Белсенді демалысты қалайтын алыс және жақын шетелдердің туристері үшін Батыс Қазақстан өңірі олардың саяхаттар картасындағы соңғы нүкте емес.
Аптаның басында қалада Қытайдан және Ресейден келген туроператорлардың тобы болып қайтты. Олар «EXPO-2017» көрмесіне келу реестрінің туристік маршруттарымен танысу үшін келген. Маршруттардың Recommended by EXPO белгісі болады. Көрме қонақтары тек қана Астананы емес, Қазақстанның өзге де өңірлерін аралайды деп жоспарланып отыр, оның ішінде Атырау облысы да бар.
Туроператорлар екі экскурсияға барды: әуелі оларға Атырау қаласын көрсетті және Жайық өзенінің үстімен серуендетті, ал кейін «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешеніне, ешкі фермасы мен «Сарайшық» демалыс базасына барды.
Ресейлік саяхатшы, блогер, «ОткрытиЯ project» жобасының жетекшісі Павел ШИТИК соңғы екі айда Қазақстанда бес рет болған. Қазір ол «Қазақстан бойынша джип-турлар» жобасымен бірге жұмыс істейді. Жер жаһанды жол талғамайтын көлікпен шарлап, рафтингпен айналысқанды, биік шыңдар мен ағып жатқан таулы өзендерге шығуды жақсы көретін саяхатшыға бәрінен бұрын Алматы облысы ұнап қалыпты. Онда белсенді демалыс үшін барлық мүмкіндік бар. Жақында Павел Қазақстанның орталық бөлігіне барып қайтты, енді бізге келіп отыр.
- Белсенді демалысты ұнататындар Батыс Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктерін бағалайды деп сенемін. Алдағы жоспарларымда Маңғыстауға барғым келеді. Ресейлік автотуристер үшін бұл бағыт жаңалық емес. Қазақстанға Мәскеуден және Санкт-Петербордан барған жеңіл. Ал, қалғандары әзірге бұл туралы ештеңе білмейді, ақпарат аз. Ресейлік автоәуесқойлармен ақпаратты бөліскім келеді, олар да жаңа орындармен танысса деймін, – дейді Павел.
Саяхаттар туралы ақпараттарды ол «ОткрытиЯ project» арнасына, әлеуметтік желілер мен ютубқа орналастырады. Одан бөлек, Павел пайдалы ақпараттар туралы сюжеттер түсіріп, арнайы баған жүргізеді: бұл негізінен қайда тоқтайтынын, ол жерде тағам бағасының қанша тұратынын, қай жанармай құю бекетінде бензин құйған жөн, жергілікті жол полициясы қандай себеппен тоқтатуы мүмкін және мұндай жағдайда өзіңді қалай ұстау керек деген сұрақтарға жауап беретін ақпараттар. Мұның бәрін Павел ресейлік туристерге тек жағымды көңіл күй сыйлау үшін жасайды.
Клавдия БУРЦЕВА Омбыдан келген, ол «Пятый океан» туристік агенттігін басқарады. Бұл ақпараттық турға келерінде қобалжумен болды: ол Жаңаөзенде туған, Қазақстаннан 38 жыл бұрын кеткен. Атырауда, сол кезде Гурьев аталатын, Клавдия сонау 1976 жылы болды және оны біздің қаламен балалық шағы мен жастық шағының естеліктері байланыстырады. Қазір Клавдия Ресейден Қазақстанға жүретін туристік бағытты дамытуды көздеп отыр: ол біздің еліміздің қаншалықты сан қырлы екенін және мұнда қаншама қызықты жерлердің барын біледі. Сондықтан, Клавдия туристерге Қазақстанды қорықпай ұсынуға болады деп есептейді. Әзірге ресейлік туристер тек Бурабай, Астананы біледі, жасы үлкендері Алматыны біледі.
Әлинұр ЖЕҢІСҚЫЗЫ Қытайдан келген этникалық қазақ. Өткен жылы ол Аспанасты елінде туристік фирма ашып, кейін оның өкілдігін Астанадан да ашты.
– Атырауға келер алдында мен мұнда тек мұнай кен орындары бар шығар деп ойладым. Бірақ енді сіздерде жеңіл және тағам өнеркәсібін, ойын-сауық және медициналық орталықтарды дамытудың болашағы зор екенін көріп отырмын. Қытайлық инвесторлар тек қана туризмді дамыту үшін емес, басқа да салаларды дамытуға көп мүмкіндігі бар өңіріңізге қызығушылық білдіретініне сенімдімін. Әсіресе, келесі жылдың Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы деп жарияланғанын ескерсек, солай деуге әбден болады, – дейді Әлинұр.
Атырауда жалғыз оны емес, бүкіл туроператорлар тобын да тосын сый күтіп тұрды. Өзен үстімен серуендеу қонақтардың көңілінен шықты. Ал Сарайшыққа сапар ерекше әсер еткенге ұқсайды. Қонақтарға музей жәдігерлері ұнап қалды. Олар Сарайшықта көп ғасыр бұрын өзінің су құбыры мен жылу жүйесі болғанын, сондай-ақ, көне шеберлердің әлі күнге дейін сырын жоғалтпаған ыдыстарды сырлауға арналған бояуларды дайындағанын білгенде таңғалыстарын жасырмады.
Барлық туроператорлар да алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге үміттеніп отыр, бірақ бұл топтық немесе жекелей сапарлар бола ма, балалар демалысы, медициналық немесе қазір сұранысқа ие этнотуризм бола ма, бұл ақпараттық тур аяқталған соң белгілі болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН