Атырау, 28 қараша 13:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Фермер, дәрігер, наубайшы, тігінші

6 516 просмотра

Жергілікті қарбыздарды тек тамызда ғана жеген дұрыс деушілер қателеседі екен. Махамбет ауданындағы «Агрофеликс» шаруа қожалығында қарбыздарды жинау жұмысы енді аяқталды. Енді он күннен соң бақша дақылдарын жинау «Дастан» шаруа қожалығында да бітеді. Ал кейін пісетін бақша дақылдары сырттан әкелінеді. Бұл туралы біз баспасөз туры барысында әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланған бірқатар шағын және орта бизнес нысандарына барған кезде білдік.

ШАЛҒАЙДАН КЕЛГЕН ЖҰМЫСШЫЛАР

Бүгінде «Агрофеликс» ШҚ-да бір кездері 30 га болған егіс жерінің көлемі 240 гектарға жеткен. 140 га жерде көкөніс, 50 га жерге бақша дақылдары мен 50 га жерге картоп егілген. 90-ға жуық жұмысшы егістікте қызанақтарды, жуа мен сәбізді жинауда. Еңбек ауыр, біркелкі, еңкейіп, көкөністерді жинайсың, оны ыдысқа саласың. Күн аяусыз күйдіріп, желдің де шаң көтергеннен басқа көмегі жоқ. Бұл жұмыс осылай таңнан кешке дейін қайталанып отырады. Жергілікті тұрғындар біздің жерімізде еңбек етуге асық емес, сол себепті жұмысшылар сырттан келеді және олар мұнда табыс табу үшін көп жыл қатарынан келіп жүргендер. Оларды мұнда алдамайтынын біледі, мұнда демалыс үшін де жағдай жасалған, ақшасын уақытында беріп тұрады. Күзге қарай егін жинау үшін қожалық иелері тағы 50 адамды уақытша жұмысқа алады.

- Осы жылы біз «Атырау» ӘКК-мен 80 млн-нан астам теңгеге фьюсчерлік келісімшартқа отырдық. Енді Тұрақтандыру қорына 1000 тонна картоп, 100 тонна жуа, 100 тонна сәбіз, 250 тонна орамжапырақ және 50 тонна қызылша жеткізуіміз тиіс, - дейді «Агрофеликс» ШҚ-ның басшысы Вячеслав ЮН. – Мұндай келісімшартты біз бірінші жыл жасасып жатқан жоқпыз. Соның арқасында бізде тұрақты өткізу нарығы бар, ал ӘКК-нің сенімді жеткізушісі бар. Олай болмағанда біз үлкен егістік алқабында ештеңе өндіре алмас едік, тіпті мұндай жерді ала алмас та едік. Оған қоса, біз мемлекет қолдауымен техниканы лизингке алдық, жерге және тамшылатып суаруға субсидия алып отырмыз.

Барлық 240 гектар жерде тамшылатып суару әдісі қолданылып отыр. Оны шаруашылықта бес жыл бойы пайдаланып келеді. Суармалы суды және уақытты үнемдеуден бөлек, бұл барлық егістік көлемін қамтуға мүмкіндік береді, соның арқасында егін жақсы шығады. Егінді жинап, жерді бес жыл демалтып қояды және келесі егістік алаңына көшеді.

Осы жерде мені сатып алушы ретінде үнемі бір сұрақ мазалайтын. Неге базарда жеке кәсіпкерлердің сататын картобы ірі әрі таза да, ал тұрақтандыру қорынан сатылатын картопқа қарағың да келмейді – ұсақ, көлемі кішкентай, шірігендері кездесіп жатады. Шаруа қожалықтары мемлекетке кондицияға сәйкес емес тауар тапсырады немесе олар оны дұрыс сақтамайды ма?

- Технолог картопты стандартқа сәйкес қабылдайды, тауар сұрыптаудан өтеді. Көкөніс сақтау қоймаларында желдеткіш және салқындатқыш камералары бар. Бірақ, кез келген көкөністер үш-төрт ай сақталғанда өзінің ерекшелігін әрі тауарлық түрін жоғалтады, – деп өз ойымен бөлісті В. Юн.

Қожалық тұрақтандыру қорына тиісті тауарды тапсырған соң қалған көкөністерден корей салаттарын жасайды. Бұл «Сарайшық», «Көктем» және «Дина» базарларында кездестіруге болатын салаттың 12 түрі. Өнім облыс тұрғындарына таныс. Ал, осы жылы ШҚ сатып алушыларға өзінің қалбырлау цехының өнімдерін ұсынбақ. Маринадталған қиярлар мен қызанақтардың қайда сатылатыны әзірге белгісіз. Мүмкін, «Агрофеликс» супермаркеттермен келісімшартқа отырар. Өңдеуге кетпейтін, мәселен, картоп шаруа қожалықтың «Атырау» ӘКК-мен бірлесіп салынған көкөніс сақтау қоймасына жіберіледі.

АЛМАЛЫДАҒЫ СТОМАТОЛОГИЯ

Стоматолог дәрігер Гүлмира ҚҰРМАНҒАЛИЕВА облыстық ауруханада жұмыс істейді. Ал таяудан бері нақтырақ айтсақ, қарашадан бері ол әрі жеке кәсіпкер. Алмалы ауылында ол стоматологиялық кабинет ашқан болатын. Оған пациенттер Алмалыдан ғана емес, жақын маңдағы ауылдардан да келеді. Біріншіден, қаладан гөрі әлдеқайда жақын, екіншіден, мұнда Атырауға қарағанда бағалар төмен.

- 2014 жылдың наурызында мен жер телімін сатып алдым, ал бір жылдан соң кабинет құрылысы үшін және жабдықтарды сатып алу үшін 3,5 млн теңге несие алдым. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры 2 млн 450 мың теңгеге кепілдік ұсынды. Несені маған 14 пайызбен берді, оның жартысы мемлекттен субсидияланады. Ресейден әкелінген жабдық сәл кешіктіріліп, содан кабинетті тек қарашада аштым. Біз мұнда екі адам болып жұмыс істейміз, мен және медбике, – дейді Г. Құрманғалиева.

Осы уақыттың ішінде оған 100-ден астам пациент жолыққан, сондықтан кабинет жұмысы жүріп жатыр, демалыс күндері де жұмыс істейді, бұл ыңғайлы.

КОНДИТЕР МАМАНДЫҒЫ СИРЕК КЕЗДЕСЕДІ

Ернар МАРАТОВ «Даму» қорынан электронды үкімет порталы арқылы кепілдік алған Атырау облысында бірінші және Қазақстанда екінші кәсіпкер болды. Шағын өндіріс бірнеше жыл қатарынан нан-бөлкелік және кондитерлік өнімдер шығарып келді. Әуелі ЖК орынжайды жалға алған болатын. Ал биыл Маратов неміс жабдығы бар наубайхана үшін ғимарат сатып алмақ болып, «Даму» қорының 12 млн теңге кепілдік сомасымен банктен 60 млн теңге несие алды. Іске қосу мен жөндеу жұмыстары үшін, сондай-ақ, қызметкерлерді оқыту үшін Германиядан технолог-наубайшы шақыртылды. Әзірге ЖК-нің өз дүкені жоқ, кәсіпорын тапсырыс бойынша жұмыс істейді (қала тұрғындары түрлі шаралар үшін тоқаштар мен тәтті нандар сатып алады), тағамдарды кеңселерге, кофе-брейктер үшін жеткізеді. Жабдық өнім өндірісін жақсы жүргізуге мүмкіндік береді. Бірақ, мамандар жетіспейді. Өз кезегінде кәсіпорын жергілкті колледждің бірнеше студентін кейін жұмысқа алу үшін тәжірибеден өткізіп көрген болатын. Бірақ, қабілеттілері көп емес болып шықты, ал кондитер мен наубайшының нәзік өнері ерекше талантты талап етеді. Сондықтан әзірге ЖК-да жеті-ақ адам жұмыс істейді және тәулігіне 1,5 мың өнім өндіреді.

ӘЗІРГЕ АНАСЫМЕН БІРГЕ ЕКЕУІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Белгілі қолөнерші Ирина НЕЙБАРДТЫ Атырауда көпшілігі біледі. Өткен жылы ол өз бренді бойынша әйелдер мен балаларға арналған киім тігумен айналыса бастады. Оған «Кәсіпкер-2015» сыйлығы да ұсынылған болатын. Екі жыл қатарынан әр елдің дизайнерлері өз жұмыстарын таныстыратын «Каспий сән апталығына» қатысты. «Даму» қорының «Жаңа бизнесті ашуды қолдау» жобасы бойынша семинарға қатысып, өз бизнесін ашты. Қор мамандары оған бизнес-жоспар дайындауға және ЖК ашуға көмектесті.

Кәсіпорын екі бағыт бойынша жұмыс істейді – жеке киімдер тігу және үйге арналған тоқымалар өндіру. Жақында кәсіпкер 3 млн теңге несие алды. Қордың кепілдік сомасы 2,5 млн теңгені құрады. Әзірге тігін цехында екі адам ғана – Иринаның өзі және оның анасы жұмыс істейді. Бірақ, алған несиесіне Ирина жаңа жиһаз бен тігін машиналарын және басқа да жабдықтарға тапсырыс берді. Демек, өндіріс кеңейеді, қыркүйекте жұмысқа екі тігіншіні алмақ, ал Жаңа жылға қарай тағы үшеуін алады. Бизнес-жоспардың келесі тармағы – мемлекеттік сатып алуға шығу: ауруханалар мен балабақшаларға арнап төсек жабдығы мен халаттар жеткізу.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

23 тамыз 2016, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.