Индербор поселкесіндегі көпқабатты 12 үйдің жылыту мәселесін дербес жылу қазандықтарын орнату арқылы шешуге болады. Алайда, ол үшін 100 млн теңге қажет, ал мұндай ақша көпқабатты үйлердің тұрғындарында жоқ.
Индер ауданындағы 2016-2017 жылғы қысқа дайындық жұмысына облыстық бюджеттен 51 млн 669 мың теңге бөлінген.
- Бұл ақшалар біздің бөлімге қарасты кеңсе ғимаратының ішкі электр желісі мен жылу қазандығы, ескі су тазарту қондырғысының насосын жаңғырту, Жарсуат, Көктоғай округтері мен «Балдәурен» балабақшасының жылу желілерін жөндеуден өткізу мен генераторды ауыстыруға, аудандағы жеті мектептің қазандықтарын қалыпқа келтіруге жұмсалды. Ал Индербор кентіндегі 12 көпқабатты үйді жылытатын жылу қазандықтарын жәй жөндеуден өткізуге 15 млн теңге бөлінді, - дейді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ.
Поселкедегі көпқабатты 12 үйді жылыту қиындығы жыл сайын туындап тұрады. Бұл үйлердің жеті орталық жылыту қазандығын ұстаудың өзі бас ауыртар проблемаға айналған. Кәсіпкерлер көп шығынға батыратын бұл жылу қазандықтарына иелік етуге құлықсыз. Осы кезге дейін бірнеше мекеменің банкротқа ұшырауына тұрғындар да көндігіп болған. Бұдан екі жыл бұрын «Таңат» ПИК-і жылумен қамтуды мойнына алған еді. Бүгінде ПИК-тің халықтан жылуға алажағы 2 млн теңгеден асқанымен, оны жинап алу оңайға түспей отыр. Осының салдарынан ПИК-тің газге бережағы 1 млн 400 мың теңгеге жеткен. Енді газшылар қарыз өтелмейінше жылу қазандықтарын іске қоспайтынын айтып отыр.
- Әр пәтерге дербес қазандықты орнату 200 мың теңгеге шығады. Бірақ, көп отбасылардың мұндай ақшаны төлейтін мүмкіншілігі жоқ, - дейді Индербор поселкесінің әкімі Алмас ҚҰСАЙЫНОВ. - Бұл қаржыны бюджеттен ала алмаймыз, себебі, үйлер жеке меншікте. Демеушілердің көмегі қажет.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА