Табынбаевтардың спорттық династиясы: самбодан аты аңызға айналған бапкердің ізбасары болу қандай? №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (Привокзальный), 25 жастағы жаттықтырушысы, самбодан ұлттық дәрежедегі төреші Құныскерей ТАБЫНБАЕВ (суретте) әңгімелейді.
ӘКЕМ ҚАТАЛ ДА ӘДІЛ АДАМ ЕДІ»
- Менің әкем Қошқарбай Табынбаев 1960 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келді. Ол әлем және Азия чемпиондарының бірқатар саңлақтарын және самбодан түрлі жас санатындағы әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін тәрбиеледі: Ринат Ибрагимов, Арсен Хатип, Мұхамбетрахим Оралбеков, ағайынды Арман, Нұрлан және Амантай Өсиевтер, Бисенбай Қошқаров, Болат Жұмабаев, Рустем Ерманов. 2003 жылы оған үлкен жетістіктері үшін ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілді. 2009 жылы ол ауыр науқастан көз жұмды. Менің Руслан есімді ағам және төрт қарындасым бар. Ауыр қайғыдан соң біз анамыздың жанында қалып, бар ықыласымызды сол кісіге аудардық. Руслан да самбошы, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы болып табылады, бірақ кейін спортпен айналысуды қойып, мұнайшы атанды. Ал, мен әкемнің ізімен кеттім.
Күзде облыстық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы менің әкемді әске алу құрметіне орай спорттық самбодан кезекті халықаралық турнир өткізуді жоспарлап отыр. Турнирдің жеңімпаздарына ҚР спорт шебері атағы берілетін болады. Спорттық афишаны назардан тыс қалдырмаңыздар. Қызықты жекпе-жектер болады деген үміттеміз.
- Өз балаларының самбомен айналысқанына әкеңіз қалай қарады?
- Менің бапкерім әкемнің оқушысы Қайрат Досқалиев болды. Ол кездерде әкем облыс құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Сол жылдары Геолог поселкесінде №4 балалар мен жасөспірімдер мектебі салынбаған болатын, сол себепті самбошылардың барлық тобы, оның ішінде шеберлері де, жаңадан келгендер де барлығы бірге №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бір спорттық залында жаттықты. Біз ағамыз екеуміз әкемнің жұмысын бақылап отыратынбыз, ол өзінің біраз жаттыққан оқушыларына қатал және талапшыл болды, ал ағам екеумізге жаңадан бастаған соң аз-мұз аяушылық танытатын. Әкем достыққа берік, әділ спорттық төреші болды. Көптеген бапкерлердің маңызды жарыстарға іріктеу болған кезде өз тәрбиеленушілерінің жекпе-жектеріне төрелік етуді әкеме сеніп тапсыратындығы кездейсоқтық емес. Әрбір оқушы бар жақсыны өз бапкерінен алады. Спортшы, бапкер және төреші ретінде қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы да менің тәлімгерім Қайрат Досқалиевтің еңбегі. Ол шеберлік дәрістерді менің әкемнен алды, ал мен одан алдым. Жаттықтырушылық жұмысты мен жақсы көремін, оны білемін және бұл маған қуаныш сыйлайды, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Қазір балаларды үш топта жаттықтырып жүрмін. Екі топта 2000-02 ж.т. жасөспірімдер және бір топта 2003-05 ж.т. балалар, менде барлығы шамамен 40-тай бала жаттығады.
Құныскерей Табынбаев
«САМБО БАРЫНША ТИІМДІ БОЛА БАСТАДЫ»
- Сіздің тәрбиеленушілеріңіз қандай жетістіктерге қол жеткізді?
- Жақында ғана Түркістанда 2000-01 ж.т.кадеттер арасында осы жылдың желтоқсанында Кипрде болатын әлем чемпионатына іріктеу үшін Қазақстан чемпионаты өтті. 55 келіге дейінгі салмақта менің тәрбиеленушім Абылай Түгелбаев еліміздің чемпионы атанды. Мен бапкер боп жеті жыл жұмыс жасап келемін, бұл менің «алғашқы қарлығаштарымның» бірі. Қандай мақтаныш күйде тұрғанымды сөзбен жеткізе алар емеспін... Абылайдың самбомен айналысқанына жеті жыл болды. Біз сондай-ақ, 42 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мәди Мәжиттен де медаль күттік. Алайда, бұл жолы оның бағы жанбады, бірақ, ол өзін міндетті түрде басқа жарыстарда көрсете алады деген сенімдемін. Менің тобымда өздерінен үміт күттіретін балалар баршылық. Айталық, 2000-02 ж.т. Расул Жақсығали, Батырлан Әсет, Нұрлан және Диас Ізмұхановтар, Әбілхайыр Хайруллин, Есет Саурбай, Айбек Құсанов, Мәдениет Құлманов, Қайырғали Қуандықов. 2003-05 ж.т. тобында Сырым Байғалиев, Әділет Қисапов, Адай Қапанов, Райымбек Базарбаев, Алламан Дүйсенғалиев, Диас Болатұлы, Нұрасыл және Ерасыл Өдриевтер, Досжан Базар және басқалары тұрақты түрде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
- Самбоны Олимпиада ойындарының бағадарламасына енгізу барысында қандай жаңалықтар бар?
- Самбо үнемі дамып отырады, тиісінше жарыс ережелері жекпе-жектің көрнекілігі мен динамикасының пайдасына қарай өзгеріп отырады. Бұл үшін жылына бір рет Мәскеуде форум өтіп тұрады. Мәселен, айталық, бұрын төрешілер жекпе-жекті тоқтатып, өзіне белсенді болып көрінген самбошыға жеңісті бере салатын еді. Қазір бұл норма алынып тасталды, спортшылар барынша көп балл жинап, тиімді тәсілдерді қолдануға тырысады, ал төрешілердің жеңісті «сыйға» тарта салу мүмкіндігі жоқ. Олимпиадалық ойындарға қатысты әзірге айту ертерек, дегенмен, самбо Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Келер жылы біздің бұл спорт түрі тәжірибе ретінде Ашхабадта өтетін Азиадада сыналатын болады. Біз самбомен айналысуға ниет білдірушілердің біздің секцияларымызға ағылуын күтеміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ