Атырау, 28 қараша 12:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Педагогикалық университеттің түлектері қайда?

Сурет
3 749 просмотра

29 тамыз күні Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының ғимаратында дәстүрлі педагогикалық тамыз конференциясы өтті.

БІРІНШІ СЫНЫП БЕС КҮН ОҚИДЫ

Конференция жұмысына жергілікті педагогтардан бөлек, Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ, ҚР білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары Дархан АХМЕД-ЗӘКИ, министрліктің бірқатар басқа өкілдері, сонымен бірге, еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметкерлері, әртүрлі оқу құралдарының авторларықатысты.

Министрлік қызметкерлері сауаттылықты оқыту, педагогикалық кадрларды даярлау, мектептер мен университеттің байланысы туралы мәселелер бойынша секциялық оқыту сабақтарын өткізді.

Өткен жылдардағы кеңестерден айырмашылығы, басты назар ҰБТ қорытындыларына емес, республика мектептерінде осы оқу жылы енгізілгелі жатқан жаңа өзгерістерге аударылды. Бірінші кезекте бұл - «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін ескере отырып дайындалған бірінші сыныптарды жаңартылған бағдарламамен оқыту. Оған кезең-кезеңмен 2019 жылға дейін барлық сыныптар көшетін болады. Осыған байланысты енді бірінші сыныптар аптасына бес күн оқиды, оқу жылы олар үшін 25 мамырда емес, 30 мамырда аяқталады.

12 жылдық оқытуға қатысты айтсақ, оны 2019 жылы бастау жоспарланып отыр. Және ол нөлінші сынып +11 сынып деген формуламен құрылады, яғни, 12-ші сынып болмайды. Ата-аналар балаларын нөлінші сыныпқа 5-6 жасында береді.

Мектепте қазақ тілін оқытуға көп көңіл бөлінетін болады. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде балалар саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде бұл оқушылардың 70 пайызын құрап отыр. ҰБТ-ны түлектердің 72 пайызы қазақ тілінде тапсырды. Соның өзінде орыс мектептерінде мемлекеттік тіл 1-ші сыныптан бастап оқытылатынына қарамастан, түлектер оны еркін меңгеремін деп мақтана алмайды. Осыған байланысты жаңа коммуникативтік оқыту әдісі жасақталуда, оны енгізу келесі жылы басталады.

2020 жылға қарай жоғары оқу орындарындағы барлық жоғары техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде оқытуға көшеді. Сәйкесінше, соған мектеп түлектері дайын болуы керек. Төрт пәнді - химия, физика, биология, информатиканы ағылшын тілінде оқытуға көшу 2019 жылы басталады. Пән мұғалімдері дайындықты осы жылдан бастайды.

БҰРЫНҒЫДАЙ БЕДЕЛ ЖОҚ

Атырау облысындағы жағдай туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА айтып берді. Қазіргі уақытта өңірде 162 балабақша, 192 мектеп және 25 орта техникалық және кәсіби оқу орындары жұмыс істейді. Бірінші жартыжылдықта 5 балабақша пайдалануға берілді, тағы 9 балабақша салынуда. Балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 84,8 пайыз қамтылған.

Жаңа оқу жылы 1-ші сыныпқа 14 496 бала барады. Балаларды жаңартылған мектеп бағдарламасымен оқытатын 1 909 педагог оқудан өткен. Облыста барлығы 11 639 педагог жұмыс істейді.

1-4 сыныптың 48 145 оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінеді. 35 білім беру орнын күрделі жөндеуге 1, 3 млрд теңге бөлінген болатын. Бір жаңа мектеп пайдалануға берілді, тағы сегіз мектептің құрылысы жалғасуда. Облыста оқу орындары әлі де жетіспейді. Айтпақшы, жақында қала әкімі Серік ШАПКЕНОВ қалалық мұғалімдер конференциясында ғимараттар мен мұғалімдердің жетіспеушілігінен Атырауда сегіз мектепте оқушылар саны үш есе көп екенін атап өтті. Және онда үш ауысыммен оқуға тура келуі мүмкін. Жоғарыда айтылған сегіз мектеп тапсырылған кезде бұл мәселе шешілмек. Айта кетейік, аталған мектептердің төртеуі облыс орталығында салынуда.

Биыл ҰБТ-ға 3 109 түлек қатысқан болатын (жалпы санынан 67,1 пайызды құрайды), орташа нәтиже 70 баллды құрады. Келесі жылдан бастап, ақырында, ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілетін болады. Бұл туралы көптен бері айтылып жүр: тестілеуді екі кезеңге бөледі – біріншісінде нәтижелер аттестатқа түсіріледі, ол мектепте өтеді, екіншісі жоғары оқу орнына түскен кезде өтеді. Биыл алғаш рет ҰБТ-ны сәтсіздікке ұрынған жағдайда кері тапсыруға болады. Талапкерлердің ҰБТ-ны кері тапсыру құқығы алдағы уақытта да сақталады.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев педагогикалық кадрлардың тапшылығы мәселесін көтерді:

- Қазіргі уақытта бізге 435 мұғалім қажет. Бізде өзіміздің кадрларды даярлауға барлық мүмкіндіктер бар, өңірде көп жылдан бері қажетті мамандықтар бойынша оқытатын педагогикалық университет жұмыс істейді, соның өзінде мұғалімдер жетіспейді. Неліктен? Мен мамандықтың беделінің төмендеуі әсер етіп отыр деп ойлаймын, жастар мектепке барып жұмыс істеуге ұмтылмайды. Мұғалімдер қоғамда бұрынғыдай беделге ие емес. Және оған біз бәріміз кінәліміз – мұғалімдер мен ата-аналар. Көбінесе бұл отбасыдан келеді.

Кеңес соңында ол еңбегі сіңген педагогтарды білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» және «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, алғыс хаттармен марапаттады. Одан бөлек, түлектері ҰБТ кезінде жоғары нәтижелер көрсеткен білім беру мекемелерінің басшыларына бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Cуреттерді түсірген Марат ТАКУЛИН

31 тамыз 2016, 01:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.