Облыстық әкімдікте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВТІҢ бейне байланыс арқылы қатысуымен өткен мәжілісте Атырау облысындағы ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды.
Министрмен жүргізілген диалогта Каспий теңізіндегі браконьерліктің жалғасуы туралы мәселе де назардан тыс қалмады. Браконьерлікпен тиімді күресу үшін облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының материалдық-техникалық базасын жақсартуға қатысты ұсыныстар айтылды.
Бекіре тұқымдастарды құтқарудың жолы ретінде қала маңындағы Еркінқала және Көкарна поселкелерінде орналасқан екі бекіре балық өсіру зауытының өндірістік қуаттылығын арттыру мәселесі қаралды.
– Балық зауыттарын қайта жарақтандырып, олардың жалпы қуаттылығын жылына 7-ден 12 миллионға дейін шабақтар шығаруға арттыру керек, ол үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы керек болады, - дейді балық өсіруші мамандар.
Министр бұл аталған мәселелерге республикалық бюджетте қаржы қарастырылмағандығын атап өтті. А.Мырзахметов облыс әкімдігі бұл мәселелерді сырттан қосымша қаржы іздемей жергілікті деңгейде қарастыруға болатындығын тілге тиек етті. Осылай деп мәлімдеген министр іле-шала Атырау облысындағы бекіре балық өсіру зауыттарын қайта жарақтандыруды қаржыландыру мәселесі Бүкіләлемдік банк пен Азия даму банкінде қаралатындығы туралы айтып, үміттендіріп қойды.
- «Ғылым» бекіре тұқымдас балықтарды аулауға берілетін квотасыз қалды, - деп хабарлады министр. Бұрын ғылыми мақсатта бекіре тұқымдас балықтарды аулауға квота берілетін. Енді ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша квота беру тоқтатылды және 2017 жылдан бастап Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтарды аулауға толық тыйым салынады.
Субсидиялау ережесіне де өзгерістер енгізілуде, егер бройлер балапандарын шығарған жағдайда Атырау облысындағы құс фабрикалары да мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау ала алады.
- Бұл тарау АӨК мемлекеттік қолдауды жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында талқыланды. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы жоғары қуатты бройлер құс фабрикаларын құруға бағытталған. Егер бұрын инвестициялық субсидияны беру барысындағы шекті қуаттылық жылына 5 мың тонна ет беруден басталса, қазір бұл 2 мың тоннаға дейін азайды, - дейді А.Мырзахметов. Бұған ұқсас жағдай ірі мүйізді қара үшін бордақылау алаңдарын ашуда да орын алып отыр. Мемлекеттен көмек алу үшін үш мыңнан аса малға арналған бордақылау базасы болу керек, ал, ол көптеген фермерлік шаруашылықтарға кедергі туғызуда. Соған сәйкес алаңдарды үлкейту мүмкіндігі жоқ, өйткені, олардағы мал басының орташа саны 500 сиырдан аспайды.
- Бұл мәселе министрлік жанынан құрылған жұмыс тобының күн тәртібінде қаралуда, - деп өтті министр.
- Бұдан басқа, мәжілісте бөдене және ешкі өсіру шаруашылықтарын субсидиялау мәселесі де көтерілді. А.Мырзахметов министрліктің ақпараттар жинақтап жатқандығын және мұндай шаруашылықтарды дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын алуды келесі жылдан бастап жоспарлап отырғандығын мәлімдеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ