 жастан және тіпті, одан да ерте жастан бастап барады.
Тәжірибеден және сынақтан өтіп жатқан оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізімі бекітілді. Олар дер кезінде сатып алынып, мектептерге жеткізілді. Мақсотованың айтуынша, жаңартылған бағдарлама аясында оқу мен жазудың базалық дағдылары, математикалық, мәдени және азаматтық сауаттылық, ғылыми білім қалыптасатын болады. Жаңартылған мазмұнмен бірге бес күндік оқу апталығына көшу де біртіндеп жүзеге асырылады. Орта білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуге байланысты 2016 жылы 63 мыңнан астам педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
«КЕҢЕСТІК СТАНДАРТТАРДАН БАС ТАРТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ»
Үш тілділікті енгізу мәселесі де көптен бері талқыланып келеді. Бірақ ол 2018 жылы қаралады. Ал әзірге министрлік педагогика қызметкерлерін даярлаумен айналысуда. Қазір пилотты жобаға 75 пән мұғалімі қатысуда, оларды оқытуға 10 млн теңге бөлінген, курстар 4-5 айға созылады. Журналистер егер мұғалімдер алынған тілдік дағдыларды бірден қолдануды бастамаса (ал ағылшын тілінде оқыту 2019 жылы басталады), олар үйренгендерін ұмытып қалады деген пікірлерін білдірді.
Көпшілікті алаңдататын тағы бір мәселе – алты жасар балалар үшін бағдарлама әзірлеушілер қандай зерттеулерге сүйенеді? Бұрын мамандар ерте оқытуды бастау айтарлықтай физиологиялық ауытқушылықтарға соқтыруы мүмкін деп есептейтін.
– Одақ құлағалы 25 жыл өтті. Ал біз әлі оның стандарттарына қарайлаймыз. Ал ЭЫДҰ елдерінің балалары оқуды 5-6 жастан бастайды. Өз жобаларымызда біз олардың стандарттарына сүйендік. Оның үстіне, жаңартылған мазмұн кеңес дәуіріндегідей соншалықты ауыр бағдарлама емес, - деп жауап берді бұған ҚР Білім және ғылым министрінің PR жөніндегі кеңесшісі Майраш ТАЙКЕНОВА. – Назарбаев зияткерлік мектебі мен қазақ-түрік лицейлеріне бүгінде конкурстар көп, өйткені ата-аналар ол жерде жақсы білім берілетіндігін түсінеді. Біздің балалар да ең алдымен функционалдық білім алады. Жаңа стандарттарды баяғыда енгізетін уақыт болды. Тәжірибе 15 жыл жүргізілді. Үштілділіктің тек жоғарғы сыныптарда болатынын, жоғары сынып оқушылары тек таңдау бойынша екі пәнді – олардың қандай бағытты таңдайтындығына байланысты, айталық, химия мен биологияны немесе физика мен информатиканы ағылшын тілінде оқитын болады. Бұдан басқа, мен тағы бір нәрсені айтқым келіп отыр: егер 2019 жылға қарай мектептер де, балалар да, ата-аналар да, қоғам да үштілділікті енгізуге әзір болмаса, онда біз ешқайда асықпаймыз. Бұл біздің еліміз және біздің шешіміміз. Біз әдістемені жақсартуды, педагогтарды оқытуды жалғастыра аламыз.
Журналистер оқу күндерінің қысқартылуына байланысты педагогтардың еңбекақысы қалай өзгереді деп сұрады. Министрлік өкілдері мұғалімдердің жалақылары қысқартылмайды деп сендірді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА