Мәрзия апа жылқымен мал бағып жүр
Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында тұратын Мәрзия ӘБІШЕВА көп жылдан бері шаруа қожалығын басқарып келді, мал өсірумен, ет және сүт өнімдерін сатумен айналысады. Ал биыл Мәрзия ірімшік дайындау патентін жеңіп алып, голландықтарды жобасы арқылы қызықтырып та үлгерді.
ҚЫЗЫҚ ТА ҚИЫН ЖЫЛДАР...
Мәрзия Әбішева Ақтөбе облысының тумасы, бірақ оның отбасына Атырау облысына көшіп келуге тура келіп, Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылына қоныстанды.
- 1971 жылы мектепті бітірген соң Алматыдағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетіне оқуға түсем деген балаң қиялдың жетегінде болдым. Бірақ, мен аяқ астынан сүйіктімді кезіктіріп, бар өмірім күрт өзгерді, бір жылдан кейін тұрмысқа шығып кеттім. Жолдасым Сағынтай ЕЛҒОНДИЕВПЕН ол өзінің жұмыс бабымен Мұқырға келген кезде таныстым. Ол Атыраудың тумасы, біз үйленген соң осы ауылда тұрып қалдық, - дейді М. Әбішева.
Жас жұбайлар Атырауға 1987 жылы көшіп келді. Осы кезде олардың отбасында өрімдей төрт бала өсіп келе жатты. Отбасылы бола жүріп, Мәрзия Алматыдағы сауда техникумын бітіріп шығып, соған сай жұмыс жасады. Кеңестік үкімет құлап, адамдар дағдарысқа тап болған кез Мәрзиялардың да басынан өтті. Жолдасы теміржол саласында еңбек еткенімен табысы жарытымсыз еді. Төрт баланың қамымен бұлар ойласа келе туыстарымен бірлесіп, Атыраудың шеткері жағынан егін салуды ойлады. Егін бітік шығып, бұлар екі жылдың ішінде-ақ табысқа кенеледі.
- Ал қыста енем қарап отырмай пісте қуырып, мен оны сататынмын. Бір күнде бір қап пістеден бір адамның айлық еңбекақысындай табыс түсетін, - деп еске алды Мәрзия. - 2000 жылдары біздер Кенбай ауылынан шағын асхана ашып, біраз техниканы сатып алдық.
МҰҚЫРҒА ҚАЙТА ОРАЛУ
- Біз Кенбайдағы асханамызды кеңейттік. Бірақ, менің онымен тоқталғым келмеді, мал өсірсек деген ниет пайда болды. Содан Мұқырға қайтып келіп, «Назгүлім» ШҚ құрдық. Бастапқыда «Сүйіндік» совхозынан елу бас асыл тұқымды еділбай тоқтысын сатып алдық, - дейді Мәрзия.
«Назгүлім» шаруа қожалығы Мұқыр ауылынан 40 шақырым шалғайда орналасқан. Мәрзияның жолдасы мен оның туыстары үнемі оны қолдап, бірлесе еңбек етті. Олар мал өсіріп қана қоймай, мал басын көбейтумен айналыса бастады. Бүгінде «Тақырқұдық» қыстағынан 1000-ға жуық қой, 2 үйір жылқы, 30-шақты сиырды өрбітіп отыр.
- Малды өсіріп қана емес, оның өнімін ұқсату қажет екенін еңбек ете келе білдік. Бұдан екі жыл бұрын Мұқырдан тұшпара шығару цехын аштым, - дейді ол.
Онда сиыр мен қой етінен тұшпара, фарш, котлет, фрикадельки сияқты өнімдерді шығарып, мұқырлық әйелдерді осы жұмысқа тартқан. Бұдан кейін сол ауылдан шағын мал сою цехын да ашады. Өнімдерін Қызылқоға ауданына ғана емес, Атырауға да әкеліп сатуда.
«МЕН АҚСАУСАҚ ӘЙЕЛ ЕМЕСПІН»
Өткелде
Мәрзия - өте еңбекқор жан. Ол өзіне қанат бітіретін идеяларымен өмір сүреді, оған сол идеяларды жүзеге асырған ұнайды. Идеялары өмірге келген кезде ол шын қуанып, шаттанады және сол идеялары оған әрі қарай жылжуға күш береді.
- Балаларым өз орындарын тапты, олардың әрқайсысының жеке кәсіптері бар. Үйімізді салдық. Мұның бәрі еңбектің арқасы, - дейді Мәрзия.
Фермер үй шаруасын да өзі атқарып үлгереді.
- Мен таңертең алтыда тұрамын, шайды самауырға қайнатып ішіп алып, ағаң екеуміз екі көмекшімен аулаға шығамыз. Жұмыс толып тұр. Күннің қалай батқанын білмейміз. Қазір шөп шауып, түсіретін де уақыт. Мен кейде бір әйел адамды үйге ұстаймын. Ер адамдар қолы тимей жатады, ондайда атқа мініп алып, малды өзім бағам. Ал қырдың сұлулығы, таза ауасы, тып-тыныш даланың кереметі бөлек қой...
Мәрзия өзі сиыр сауып, май шайқап, құрт қайнатады, таба нанды шоққа көміп пісіреді.
ГОЛЛАНДЫҚТАР ІРІМШІККЕ ҚАЛАЙ «ҚҰДА ТҮСТІ»?
- Біздің елімізде ұлттық тағамдар мен сусындарды жасауға жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Шетелдіктер қымызды таблетка түрінде шығару әдісін ойлап тауып, оны патенттеп, иемденіп алды. Бұл мені қатты ойлантты. Мен де мал өсіріп отырмын және мен біздің ұлттық брендімізді, ұлттық құндылықтарымызды, атакәсібімізді, тағамдарымыз бен сусындарымызды қалай сақтап қалуға болатынын ойластыруға міндеттімін. Сөйтіп, менде ірімшікті зерттеу туралы ой туып, оған екі жылымды арнадым.
Мәрзия осы уақыт ішінде бірнеше рет Астанаға барған кезінде орталық ғылыми кітапханаға барып, ірімшіктің пайдалы қасиетін зерттеді. Ақыры іздегенін тапты. Ғалымдардың қабылдауында болып, еңбегін сәтті қорғап шықты. Осы жылдын сәуір айында «Сүт ұйытатын ферментті препарат өндіру тәсілі» тақырыбында ҚР Өнер табыстардың мемлекеттік тізілімінде тіркеліп, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Өнер табысқа инновациялық патентін» алды. Өзі, қызы, немересі ірімшікті ұйыту патентінің толық иегері атанып отыр.
Биылғы жылдың маусымында М. Әбішева бір топ делегатпен Голландияның ауыл шаруашылығы мамандарының шақыртуымен Нидерланд корольдігінде болып қайтты. Нидерланд королевасының қабылдауында болып, фермерлермен кездесті.
- Голландықтарды тың жобалар қызықтырды. Мен ондағы фермерлерге лекция оқыдым. Олар ірімшіктің ұйыту процесін сұрап, бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Қырғыз ағайындар да хабарласып, олар да ұсыныс білдірді, - дейді Мәрзия. – Мен патентті сатуға асықпаймын. Голландықтарға сатудан бас тарттым. Патенттің өз елімізде қалғанын қалаймын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА