Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының бастамасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Психикалық денсаулық күні 10 қазанда атап өтіледі. Қазақстанда әрбір төртінші адам психиатр маманның көмегіне мұқтаж.
Дұрыс жұмыс жасап, отбасын құратын пациенттер аз емес және олардың бізде есепте тұрғанын ешкім де білмейді, - дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі Тұрсынай КЕНЖИЕВА.
Көктемде және күзде психикалық науқас адамдардың аурулары асқынатынын журналистер дәрігерлерден кем білмейді. Жыл сайын осы уақытта редакцияға бірінен-бірі өткен қияли хикаялармен адамдар хабарласа бастайды. Бұл да ғажап емес - Республикалық психикалық денсаулық орталығының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, арнайы көмекке мұқтаж шекаралық күйдегі пациенттердің шамамен үштен бірі оларға жетпейді екен.
Тұрсынай КЕНЖИЕВА
Депрессия түрлі созылмалы сырқаттармен жасырынады да, адам өз ағзасының күйзеліске (стресске) осылайша әрекет ететінін түсінбестен, жылдар бойына емханада ұйқысыздықты, арқасын немесе асқазанын емдетеді. Ал психологиялық проблемалар білінбестен солай қалып қояды.
- Бізге, өкінішке орай, ауру адамдар келеді. Күйзеліске әлсіз адамдар (бізде осындай диагноз бар, бұл психикалық немесе неврологиялық ауру емес, шекаралық күй) емес, сырқат адамдар келеді. Кез келген адам күйзеліске реакция береді, мәселе тек оның қандай реакция жасайтындығында болып отыр. Пациенттердің бір бөлігі емханаларда «кептеліп» қалады, онда түп негізі шекаралық күй болып табылатын сырқаттарын емдетеді.
Ал бізге жүгінуге бел бумайды, өйткені, халық арасында психоневрологиялық ауруханада тек есі ауысқан жандар ғана емделеді деген пікір қалыптасқан. Осы стереотипті бұзу үшін біздің қызметіміздің жұмысына түрлі өзгерістер енгізілген. Біріншіден, біз атауын өзгерттік. Екіншіден, өз мамандарымыздың қызметін халыққа жақын етуді ұйғардық. Бұрын диспансерлерде қабылдаған учаскелік психиатрлар енді кәдімгі емханаларда отыр. Мұндай жоба Қарағанды мен Семейде пилотты режимде жүзеге асырылды. Ал қарашадан бастап оларға Атырау қосылды. Бүгінгі күні мамандар – психолог, психиатр және медбике - №7 емханада қабылдайды. Бұл біздің көмегімізге мұқтаж пациенттердің ауруын бастапқы кезеңде анықтауға көмектесетіндігіне сенімдіміз, - дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Қуаныш НҰРМҰХАНОВ.
Қуаныш НҰРМҰХАНОВ
Орталық өз атауын өзгертті, бірақ, дәрігерлердің кей нәрселерді өзгертуге күштері жетпейді. Орталық бұрынғыша барақ түріндегі ескі және тар орынжайда, бұрынғы түрме ғимаратында орналасқан. Ең ескі корпус 1937 жылы, ал ең «жаңа» ғимарат – 1973 жылы салынған. Бір палатада 2-3 пациенттен ем алуы тиіс, ал бұл жерде 6-8 адамнан жатыр, кейде 10 адам болады. Бұл жағдай, әрине, олардың көңілдерін жайлы етуге септігін тигізбейді. Кезінде билік жаңа ғимаратты демеушілік қаржыға салуды жоспарлады, жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, алайда, жоба ақыры жүзеге асырылмады.
БАЛАЛАР НАЗАР АУДАРҒАНДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Атырау облысында психиатрлар есебінде 5500-ден астам адам тұр, олардың арасында 400-дей бала мен 200-дей жасөспірім бар. Мамандар егде жандар арасында деменцияға – жасқа байланысты ақыл-парасаттың кемдігіне, Альцгеймер сырқатына және басқа да сырқаттарға қатысты жүгінетін пациенттердің көбейгенін атап отыр.
Жыл сайын сырқаттар саны өсуде. Медициналық статистикаға сәйкес, 2000 жылы түрлі сырқаттар құрылымында депрессиялық сырқаттар 4-орын алды. Алайда, бүгінгі күні мамандар 2020 жылға қарай ол онкология мен жүрек-қан тамырлары сырқатынан кейін 2-орынға шығады деп болжам жасап отыр.
Орталық психологы Людмила ГИБАТУЛЛИНАНЫҢ айтуынша, өткен жылы олар прокуратурамен тығыз жұмыс жасаған. Облыстағы 192 мектеп мен колледждерде балаларда мазасыздық деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін арнайы зерттеулер өткізілген. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша, 26 бала мен 12 жасөспірім мамандардың психологиялық көмегін алды.
Кейде балалар мен жасөспірімдерді орталық мамандарына ата-аналардың өздері алып келіп, баланың мүлдем басқаруға көнбейтін немесе тұйық болып кеткеніне шағымданады.
- Әдетте, баланың анамнезінде неврологиялық сырқаттар, орталық нерв жүйесінің бұзылуы, босану кезіндегі зақымдар, тұншығу, мойын омыртқасының зақымдануы болады екен. Бұдан басқа, жасөспірім кезеңде мінез-құлқы өзгеруі мүмкін – өте белсенді бала салмақты балаға айналады немесе керісінше болуы мүмкін. Бұл жағайда отбасы үлкен рөл атқарады: баланың жағдайы тұқым қуалаушылықпен де, ата-анасымен және жақын туыстарымен қарым-қатынасына да байланысты болуы мүмкін, - дейді Л. Гибатуллина.
Ол ата-аналарға балаларының жағдайына мұқият бақылау жасауға, егер жасөспірім кенеттен тұйықталып, көп уақытын компьютерде өткізетін болып кетсе, оқуға қызығушылығы жоғалып, ұйықтай алмай, бас ауруына шағымданса, міндетті түрде назар аударуға кеңес береді. Егер бала таңертеңгі сағат 4-5-те оянса да дабыл қағу керек. Мұның бәрі мазасыздық күй. Бәлкім, оған мамандардың – невропатологтың, психологтың, эндокринологтың және т.б. көмегі қажет шығар.
Айтпақшы, жасөспірімдік жас 12-ден басталады. Өйткені, ата-анасы 10 жасар баланың көңіл-күйі жиі ауысатынын байқап, түсінбей қалып жатады. Іс жүзінде, мамандардың пікірінше, жасөспірімдік кезең – 10-нан 15 жасқа дейінгі шақ.
АНЫҚТАМА ҚАЖЕТ БОЛСА
Кейде жүйке аурулары ауруханасында осыған мұқтаж адамдар ем алады деген пікір бар. Яғни, туыстары пациенттің мазасыздық жағдайын өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарына пайдаланады: науқас адамның денсаулығына қамқорлық жасадым деп, оның мүлкіне, ақшасына билік етуге мүмкіндік алу үшін ауруханаға салады. Бірақ, Людмила Гибатуллинаның пікірінше, мұндай пікір өткеннің еншісінде қалған. Бүгінде адамды психиатриялық ауруханаға жатқызу өте қиын. Алдымен оны дәрігерлер көріп, тексеру керек. Психологтармен, басқа мамандармен бірнеше кездесу өткізіледі. Пациенттердің көпшілігі күндіз, амбулаториялық негізде емделеді. Стационарға тек өзіне және айналасындағыларға айқын қауіп төндіретіндер ғана немесе сырқат асқынатын кезде жіберіледі.
Людмила ГИБАТТУЛИНА
Өткен жылдан бері психикалық денсаулық орталығы дәрігерлерінің жұмысы көбейді: куәлік алғысы келетіндердің барлығын сұхбаттасуға осы жерге жібереді. Мен осы процедура барысында олардан «өз» пациенттерін қаншалықты жиі анықтайтынын, жауаптары бар бүкіл тестілерді интернеттен оп-оңай табуға болатынын біле ме екен деп сұрадым. Жалпы, маманды алдау оңай ма?
- Куәлікті алғаш рет алатындар – компьютерден тестілеуден өтеді, ал куәлігін жаңартатындар – сұрақтарға қағаз сауалнамалар арқылы жауап береді, - дейді Т.Кенжиева. – Менің тәжірибемде осындай процедура кезінде тек бір сырқатты ғана анықтадық – оның ақыл-ойы кемтар екен. Бірақ, ол біздің есебімізде жоқ. Бұл – бүкіл ел аумағында қолданылатын қандай да болмасын шекаралық күйді анықтау үшін жалпы белгіленген тестілеу формасы. Біз науқас жандар интернет арқылы тестілеуге әзірленіп, дәрігерлерді алдауға әрекет етуі мүмкін дегенді жоққа шығармаймыз. Психиатрияда сырқатты бірден анықтауға мүмкіндік беретін аспаптық зерттеулер жоқ. Алайда, жақсы маман «өз» пациенттерін мінез-құлықтары бойынша олар кезекте тұрған кезде анықтайды.
- Сіз пациенттеріңіздің алаңсыз жұмысқа орналаса алатынын, жақсы жұмыс істеп, кәдімгі өмір салтын ұстанатынын айттыңыз. Бірақ, олар жұмыс жасай алмайтын салалар бар ғой.
- Иә, олардың балалармен, қауіп тудыратын механизмдермен, зиянды өндірістерде жұмыс жасауларына құқықтары жоқ. Мемлекеттік білім беру мекемелері, ірі мұнай кәсіпорындары, химиялық препараттар қолданылатын өндірістерде жұмыс іздеушілерден олардың есепте тұрмағандығы туралы анықтама әкелуді талап етеді. Бұл дұрыс. Ал жеке білім беру мекемелері, банктер, шағын фирмалар неліктен екені белгісіз, бұл мәселеге бас ауыртпайды. Бірақ, бүкіл фирманы аралап, оларда бізде есепте тұрған адамның бар-жоғын тексеруге біз міндетті емеспіз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА