Бөлшек сауда саласындағы сатып алушылардың бетпе-бет келетін өзекті мәселелері облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті ұйымдастырған кездесуде талқыланды.
ТАЛАП-АРЫЗ ЖАЗУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ
«Дөңгелек үстел» жұмысына прокуратура, сот, мемлекеттік кірістер департаменті, «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ, сондай-ақ, түрлі сауда үйлері мен фирмалары қатысты.
Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің үш жылғы жұмысы барысында бір таңғаларлығы, бар-жоғы 145 жазбаша өтініш түскен: 2014 жылы 76, 2015 жылы 50, 2016 жылдың бірінші тоқсанында – 19. Оның үштен бірі (44) бөлшек саудаға қатысты болса, 25-і қоғамдық тамақтандыру саласы, 57-сі ТКШ қызметіне, 11-і халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы, байланыс қызметінің, қаржы және көлік, медицина, білім беру қызметтерінің сапасына қатысты шағымдар болды. «Жедел желі» телефоны бойынша барынша көп шағымдар - 638 қоңырау болған. Оның көпшілігі тағы да саудадағы түрлі заң бұзушылықтарға қатысты. Ең көп тарағаны - тауардың сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыру, сатып алушыларды алдау, санитарлық ережелерді сақтамау. Бұдан басқа департамент 25 жастан 51 жас аралығында 1102 респондент қатысқан сауалнама жүргізді. Оның да қорытындысы шамамен осындай болды. Сауалнамаға қатысқандардың және олардың жақындарының көпшілігі өздеріне тауар жөнінде ешқандай ақпарат ұсынылмайтындығын, тауарды ауыстырудан және кері қайтарудан бас тартатындығы және сапасыз тауар ұсынылатындығы көп кездесетіндігін айтқан.
Әдетте тұтынушыларға өз құқықтарын сотқа дейінгі тәртіп бойынша қорғап шығуға мүмкіндік болады, бірақ кейде сотқа дейін жететін де істер болады, кейде тіпті, адамдардың ешқандай шара алмайтындары болады. Бұл жағдайда көптеген адамдар үшін департамент жанында адамдарға олардың құқықтарын түсіндіретін және сотқа дейінгі шағымдарды, сотқа берілетін талап-арыздарды жазуға тегін көмек беретін кеңес беру орталығы бар екендігін қаперге береді.
ЖАЗАСЫЗ ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
- Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Адамдар шағымдана отырып, тек өздерінің заңды талаптарының орындалуын ғана күтпейді, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды да талап етеді. Бүгінгі күні әкімшілік шаралар түріндегі жауапкершілікке тарту жоқ және сондықтан да адамдарда заң бұзушылар жазасыз қалады деген ой қалыптасқан, - деп есептейді департаменттің бөлім басшысы Қайрат НҰРҒАЛИЕВ.
Департаменттің бөлім басшысы Мариям МЕҢДІҒАЛИЕВА өз кезегінде департамент қызметкерлерінің сауда нысандарын тексеру мүмкіндігі барлық кезде бола бермейтіндігін атап өтті. Айталық, егер сатушы чек бермесе, оның тауарын санитарлық нормаларға сәйкестігін анықтауға мамандар жібере алмайды. Нәтижесінде балалар тағамын олар тек Атырау және Жылыой ауданы сатушыларынан ғана тексере алды. Бұл факт жиналғандардың қызығушылығын тудырды, сонда қалған аудандарда сатылып жатқан балалар тағамы нормаға сәйкес келмеген болып шыға ма? Қатысушылар жалпы сатушылар қандай негізде жұмыс жасап жатыр, неліктен олар мемлекеттік кіріс органдарында тіркелмейді, салық төлемейді, қазыналық чектерді бермейтіндігіне түсінбеді.
- Бұл мәселені мемлекеттік кіріс департаментімен бірге шешу керек, – деді қалалық прокуратураның аға прокуроры Ерлан ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.
АЙЫППҰЛ САЛУ САТУШЫНЫҢ ІСІ ЕМЕС
Сатушылардың да тұтынушыларға қояр өз талаптары бар.
- Сату барысында біз өз тауарымызға кепілдік береміз. Кейде телефон аппараттарының ақаулығына сатып алушылардың өздері кінәлі болғанымен оны мойындамайтын жағдайлар кездеседі. Біздің сервистік бөлімнің мамандарының телефонға су тигеннен бұзылғандығы жөніндегі қорытындысымен тұтынушы келіспейді. Техникалық сараптама біздің қалада жоқ. Мұндай жағдайда қалай болмақ? - деп сұрады РК-телл компаниясының өкілі Нұрлан ХАЙРУЛЛИН.
Мұндай жағдайларда Ақтөбедегі сот-сараптама орталығына жүгінуге болады. Егер іс сотқа дейін жетсе, компания өз есебінен бұл сараптаманы жүргізе алады, ал кейін оң нәтиже алған жағдайда тұтынушыға бұл шығындарды сот шығындары ретінде төлеуге тура келеді. Қаладағы супермаркеттердің бірі ақшасы төленбеген тауар ды қолданғаны үшін ірі айыппұл салумен қорқытып отыр. Басқа дүкендерде тауар бүлінген (егер бала айталық, шырыны бар ыдысты сындырып алса) жағдайда жазалау туралы хабарландырулар ілініп тұр. Құқыққорғаушылардың бірауыз пікірі бойынша сауда мекемелері әкімшілігінің тұтынушыларға айыппұл салуға өкілеттіліктері жоқ, бұл олардың өзіндік әрекеті болып табылады.
Облыстық соттың судьясы Лаура ЛҰҚПАНОВАНЫҢ сөзіне қарағанда, бірінші жарты жылдықта сотқа «тұтынушылар құқығын қорғау» санаты бойынша 26 шағым түскен. Талап-арыздар негізінен тиісті сапалы тауарды ауыстыру, оның ішінде автокөліктер, телефондар мен теледидарларға қатысты болып келеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА