– Облыстық маңыздағы дербес зейнеткер ретінде ай сайын зейнетақыма қосымша 2 мың теңгедей алып тұратын едім. Ақша зейнетақы есеп-шотымнан бөлек түсетін. Аз ғана сома болғандықтан ақшаны әдетте жарты жылда немесе жылына бір рет алатын едім. Осы жолы да солай етпек болғанмын. Бірақ 2011 жылы маған бұл ақшаны аудармаған боп шықты. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына барып едім, ондағылар бұл төлемнің олар арқылы жүргізіл-мейтінін айтты. Өткен жылы маған бұл қаржыларды неліктен аудармағанын анықтау үшін қайда хабарласқаным жөн?
А. О.
«Бұл жәрдемақы шынымен де жергілікті бюджеттен төленеді және зейнетақы төлеу орталығы арқылы жүргізілмейді, - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының кеңесшісі Төлеген ИЩАНОВ. – Оны тағайындаумен және аударумен бұрын қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі айналысатын. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл ақшалар төлене ме, жоқ па, әлі белгісіз. 2011 жылдың 4 қазанында облыс әкімінің «Облыс әкімінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» қаулысы шықты. Олардың қатарында облыстық маңыздағы дербес зейнеткерлерге ақша төлеу туралы құжат та бар».
Қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау бөліміндегілердің хабарлауынша, 2011 жылдың қаңтарынан бастап бөлім өз базасын жаңартумен және жәрдемақы алушыларды қайта тіркеумен айналысқан. «Көп адамдар жаңа мекен-жайларға көшкен, кейбір адамдар қайтыс болған. БАҚ арқылы түрлі жәрдемақы алушылар бөлімге келіп, бұрынғы мекен-жай бойынша тұрып жатқандарын растауы немесе жаңа мекен-жайын көрсетулері тиіс екендігі хабарланды. Сондай-ақ, бөлім қызметкерлері базада көрсетілген ескі мекен-жай бойынша жәрдем алушыларды аралап шықты. Осы зейнеткерге де барған. Бізге бұл мекен-жайы бойынша қазір ол адамның тұрмайтындығын хабарлады. Осыған байланысты өткен жылдың қаржысын ол енді ала алмайды. Өйткені бұл ережеде қарастырылмаған, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Рая ОРАЛОВА. – 2012 жылы төлемдер төлене ме, әзірге белгісіз. Егер бұл мәселе төлену жағына шешілсе, қалалық бөлім бұл туралы БАҚ арқылы хабарлайды. Бұл жағдайда жәрдемақы алушылар қайтадан тіркеуден өтулері керек болады».