Атырау, 28 қараша 13:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Міндетті медициналық сақтандыру: кім төлейді?

4 203 просмотра

Жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің аясында жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін аударымдар сала бастайды. Міндетті медициналық сақтандыру қоры ағымдағы жылдың 1 шілдесінде құрылды, мемлекетке бастапқы жарна 106 млн 50 мың теңгені құрайды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Балкенже БАРСАЕВА әңгімеледі. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалына талдау жұмыстары кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында мемлекет бөлетін бюджет қаржысының тұрғындардың қажеттіліктерін толықтай жабуға жетпейтінін көрсетіп отыр. Бюджет қаржысының жетіспеушілігіне байланысты біздің тұрғындарымыз кейбір қызметтерді ақылы түрде алуға мәжбүр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) анағұрлым дамыған елдері медицина қызметінің 17 пайыздай түрін ақылы негізде көрсетеді. Бізде Қазақстанда бұл көрсеткіш 35 пайызға жетеді. Сақтандыру медицинасын енгізу мемлекет үшін тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге қажетті қаржыларды толықтыруға, сонымен қатар, ақылы қызмет мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бағдарламаның үшінші мақсаты – денсаулық сақтау саласында бәсекеге қабілетті ортаны дамыту, өйткені пациенттер бұрынғыша емдеу мекемелерін өздері таңдайтын болады.

Сақтандыру медицинасы жүйесінің құқықтық мұрагері біздің үкімет болып табылады. Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті тікелей жұмыстарды жүзеге асырады. Оның жанынан міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылған. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап біздің жұмыс берушілер мен мемлекет жарналар аудара бастайды. Пациенттердің 15 санаты үшін ақшаны мемлекет төлейтін болады. Осы тізімге балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сонымен қатар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыздар ретінде тіркелген тұлғалар, интернат мекемелерінде оқып, тәрбиеленіп жүрген балалар, техникалық және кәсіби, арнаулы орта, жоғары білім алу мекемелерінде күндізгі оқу бөлімінде, сонымен қатар резидентура түріндегі жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу мекемелерінде оқитын студенттер, бала тууына байланысты немесе жаңа туған сәбиді асырап алуына байланысты және ол үш жасқа толғанша күтім жасау үшін демалыста жүрген тұлғалар, жұмыс жасамайтын жүкті әйелдер, сонымен қатар, бала үш жасқа жеткенше баланы іс жүзінде тәрбиелеуші жұмыс жасамайтын тұлғалар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, сот үкімімен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан (минималды қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда) тұлғалар, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында отырған адамдар кіреді.

Мемлекет олар үшін 2020 жылы 4 пайыздан бастап 7 пайызға дейін төлейтін болады. Жұмыс берушілер табыстың 2 пайызынан бастайды, біртіндеп 2020 жылға қарай жарна мөлшерін 5 пайызға дейін жеткізеді. Азаматтардың өздері де бұл процеске қосылады, алайды 2019 жылға қарай. Жұмыссыздардың барлығына еңбек биржасына тіркеліп, салық қызметіне есепке тұру қажет болады. Жарналарды есептеумен де салық қызметі айналысатын болады. Егер жұмыс беруші өз қызметкері үшін 2 ай жарна аударған болса, онда бұл пациент сақтандырылған деп есептеледі.

Жүйе аясында медициналық сақтандырудың екі пакеті жұмыс істейтін болады. Біріншісі – бұл тегін медициналық көмек көлемі. Бұған амбулаториялық-емханалық көмек, санавиация, жедел жәрдем және екпелер кіреді. Екінші пакет жарналар есебінен қалыптасады: жоспарлы, жедел стационарлық көмек, күндізгі стационар. Жаңа жүйе енгізілгенде оңалту және паллиативтік көмек, қалпына келтіру емі дамитын болады. Бұдан басқа, жоғары технологиялық қызметтерді жақсарту жоспарланып отыр.

- Бүкіл сақтандырылған тұлғалар амбулаториялық ем алатын болады, әрі қарай емдеу де тегін болады. Осы мақсатта пациенттерді тіркеу порталы енгізіледі. Ол жерде онлайн тіркеу режимінде рецептілер жіберіледі. Пациенттер бекітілген дәрі-дәрмектердің формуляр тізіміне енгізілген дәрі-дәрмектер үшін ақы төлемейтін болады. Дәріханалармен қор есептеседі. Сақтандыру медицинасын енгізудің ерекшелігі - азаматтарды емдеу көлемі әзірленген стандарттар аясында аударымдар сомасына қарамастан, бірдей болады. Егер бұрын амбулатория жағдайында біз 49 нозологиядағы дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етсек, енді оларды 94-ке дейін көбейтеміз, - дейді Балкенже Барсаева.

Айтпақшы, емдеу стандарттары туралы. Денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесі жұмыс істеген 5 жыл ішінде 134 стандарт әзірленді, олар бүкіл медицина қызметкерлеріне онлайн режимінде қолжетімді болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

13 қыркүйек 2016, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.