Атырау, 28 қараша 11:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Соңғы сөзінде Сейтқазы Матаев қылмыстық қудалауға тапсырыс берушілерді атады

2 873 просмотра

Алматы. 27 қыркүйек. ҚазТАГ - Мәдина Әлімханова. Соңғы сөзінде Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев қылмыстық қудалауға тапсырыс берушілердің атын атады.

«Олардың ішінде (Матаевтардың ізіне түсушілердің – ҚазТАГ) журналистік отбасының ізіне түсуге бастама жасаушылар да бар. Олар президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Нығматулин, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшыларының бірі Татубаев, жартылай олигарх және жартылай медиа-магнат Клебанов, ол кезінде Израиль азаматтығын алған. Біз бұл жөнінде бірнеше рет ашық жаздық. Солардың айтуымен менің отбасымды қылмыстық қудалау басталды, солардың айтуымен Алматыдағы баспасөз клубының ғимараты бұзылды, солардың айтуымен Қазақстан журналистер одағының жұмысы тоқтатылды, солардың айтуымен мүлкіміз қамауға алынды, солардың айтуымен біз ұлымыз екеуміз ұзақ уақыт бойына үй қамағында отырмыз», - деп мәлім етті С.Матаев сейсенбідегі соттағы соңғы сөзінде.

Бұл ретте, ол тапсырыс беруге Ұлттық баспасөз клубының активтері мен мүлкін рейдерлік басып алу себеп болғанын атады.

«Матаевтар отбасын қылмыстық қудалауға не себеп болды? Ол кәсіби қызметін шектеу, Қазақстандағы сөз бостандығы мен журналистердің азаматтық белсенділігін қорғауға қарсы іс-қимыл. Қудалауға ықпал етушілер бұл туралы тікелей айта алмады, сондықтан басқа жолын таңдады. Экономикалық бұзушылықтар табу, сол айыптарын мойындату, сосын рейдерлік тәсілмен Ұлттық баспасөз клубының активтері мен мүлкін басып алу», - деді С.Матаев.
Оның айтуынша, Н.Нығматулин одан ҚазТАГ-ты беруін ашық талап еткен.
«Маған Нығматулин президент әкімшілігіндегі кездесулердің бірінде тіке айтты: «ҚазТАГ-ты бер сонымен бәрін тоқтатамыз. Істі тоқтатып, қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз. Бірақ, Алматыдағы ғимарат пен Астанадағы «Журналистер үйін» тәркілейтінін айтты. Ол: «Балаларыңды ойла, немерелеріңді ойла. Өзіңнің бірбеткейлігіңмен сен оларға не қалдырасың? Енді прокуратура мен сот сол мүлікті айыптау үкімі арқылы тартып алуға талпынуда», - деді С.Матаев.

С.Матаев мәлім еткендей, Н.Нығматулин оған ультиматум қойған.
«Мен бас қаржы полициясы Қожамжаровтың қатысуымен Н.Нығматулинмен бірнеше рет кездестім. Нығматулин маған ультиматум қойды: кінәсін мойындап, тергеумен келісімге кел, 65-бап бойынша өтінішке қол қою; Т600 млн келтірілген-мыс деген шығынды өндіру және баспасөз үшін брифинг өткізіп, өз кінәмді толық мойындауым керек болатын. Мен ультиматумнан бас тарттым, себебі ол дегеніңіз өзіме ғана емес, бүкіл қазақстандық журналистикаға үкім кесу, барлық журналистік қоғамды соққыға жығу және тәуелсіз журналистикаға крест қою болып табылар еді», - деді С.Матаев.

С.Матаевтың айтуынша, қудалау мен қысым 2016 жылдың қаңтарынан басталған. «Қаңтар мен ақпан бойына олар бір ғана нәрсені талап етті – тергеумен келісімге бару, сонда ғана қылмыстық жауапкершіліктен босатады, бірақ біздің отбасы бұл ұсыныстарына қарсы тұрды, себебі тергеумен келісімге келу – арыңмен келісімге келгендей. Сол кезде мені қудалауға бастамашылық жасап отырғандар ақырғы қадамға барды, мені ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Осыдан кейін тергеу күніне 17 сағат бойына жалғасты. Мені баспасөз қорғады, негізінен шетелдік, мен оларға алғысымды білдіремін», - деп мәлім етті ол.

Шетелдік БАҚ-тардағы алғашқы жарияланымдардан соң, дейді С. Матаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында үрей басталды.
«Шұғыл түрде Алматыға бюро төрағасының орынбасары Татубаев ұшып келді. Олар мұны кұтпеген еді, жылағандай болып, жарияланымдарды доғаруды сұрады. Мен онымен келіспедім, себебі ол менің әріптестерімнің кәсіби ісіне араласу болып табылады және ол Конституцияда тыйым салынған нағыз цензура болып табылады», - деді ол.

Одан басқа, С. Матаев азапталған.

«Менің туыстарыммен араласуымды шектеу үшін, мені, одан соң ұлымды қамауға алды. Менде гипертоникалық криз болды, және мен білікті медициналық көмексіз қалдым. Тергеу, прокуратура мен сот әдейі менің денсаулығымды нашарлатты. Тіпті тергеуші Таубалды менің үйіме басып кіріп, жұмыс істеп жатқан «жедел жәрдемге» мені шұғыл түрде кардиологиялық орталыққа алып кетуіне тыйым салып, онда да маған ем алуға мүмкіндік бермей, шұғыл түрде ауруханадан шығаруды талап етіп, дәрігерлерге қысым көрсеткен жағдайлар да болды. Ал мен соңғы 9 айда ауруханаға бірнеше рет жатқанмын. Маған елеулі екі ота жасалуы керек еді, оны қаржы полициясының бастамасымен жасалған сот-медициналық сараптама анықтады. Бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы менің емделуіме тыйым салды. Білікті көмек алуыма сот төрағасы, судья Ақболат Құрмантаев та негіз жоқ деген сылтаумен рұқсат бермеді. ЕҚЫҰ өкілдері ол шешімді азаптау деп атады. Ал оған БҰҰ конвенциясы тыйым салған. Оның ішінде Қазақстанда да», - деді С. Матаев.

С. Матаевтың айтуынша, айыптаудың басты куәгерлері болып отырған шенеуніктер 65-ші бап бойынша айыптарын мойындарына алған соң, кереғар көрсетулер бере бастады.

«Қылмыстық іс бойынша 300-дей куәлардан жауап алынды, солардың ішінде тек шенеуніктер тергеу қысымымен кереғар көрсетулер беріп жатты. Олар Ақпарат комитетінің экс-басшысы Берсебаев, Қаленбеков, Арпабаев, Қазанғап пен Байбосынов, сондай-ақ «Қазақтелеком» менеджері Махамбетәжиев болды. Қалденбековты, ол ауру деген желеумен ойыннан шығарып тастады. Біз білгендей, ол бұрынғысынша жұмысқа барып жүр, және бұл жерде себеп басқада. Қазір ол Жоғарғы соттың ақпараттық қамтамасыз ету департаментінде жетекші болып табылады», - деді С. Матаев.

Бұл ретте ол осы адамдар арларын сатып кетті деп қадап айтты.
«Бізге қарсы тағылып отырған барлық айыптар солардың көрсетулеріне негізделген, олар осы мәселеде тергеумен ымыраласты, бірақ мен олар арларын сатып кетті деп есептеймін, олар маған және менің ұлыма күйе жақты, олар жеке бас қамын ойлап, өздерінің әріптестеріне күйе жақты. Олар сатқындар, олар өздерінің абырой-беделдерін жұрдай етті. Оны бүкіл Қазақстан білсін», - деді С. Матаев.

С. Матаев жасамаған айыпты мойындай алмайтынын тағы да атап көрсетті.

Дереккөз: ҚазТАГ

27 қыркүйек 2016, 19:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.