Атырау қаласының аумағында бальнеологиялық, яғни, сыртқа қолдануға жарамды минеральды сулардың анықталған жеті кен орны бар. Бұл туралы бізге гидрогеолог Ақмарал САБУРОВА әңгімелеп берді.
Олар сонау кеңес дәуірі тұсында зерттелген болатын. Сол кезде оның қорлары анықталып және адам ағзасына әсер етуі зерттелген еді. Сол жеті кен орнының бүгінгі күні тек біреуі ғана пайдаланылуда, ол «Атырау» шипажайының ауласында орналасқан. Сол жылдары кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-нан алынған қорытындыға сәйкес «Атырау» шипажайындағы №12 ұңғының жерасты суы бромның жоғары 100-110 г/л шоғырланған құрамы бар тұзды хлоридті натрийлі-бромды (244,9г/л) тұздық болып табылады. Бром өз кезегінде маңызды бальнеологиялық компонент болып табылады. Температурасы - 16-18 градус. Уландырғыш заттар мен қоспалар жоқ. Дәрігерлер бұл минералды суды жүрек-қан тамырлары жүйесі, сүйек-бұлшық ет аурулары, жүйке жүйесі, гинекологиялық және тері, урологиялық ауруларға сырттай қолдануға болатындығын айтты.
Міне, көп жылдан бері шипажай мамандары №12 ұңғының суын демалушыларды емдеуге қолданып келеді. Оны 8-10 рет 30 г/л тұз құрамы болатын хлоридті-натрийлі су алу үшін қосады. Бұл адам ағзасына қолайлы қоспа болып табылады. Кеңес дәуірінде барлау жұмыстарының нәтижесінде анықталған минералды судың тағы да бес кен орны облыс орталығының түрлі аумағында орналасқан. Олар - «Химик», «Энергетик», «Рыбак», «Строитель» және «Нефтяник». Және оған қоса Махамбет ауданы, Алмалы ауылындағы бұрынғы «Автомобилист» пионер лагері аумағында бар. Судың химиялық құрамы №12 ұңғыдағы су құрамымен сәйкес келеді. Гидрологтар қала астында үлкен минералды көл бар екендігін және оның тек бір бөлігі ғана анықталғанын топшылап отыр.
Бірақ мұнымен бәрі біте қоймайды, Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында бір кездері минералды сулардың кен орындары табылды. Ол жерде тіпті «Шипа» шипажайы жұмыс жасады. Атыраудан 55 шақырым жердегі мұнай кәсіпшілігінде Ескене минералды бұлақтары бар. Бұл жерде бір кездері бальнеологиялық емхана болды. Тағы бір кен орны – Құлсары қаласынан 70 шақырым жерде, Сарыбұлақ деп аталады. Бір кездері Бүкілодақтық медициналық оңтайландыру және физикалық терапия орталығы сол жердегі минералды сулардың емдік құндылығын дәлелдеген қорытындыны берген болатын. Құрамы жағынан ол емдеу-асханалық сулар құрамына жатады (Өзбекстандағы №29 Чартак ұңғымасы, Қостанай, Старая Руса, Усолье, Одесса, Нижняя Сергиевка және басқа да кен орындарына ұқсайды), асханалық сусын ретінде ішуге де болады, сондай-ақ, созылмалы асқазан, тоқ ішек, асқазан жарасы және он екі елі ішек секілді басқа да ауруларды емдеуге қолданылады. Сарыбұлақ суын газдандырып, одан әрі қолдану үшін бөтелкелерге құюға болады. Бірақ, бұған ешкім қызығушылық танытып отырған жоқ.
Тамара СУХОМЛИНОВА