Фото: Kapital.kz
Қазақстандық бизнестің Ресейдің мемлекеттік органдарының өкілдерімен өзара әрекеттесу проблемасы Атырау облысы әкімдігінің ғимаратында өткен ҚР бизнес-омбудсмені Болат ПАЛЫМБЕТОВ пен Волгоград облысының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Ольга УСТИНОВАМЕН болған кездесу кезінде талқыланды.
Кездесуге сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарының өңірлік палата өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
- Атырау облысы Самара, Саратов, Орынбор секілді ресейлік ірі өнеркәсіптік өңірлермен шектеседі. Осы жылдар ішінде 6 мың қазақстандық-ресейлік біріккен кәсіпорын құрылды. Солай бола тұрса да, Ресейде қазақстандық кәсіпкерлердің сыртқы экономикалық қызметі барысында проблемалы мәселелер туындайды, - деді Б.Палымбетов. – 10 маусымда Мәскеуде біз РФ бизнес-омбудсмені Борис ТИТОВПЕН кездестік. Екі елдің экономикалық мәселелері, кәсіпкерлер құқығын қорғау жөнінде байыпты әңгіме болды. Осындай мәселелерді қарау кезінде өзара көмек көрсету туралы меморандумға қол қойылды.
Оның айтуынша, бірлескен жұмыстың нәтижелері де бар көрінеді. Алтай өлкесінің бизнес-омбудсменінің арқасында Қостанай облысының жеке кәсіпкерінің проблемасы шешілген. Татарстан бизнес-омбудсменінің қолдауымен қазіргі кезде Ресей құқыққорғау органдары ресейлік «ПОЛИХИМ» ЖШҚ-ға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сөйтсе, «Direct Construction Service» ЖШС (Атырау қаласындағы үй салу комбинаты) де осындай жағдайға тап болған. ЖШС Санкт-Петербургтің «Вира Пром» ҚБ-мен келісімшарт жасап, жабдықтардың 100 пайыз құнын төлеп қойған. Алайда өткен жылдан бері тауарларын толықтай ала алмай немесе ақшаның қалған бөлігін кері ала алмай келеді. Ұзақ хат жазысқаннан кейін кәсіпкер алақол жеткізушіні сотқа беріп, процессте жеңіп шақты. Алайда сот қаулысы орындалмайды, Ресей сот орындаушыларына әлденеше рет жүгінгенмен нәтиже болмаған. ЖШС басқа жеткізушіден осындай жабдықтар сатып алуға мәжбүр болады. Директор Рүстем РАМАЗАНҰЛЫНЫҢ пікірінше, бұрын жабдықтар сатып алу үшін қазақстандық компаниялар жүгінетін украиналық нарықтың жабық екендігін ресейлік фирмалар бүгінде белсенді түрде пайдалануда. Олар өз шарттарын ұсынатын, атап айтқанда, алдын ала 100 пайыз төлемді талап етеді.
- Татарстандық жеткізушілермен жұмыс істеген қазақстандық фирмада да осындай жағдай болды. Бірақ олардың омбудсменіне жүгінгеннен кейін процесс ілгері басты. Бізге шұғыл арада хат дайындаңыздар, біз ол бойынша жұмысты бастаймыз, – деп түсінік берді Палымбетов.
- Қазақстандық кәсіпкерлердің бірде бір өтінішін біз назардан тыс қалдырмаймыз. Меморандум бар, оның аясында біз кез келген мәселені жоғары деңгейде жедел шеше аламыз. Мен сіздердің кәсіпкерлеріңіздің құқығын тиімді қорғайтын қазақстандық бизнес-омбудсменнің жұмысын атап өткім келеді. Осындай қолдаумен біз қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлердің құқықтарына қысым жасауға жол бермейміз деп ойлаймын, - деп атап өтті Ольга Устинова.
Бұдан басқа, кәсіпкерлер Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы жүктерді алып өту кезінде проблемаларға тап болады. Мәселен, Польшадан Ресей арқылы Қазақстанға алмалар тасиды. РФ-ға кірер кезде тез бұзылатын бұл тауар тиесілі уақыттан ұзағырақ – 4 тәулікке дейін қаралады. Суық түскендігіне қарамастан, тауарды көліктен түгелдей түсіріп тастауы да мүмкін. Салдарынан алма бұзылады, ешкім де бұл үшін жауапкершілік алмайды.
Екі елдің заңнамасымен реттелмейтін мәселелер де өзектілігін жоғалтпайды. Мәселен, ҚР заңнамасымен жалпы салмағы 40 тоннадан аспайтын көлікке автомобиль жолымен өтуге рұқсат етілген, ал РФ-да бұл әрі кеткенде – 38 тонна. Қазақстанда тасымалдаушы еркін жүре алады, ал Ресейде ол заң бұзушы.
- Кедендік қосындарға келер болсақ, менің түсінуімше, сіздерде белгілі бір қосындарға талаптар қойылады. Көлік бойынша, менде қазақстандық кәсіпкерлерден ешқандай өтініштер болған жоқ. Сондықтан бүкіл проблемалық мәселелерді жинақтап, бізге жолдауды ұсынамын. Біз ол бойынша федералдық деңгейде жұмыс істейтін боламыз, - деп жауап берді Устинова.
Зульфия ИСКАЛИЕВА