Атырау, 23 қараша 19:16
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жаңаөзен туралы Кремль неге үнсіз қалды?

2 911 просмотра

Ресей басылымдары Жаңаөзен туралы егжейлі-тегжейлі хабар таратқанына қарамастан, Ресей билігінің бұл туралы не ойлайтыны күні бүгінге дейін белгісіз. Кейбір сарапшылар Ресей өзінің ішкі мәселелерімен әуре деген пікірде.

Шетел басылымдарының арасында Ресейдің мерзімді басылымдары ғана емес, кейбір федералдық телеарналар да Жаңаөзеннің қайғылы жағдайын барынша дәл, нақты жеткізіп бақты. Тіпті, Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхан Ертісбаевтың өзі: «Қазақстанның батысындағы шағын қала  Жаңаөзендегі жағдай Ресей БАҚ-ы үшін басты тақырыпқа айналды» дей келіп, Ресей басылымдарын: «Олар Жаңаөзендегі тәртіпсіздікті жазу арқылы, Ресейдің өз ішінде болып жатқан оқиғалардан қоғамның назарын басқа жаққа аударғылары келді» деп айыптады.

Ресейдің ресми билігі Жаңаөзен туралы әлі жақ ашқан жоқ. Жаңаөзенде болған толқудан бері екі жетіден астам уақыт өтті, бірақ не Дмитрий Медведев, не Владимир Путин пікір білдіріп, өз ұстанымдарын танытуға асығар емес.
Кремльдің үнсіздігіне қатысты Азаттық радиосы ұйымдастырған дөңгелек үстел басында «Московские новости» газетінің шолушысы Аркадий Дубнов, Ресей ғылым академиясының жүйелі талдау институтының жетекші ғылыми қызметкері және саясаттанушы Андрей Пионтковский, «Коммерсант» газетінің тілшісі Владимир Соловьев және тәуелсіз журналист, әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам пікір білдірген болатын.

«РЕСЕЙ БАСЫЛЫМДАРЫ НЕЛІКТЕН БЕЛСЕНДІ БОЛДЫ?»

Жаңаөзен қаласында болып қайтқан Владимир Соловьев өз әріптестерінің Жаңаөзенге барған сапары мен ондағы жағдай туралы ақпарат таратқандарын қалыпты нәрсе деп сипаттады. Оның ойынша, «көрші елде болған қайғылы оқиғаға» деген қызығушылықтары олардың кәсіби біліктілігінен хабар береді.

- Ол жерде адамдар өліп жатты. Олар мұның бәрін өз көздерімен көріп,  қолдарынан келгенше Жаңаөзенде қандай оқиға болғанын  оқырманға жеткізуді ғана мақсат етті, бар болғаны сол ғана! - деді ол.

Владимир Соловьев егер бұрынғы Совет одағының кеңістігіндегі қай елде осындай оқиға туса, Ресей журналистері ол жерлерде де нақты осындай қадамға барып, нақты ақпарат алуға тырысқан болар еді деген сенімде.

Соловьев  Беларусь республикасында кезекті президент сайлауы әділетті өтпеді деп оппозиция наразылық танытып, Минскінің орталық алаңына шыққан кезде, оларды қатыгездікпен басып-жаншыған сәтте де Ресей журналистерінің, оның ішінде «Коммерсант» газетіндегі өз әріптестерінің де оқиғаны дәл жеткізу үшін сол алаңда болғанын тілге тиек етті.

Ал Жүйелі талдау институтының жетекші ғылыми маманы Андрей Пионтковский бұл пікірмен келспейді. Оның ойынша, Минскідегі жағдай мен Жаңаөзендегі жағдайды салыстыруға болмайды.

Минскідегі наразылық кезінде,  Кремль үшін Александр Лукашенко туралы жағымсыз ақпараттар тарағаны тиімді болды.

- Ол кезде, яғни, бұдан бір жыл бұрын Кремль Ресей басылымдарын бақылай алатын еді. Ал бүгін Кремльдің бұған мұршасы жоқ. Олар өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп алса да, жарар еді..., - дейді ол.

Сейдахмет Құттықадам Жаңаөзен жағдайының ақиқатын жазуға тырысқан шетелдік басылымдарға, оның ішінде Ресей басылымдарына да алғыс айтты:

- Егер осыншалық ақпарат тасқыны болмағанда, Қазақстанда өлі тыныштық орнаған болар еді. Ресми ақпарат көздері күні-түні тек қана «бұзақылар» туралы, олардың «бүлік шығарғаны» туралы айтумен болды. Біздің қолдан жем жеп үйренген зиялыларымыз жастарға қарсы пікірлер айтты.

Бұл өте қорқынышты жағдай еді. Осы кезде Ресей басылымдарының оқиға ортасына барып, не болып жатқанын там-тұмдап болса да жеткізгендері үшін оларға зор алғыс айтуымыз керек, - деді ол.

«КРЕМЛЬДІҢ АҚОРДАҒА ЖӨН АЙТУҒА ШАМАСЫ ЖОҚ»

Қазақстанның Жаңаөзен қаласындағы жағдайға қатысты Кремльдің үнсіз отыруын сөз еткенде, 2005 жылғы Әндіжан оқиғалары кезінде Мәскеудің Өзбекстан билігін қолдағанын еске алу керек. Қырғызстанда Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевті тақтан тайдырған, 2005 және 2010 жылдардағы төңкеріс кезінде Ресей теріс пікір білдірген болатын.

«Московские новости» газетінің шолушысы Аркадий Дубновтың пікірінше, Жаңаөзендегі қанды оқиға Ресей дамуының ең бір ерекше кезеңіне – Мемлекеттік дума сайлауының қорытындысына наразы халықтың Мәскеу мен Санкт-Петербор қаласында алаңға шығуымен дөп келген.

Шолушы мұндай өзара ұқсас жағдайда Мәскеу Қазақстанның ішкі жағдайы туралы сөз айту орынсыз, әрі пайдасыз деп есептеген болар деген пікірде. Өйткені Қазақстан мен Ресей билігінің басқару ісіндегі шектен шығушылық халықты осындай жағдайға душар етіп отыр.

- Міне, сондықтан да халық наразылығы өзінде де болып жатқандықтан Ресейдің  Қазақстанға жөн айтатын шамасы болмай қалды, - деп жорамалдайды Александр Дубнов.

Сейдахмет Құттықадам: «Егер Ресей бір кезде Әндіжанға қатысты Өзбекстан билігін  қолдағандай Қазақстанды қолдаса, өзіне нұқсан келтірген болар еді» деген пікірде.

Бірыңғай экономикалық кеңістік, Кеден Одағын құрып отырған стратегиялық әріптесі Ақорданың атына сын айту Мәскеу үшін қалай да «қол емес» дейді тәуелсіз журналист.

«АВТОРИТАРИЗМ НЕГІЗІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ»

Андрей Пионтковскийдің пікірі мүлде өзгеше. Оның пайымдауынша, Кремль  геосаяси тұрғыдан алғанда әріптес деп санайтын Қазақстанның президенті мен оның режиміне Жаңаөзен қауіп төндіре алмайды, тым шалғайдағы аймақтық оқиға.

Пионтковский Кремльдің реакциясы мен авторитарлық режимді іш тартуының екі себебі бар деген болжам жасайды. Бірінші, геосаяси мүдде көздеу арқылы Кремльдің  белгілі бір мақсатқа ұмтылуы, мәселен, Еуразия Одағы.

Екіншіден, Ресейдің инстинктивті түрде өзіне ұқсас авторитарлық режимдермен  корпоративтік ынтымақтастық орнатқысы кеп тұрады. Мәселен, Қазақстанда Назарбаевтың авторитарлық жүйесі, Сирияда Башар әл-Асадтың жүйесі, т.с.с.

«Коммерсант» гаезтінің тілшісі  Владимир Соловьев болса, Ермұхамет Ертісбаевтың Ресей журналистеріне қатысты «мұның астарында  өзара келісілген қастандық әрекет жатуы мүмкін» деген сөзіне таңғалмайтынын айтады. Өйткені, ол мұндай сөзді Жаңаөзен қаласына барғанда, жергілікті полициядан да естіген.

СОВЕТТІК ҮГІТ-НАСИХАТ ПЕН « СЫРТҚЫ КҮШТЕР»

Владимир Соловьевтің ойынша, «Қазақстан билігінің аузынан шыққан «сыртқы күштер» шенеуніктердің қиялынан туған нәрсе».

Аркадий Дубнов «сырттан жау іздеу» бұрынғы Совет Одағы кеңістігіндегі елдердің бәріне, оның ішінде Ресей мен Қазақстанға да тән «генетикалық ауру» екенін айтады. «Бұл советтік үгіт-насихат стиліндегі әдіс» дейді  журналист. Оның пікірінше, Ресей билігі сияқты, Қазақстан билігі де бүгінгі қоғам мен уақыт талабына сәйкес келмей тұр. Бірақ, мұны өздері түсініп,  бұған дұрыс баға бере алмай отыр.

Аркадий Дубнов бұл сөзіне дәлел ретінде, 2011 жылғы желтоқсанның 10-ы күні өткен Мемлекеттік дума сайлауының қорытындысына риза болмаған халықтың наразылық танытуына қатысты Путиннің: «Бұл – Хиллари Клинтонның ісі» деген сөзін келтіреді.

- Қазақстанда да дәл осы көрініс байқалып отыр. Біздің, Ресей мен Қазақстандағы сүйікті басшылар бар мәселе әлеуметтік теңсіздікте, яғни, Ресей мен Қазақстаның өз ішінде екенін түсіне алар емес, - деді Аркадий Дубнов.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

Дереккөз: "Азаттық радиосы"

 

10 қаңтар 2012, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.