Атырау, 28 қараша 08:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Емханалар қағазбастылықтан құтылады

Сурет
5 441 просмотра

Атыраудағы қалалық емханаларда кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілуде.

АҚЫЛДЫ ЖАС ЖІГІТ

Жас кәсіпкер Біржан ЖАНҒАЛИЕВ атыраулық денсаулық сақтау саласына пациенттің медициналық картасын енгізу үшін бағдарламалық қамтуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бағдарлама медициналық карталарды пайдаланудан толықтай бас тартуға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесін барынша автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңалықты енгізу үшін 350 миллион теңге қажет екен. Сондай-ақ, кәсіпкердің айтуынша, бағдарлама Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарында қолданылуда, Ақтөбе облысында енгізу процесі аяқталуда.

Денсаулық сақтау жүйесін автоматтандыру идеясы Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА ұнады:

- Жас жігіт пациенттің амбулаториялық кәртішкесін электронды форматқа көшіріп, бүкіл мәліметтерді бірыңғай дерекқормен байланыстыруды ұсынып отыр. Осылайша науқас өзімен бірге анықтама немесе басқа қағаздар бумасын алып жүрмейтін болады. Тек өз аты-жөнін айтса жеткілікті, дәрігердің өзі компьютерден оның сырқаттану тарихын тауып алады. Бұл ең алдымен, қарапайым халық үшін өте қолайлы. Кейде физикалық байланыс мәселелерді шешудің ұзаққа созылуына әкеледі. Бұл жүйе денсаулық сақтау нысандары көрсететін қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі, - деп атап өтті өңір басшысы.

Алайда біздің облысымызда медициналық ақпараттық жүйе енгізіліп жатқан болып шықты. Бірақ жеткізуші басқа – «ДАМУ» Ақпараттық Технологиялар Орталығы» ЖШС. «ДАМУ АТО» компаниясының өнімі – кешенді медициналық ақпараттық жүйе (әрі қарай - КМАЖ) – емханалардағы кезектерді қысқартуға, медициналық көмекті анағұрлым қолжетімді етуге, қағаз құжаттамалардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде КМАЖ жүйелері Атырау қалалық №2 және №7 емханаларына енгізілген. Оның артықшылығы – оған облыстың бүкіл емдеу мекемелері – емханалар мен ауруханалар қосылатын болады. Ал ол өз кезегінде, денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламаларымен біріктірілген.

- Сақтандыру медицинасын енгізу шарттарының бірі – автоматтанған медициналық ақпараттық жүйені пайдалану. Қазір ақпараттық жүйелер көп, бізге бірнеше фирмалар жүгінді. Біз КМАЖ-ды таңдадық, өйткені ол денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламасымен біріктірілген және өте қолайлы, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек ЖҰМЫРОВ. – Тағы бір маңызды артықшылығы – компания бағдарламаны орнатқаны үшін емес, оны пайдаланғаны үшін ақша алады және медперсоналды өздері оқытады. Осы бағдарлама қолдауын төлеуге әр емхананың қалтасы көтереді.

«ТІРІ» КЕЗЕК ЕНДІ ЖОҚ

Бағдарламаның жұмысын көру үшін біз №2 емхананы бетке алдық. Бұл қаладағы ірі амбулаториялардың бірі. Оған 46 750 адам бекітілген. Учаскелік дәрігерге қайдан жазылуға болатынын сұрадық. Тіркеу бөліміндегілер оның кіреберісте орнатылған аппараттың көмегімен жасалатынын айтты. Ол жерде келу уақытын өзің таңдап, талон алуға болады. Әрі қарай жүріп, «Электронды кезек» таблосына назар аудардық - флюорография кабинетінің жанында да дәл осындай экран. «Тірі» кезек жоқ, шамасы, пациенттер уақыт пен жүйкені үнемдеуге мүмкіндік беретін алдын ала жазылудың артықшылығын бағалап үлгерсе керек.

- КМАЖ бағдарламасы бойынша біз шілдеден бері жұмыс жасап келеміз, қыркүйекте бізге оны республикалық жүйемен біріктіруге рұқсат берді. Енді біздің бүкіл мәліметтеріміз республикалық орталықтарға қолжетімді. Мәселен, білесіздер, біз жұмысымызда Бекітілген халық тіркелімі - «Скрининг» порталын қолданамыз. Емханамызда талондық жүйелер жұмысын жүйеледік: бұлар процедуралық кабинет, ЭКГ және флюорокабинет. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – оның «Ситуациялық орталық» бөлімі бар. Яғни, біз кез келген деңгейде әр дәрігердің жүктемесі қандай екеніне бақылау жасай аламыз, - деп әңгімеледі №2 емхананың бас дәрігері Гүлмира ШАМАЕВА.

Әдетте, жалпы практика дәрігерлерінің (әрі қарай - ЖПД) жүктемелері толы болады. Өйткені, белгілі бір маманға жолдама алу үшін ең алдымен пациент міндетті түрде ЖПД қабылдауына барып, толықтай тексеруден – анализдер тапсыруы және т.б. өтуі тиіс. Бұдан басқа, жалпы практика дәрігерлеріне үйге шақыртулар да жүктелген. Кейде проблема туындайды: пациент учаскелік дәрігерге баруға уақыт жұмсағысы келмейді. Мәселен, бірден окулистке баруға тырысады. Өйткені, оның көзіне теріскен шығып, қатты ауырып тұрады. Сол кезде маманды ол пациентті амбулатория жағдайында емдей ала ма немесе оған мамандандырылған емханада арнайы көмек керек пе, қорытынды жасау үшін дәрігерге дейінгі кабинетке шақыра алады. Пациенттерді тіпті стационарға жедел жәрдем көлігімен жіберуі мүмкін. Емхана жанында олардың саны үшеу, оған қоса бөлек мобильді бригада бар. Бірнеше жылдан бері қалалық жедел медициналық көмек қызметі күндізгі уақытта таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 18-ге дейін шұғыл көмекті қажет етпейтін 2-ші және 3-ші санаттағы шақыртуларды емханаларға жіберетіні белгілі. Бұл санаттарға, мәселен, созылмалы гипертониктің қан қысымының көтерілуі, температура және тамақ ауруы және т.б. жатады. Бұл жедел жәрдем үшін үлкен жеңілдік. Учаскелік дәрігерлер де мұндай жағдайда жақсы әрекет ете алады. Олар өз контингенттерін көп жылдардан бері жақсы біледі. Осы мәліметтердің барлығы да автоматты түрде бағдарламаға енгізіліп, емханаға бару санына бақылау жасауға мүмкіндік береді.

- Пациент аппараттан жазылған уақыты үшін талон алған кезде, ол менде көрініп тұрады, - деп әңгімеледі тіркеу бөліміндегі кезекші. – Бүкіл мәліметтер, соның ішінде, үйге шақыртулар дәрігерде – оның жеке кабинетінде бар.

МЕДИЦИНАЛЫҚ КАРТА ДА ЭЛЕКТРОНДЫ БОЛАДЫ

Медиктердің айтуынша, бағдарлама қарапайым және емхананың кез келген қызметкеріне қолдануға қолайлы. Өйткені, ол медиктер осыған дейін қолданған және оның базасында денсаулық сақтау министрлігінің республикалық электронды орталығы жұмыс жасайтын «АИС емхана» бағдарламасына ұқсайды. Бастапқыда дубляж жүрді, ақпарат екі КМАЖ бен АИС бағдарламасына енгізілді. Ал біріктірілгеннен кейін емханада тек КМАЖ қолданылады. Ендігі кезекте медициналық кәртішкелерді жүйелеу жұмыстары тұр. Өйткені, бұл пункт «Денсаулық» бағдарламасы бойынша міндеттер тізіміне кіреді. Ал бұл электронды медициналық карталар міндетті түрде енгізіледі деген сөз.

КМАЖ жүйесі үнемі кеңейіп, жаңарып отырады. Қазір жүкті және фертильді жастағы әйелдер тіркелімі бағдарламасын тегін дәрі-дәрмектерді тағайындау белгіленетін тіркелімге біріктіру туралы әңгіме жүруде. Ал сақтандыру медицинасының жүйесі жұмысын бастаған кезде осы жүйеге төлем орталығының базасы кіреді. Ол бойынша ЖИН арқылы медиктер пациент сақтандырылған-сақтандырылмағанын бірден анықтай алады.

Айтылып өткендей, қазір КМАЖ бағдарламасы бойынша екі емхана жұмыс істейді. Бірақ облыстағы басқа медициналық мекемелер де кезеңмен қосылуда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

11 қазан 2016, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.