Атырау, 28 қараша 06:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жеңімпаздар – Рахат пен Мырза Адай

4 166 просмотра

Атырау облысының аудандарынан келген отыз шақты шабандоз әсерлі де тартысты жаппай көкпар сайысына қатысты. Сайысты Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері клубы Атырау облыстық самбо және таэквондо федерациясымен бірлесіп, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.

Мен көкпарды өмірімде алғаш көруім, әрине, бұған қатты қайран қалдым. Шабандоздар басы мен сирақтары кесілген ешкі үшін таласады. Қой емес, ешкі үшін. Ешкі терісі анағұрлым төзімді, жыртылмайды деп есептеледі, жүні ұзын, ол да мықты – жармасып, қолға ұстауға қолайлы. Бәлкім, қолайлы шығар, бірақ жеңіл емес. Жиырмадан астам ойыншы апыр-топыр болып сол үшін таласып жатқанда, ат үстінде отырып алып, оны жерден көтеріп көр. Ұстап алсаң жақсы, бірақ оны сосын уысыңнан шығармауың керек. Кем дегенде 30-35 келі тартатын ешкіні бәсекелестердің әрқайсысы тартып алуға тырысады.

Астыңдағы атың да жын соққандай айналсоқтай береді, бәрі жан-жақтан анталап, итерісіп жатады... Өзің де ерде нық отырып, жерге сызылған қазандыққа атпен ұшыртып жетуің керек. Бұл қатал ойынның ережесі осындай. Оған күшті жігіттер мен нағыз шабандоздар қатыса алады.

Аттар туралы да бөлек тоқталған жөн. Дәстүр бойынша көкпарға тек айғырлар мен азбандарды іріктейді. Қызу қанды, бәсекеге түсуге қабілетті, психикасы орнықты айғырлар сайысқа жақсы түсе алады. Көкпаршы мен ат тұтасуы керек, олар бірін-бірі өте жақсы сезініп, түсінуі тиіс.

Жаппай көкпардың қарапайым көкпардан айырмашылығы – егер екіншісінде бұл командалық сайыс болса, жаппай көкпарда әр ойыншы өзі үшін сайысады. Ешкіні қазандыққа лақтырған адам жеңімпаз атанады. «Гол» салынғаннан кейін ойын қайтадан алаң ортасынан бастап жалғасады. Көкпаршылар мен олардың аттары, әрине, ойын барысында шаршай бастайды, бірақ соңына дейін күреседі. Әр ұтыс сайын (әр «гол» сайын) үлкен мөлшердегі жүлделер тағайындалады, бұл сайысты анағұрлым қыздыра түседі.

Өткен сайыстың жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Бұл сома 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі сыйлықтарға бөлініп, ешкіні қазандыққа салған әрбір қатысушы марапатталды. Әсет ДӘУРЕН (Құрманғазы ауданы), Әділет ЖҰМАХАН (Атырау қ.), Абылайхан КАМЕЛОВ (Махамбет ауданы) жақсы нәтижелер көрсетті. Мырза Адай деген лақап есімді атқа мінген атыраулық Рахат ОРЫНДЫБАЕВ анағұрлым жоғары нәтиже көрсетті. Бұдан басқа, Рахат «өгіз өлді» деп аталатын соңғы «голды» салу мүмкіндігіне ие болды. Ақшалай ұтыстан басқа, ол басты «табиғи» сыйлық – жүрдек құлынмен марапатталды. Рахат өз айғырын жыл бойына дайындап, көкпарға қатысуға баулығанын мойындады.

Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері клубының директоры Өнербай ЖАНБАЛА:

Ұлттық спорт түрлері мен сайыстардың қайта жаңғырып қана қоймай, облыс тұрғындары мен жалпы Қазақстанда кең тарала бастағаны қуантады. Бүгінде бізде көкпар бойынша өңірлік құрама бар. Әр мәрте сайын осынау қиын сайыста өзін сынағысы келетіндер саны көбейіп келе жатқанын көреміз. Жаппай көкпар бойынша сайыстар бізде алғаш рет өтіп отыр, көкпардың осы түрі жақсы дами бастайды деп үміттенеміз. Көктемде біз сайысты тағы да өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ұлттық ойындарды дамыту мақсатында облыстың барлық аудандарында клуб филиалдарын ашу жоспарда бар, - деп атап өтті.

Меймандар арасында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Ром ӘУЕЗХАН (Моңғолия) мен ұлттық спорт түрлері бойынша мемлекеттік бапкер Сәттібай РАМАЗАН (Астана) қатысты.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

31 қазан 2016, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.