Атырау, 28 қараша 08:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ит өмір

3 239 просмотра

Менің Атырауға келгеніме бір жыл болыпты. Шынымды айтсам, қаңғыбас иттерді көп кездестірмедім. Ал мұнай астанасында үйсіз-күйсіз мысықтар түр-түсімен шұбырып жүр, әр подъездің алдынан дерлік кездестіруге болады. Оларды жыл сайын жойып отырғанымен, олар бәрібір өсіп-өніп көбейіп кетеді.

Соңғы аптада редакцияға оқырмандар қоңырау шалып, қаңғыбас жануарларды ату жұмыстарының неліктен жүргізілмей жатқандығын білуді өтінді. Авангард 2-ші, 4-ші ықшамаудандарында, жағалауға іргелес Әйтеке би көшесінде олардың тобырымен жүргендігі байқалған. Жақында мен әдейілеп осы әдемі ауданға бардым. Ол жерден бірде-бір итті кездестірмедім. Біздің оқырмандарымыз босқа мазаланады екен деп ойладым, бірақ, қателесіппін. Жұмыс орныма барар-бармастан, Ғалия есімді әйел қоңырау шалып, иттерді басқа уақытта және басқа жерден іздегенімді түсіндірді. Күн жарық кезде иттер кісі көп болмайтын оңаша орындарға тығылады немесе Жайық жағасындағы қамыс қопаларда демалады екен. Балықшылар тастаған балықтармен және қоқыс контейнерлеріндегі қалдықтармен қоректенеді. Сұхбаттасушымның айтуынша, олар қаланың осы бөлігінде 30-дан кем емес, тобыр болып жүреді екен. Кешкі уақытта жеке үйдің қақпасынан шығу қауіпті, кейбір иттер агрессия көрсетеді екен.

…Осы сөздерден кейін бала кезімдегі бір көрініс есіме түсе кетті. 14 жаста едім, балтырымның бұлшықетін овчарка тістеп алды. Сыртымнан білдірмей жақындап келген ол бірнеше өткір найзаны сұғып алғандай болды. Қорқыныш болған жоқ, тек есеңгіреп қалдым. Мені көрген әкем аһ ұрып, қатып қалған қанды жуып, содан кейін кімнің иті тістегенін сұрады. Деревняда иесіз ит болмайды. Сондықтан ұлын кімнің ренжіткенін әкем тез тауып алды. Тіпті аулаға кіру үшін қожайынынан да рұқсат сұрамады. Әлі есімде, итжатаққа келіп, ыза кернеген төбетті жұдырығымен бір ұрып, тізесімен жерге жаншып, бүйірінен бір уыс жүнді жұлып алды. Оны тұтатып, жүннің жанған шоғын жарама жақты.

Қазір қариялардың құтыру ауруымен күресу әдісіне ешкім жүгінбейді. Вакцина, дәрі-дәрмектер мен басқа да препараттар бар. Алайда, әңгіме басқада: әрине, бұл мазасыз мақұлықтарды өлтірген аянышты, алайда, сізді немесе балаңызды қауып алғанша ғана.

Қалалық ветеринария бөліміндегілер мысықтар мен иттерді жою тамызда басталғанын хабарлады. Бес адамнан тұратын бригада еңбек етуде. Өтілдері бар аңшылар қалалық ветеринарлық инспекция штатына алынған – рас, қаржы біткенше маусымға ғана. Қалалық бюджеттен қаңғыбас иттерді атуға 22 миллион теңгенің бөлінгені белгілі. Тек тәуліктің іс-әрекетсіз уақытында, яғни, таңғы 4-тен 6-ға дейін іздестіру жұмыстары жүргізіледі.

Тамыз-қыркүйек айларында 3530 ит пен 810 мысық жойылған. Ветеринарлардың айтуынша, егер тәулік бойына жұмыс істейтін болса, қаңғыбас жануарлардың санын анағұрлым тез азайтуға болады. Бірақ, олай етуге болмайды: қаңғыбас жануарларды ату – балалар көретін көрініс емес, тіпті ересектер үшін де.

Еуропа мен АҚШ-та қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, ветеринарға тексеруге апарады. Әлсіз және емделмейтіндерін дәрі беріп ұйықтатып, қалғандарын панажайға орналастырады. Олар жаңа қожайын табылғанша, өз сағаттарын сол жерде күтеді. Атырауда әрине, мұндай панажай жоқ. Мен таныс ит ұстаушыға қоңырау шалып, бес жүз жануардың азығына, оны ұстауға қанша қаржысын жұмсайтынын сұрадым. Жылына 40 миллион теңге, оған қоса панажайдың өзін салуға, жұмысшылар ұстауға қаржы кетеді екен. Аз ақша емес, бірақ, мәселен, егер қаланың әр тұрғыны жыл сайын 500 теңгеден жәрдем ететін болса, онда еш кінәсі жоқ жануарлардың өз баспаналары болады.

Марат ТАКУЛИН

Суретті түсірген автор

6 қазан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.