№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресінің жаттықтырушысы Сергей КИМНІҢ (суретте) айтуынша, компьютерлік ойындар балалардың физикалық дамуына кедергі келтіреді екен.
Сергей Ревович Ким, 53 жаста, жаттықтырушылық өтілі 31 жыл, Қазақ және Украин КСР чемпионы Эдуард Дурмановтың және Ресейдің екі дүркін чемпионы Иван Чукалиннің жаттықтырушысы.
- Мен мұны жахандық мәселе деп есептеймін. Жыл сайын жазғы каникулдан соң спорт мектептері өздерінің спорт секцияларына тәрбиеленушілердің алғашқы легін қабылдай бастайды. Жаттықтырушылық қызметімді бастаған 80-ші жылдары көшедегі балаларды спортқа тартудың қажеті жоқ еді, өйткені, олардың өздері спорт залдарына асыға келетін және өздерімен бірге көршілерін, іні-бауырларын, сыныптастарын еріте келетін. Сол кездегі алғашқы мектепке қабылданған балалардың саны әр топта 40 балаға дейін жететін. Ал қазір өте аз. Спортта талантты деген балаларды іріктеу туралы тіпті, сөз қозғаудың өзі артық. Жаңа резервтердің жетіспеушілігі қазір спорттың барлық секцияларында орын алып отыр.
- Сіздіңше, оның себебі неде?
- Басты себебі – балаларды спортпен айналысудан алаңдататын компьютерлік ойындар. Өз баласына қымбат тұратын ұялы телефон алып бермеген ата-аналар болса қолын көтерсінші, меніңше, ондайлар жоқтың қасы. Баласына пайдасынан тигізер зияны көп сыйлық жасаған ата-аналар қамқорлығының арқасында балалар таңғы 3-4-ке дейін интернетте отырады. Бұл балаларды физикалық тұрғыдан да, интелектілігі жағынан да дамытпайды. Мұны балалардың бос уақытын ұрлату деп айтуға болады. Бұл және бала өмірінің жауапты кезеңінде, яғни, оның денсаулығының іргетасы қаланып жатқан кезде болады. Бұрын барлық ауладағы балалар күн ұзағына «ләңгі» мен «асық атып» ойнайтын. Бұл ойындар жамбас және арқа бұлшық еттерінің дамуына көмектеседі. Қазір сабаққа 15 минут қалғанда мектеп жанындағы жолдарда ата-аналардың көлігінен кептелістер туындап жатады. Қазіргі ата-аналар мектепке жақын тұрса да балаларын жаяу емес, машинамен әкелуді жөн көреді. Олар осынысымен балаларды дамудың маңызды кезеңінде қозғалыстан айырып отыр. Баланың өз табиғатына сай бұл кезеңде олар көп қозғалыста болуы керек. Ал іс жүзінде олар қозғалыстың жетіспеушілігі, яғни, гиподинамия - қимыл-қозғалыс белсенділігінен шектеліп отыр.
- Дегенмен, көптеген ата-аналар балаларының спортпен айналысуына тырысып жүр ғой…
- Бала компьютерге отырған соң, оның мектептегі сабақ үлгерімі төмендейді, көзінің көруі нашарлайды. Ата-аналар сол кезде ғана түсіне бастайды да спорт мектептеріне балаларын әкеледі. Мен жаңа келген балаларды алдымен бес рет жүресінен отырып-тұрғызып қараймын. Компьютердің алдында бірнеше сағатын өткізетін балалар бірнеше жаттығулардан соң алқынып қалады, тамыр соғыстары жиілеп, дем жетпегендей болады да таза ауаға шығуға сұранады. Мен жалпы жаңа келген балалармен олардың тамыр соғыстарын бақылауға алып отырып жұмыс жасаймын. Ондай балаларға грек-рим күресінің толыққанды жаттығуларын бастамас бұрын жарты жылдай мөлшермен айтарлықтай күш түсірмейтін жаттығулар жүргіземіз.
- Сіз ата-аналарға балаларын монитор алдынан алып, спорт залдарға әкелуге шақырып отырсыз. Алайда, балалардың жаппай легін қабылдауға біздің қаладағы спорт құрылымдары дайын ба?
- Әрине. Бұрын қалада осынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендері болмаған кезде біз жастарды мектептің спорт залдарына тарттық. Жақында «Барыс» және «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі клубтары ашылды. Осы клубтардың қолдауымен мектептерде спорттық секциялар мен балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін үйірмелер ашылмақ. Біз ата-аналардың ой-өресіне сенім артамыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ