Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласына барып қайтқан тәуелсіз комиссия мүшесі, оппозицияшыл саясаткер Зәуреш Батталова ұсталған және қамалған адамдардың туысқандарымен тілдесе алмайтындарын айтты.
Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты құрылған тәуелсіз комиссия мүшесі Зәуреш Батталова комиссия құрамында 7 қаңтар күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласына барып қайтқан болатын Ол өзінің іссапары жөнінде Азаттық радиосына сұхбат берді. Зәуреш Батталова Жаңаөзенге барған сапары және Жаңаөзенге қатысты пікірін құқық қорғаушы тұрғысынан айтпақ.
«ӘКІМ ӨТКІР СҰРАҚТАР ҚОЙМАУДЫ ӨТІНДІ»
- Батталова ханым, облыстың жаңа әкімі Бауыржан Мұхаметжановпен кездесу қалай өтті?
- 7 қаңтар күні тәуелсіз комиссия мүшелер Болат Әбілов, Рысбек Сәрсенбай, Гүлжан Ерғалиева, Мұхтар Тайжан және мен Ақтау қаласына келдік. Бізбен бірге тағы екі журналист болды. Ақтауға келген бетте төтенше жағдай жарияланбаған қаланың көшелерінде қаруланған әскерилер мен бронетранспортердің көп екені байқалды. Әуежайдан бастап, көшелер мен алаңдарда, облыс әкімдігінің ғимаратына жеткенге дейін осындай көрініс.
Біз облыс әкімі Бауыржан Мұхаметжановтың қабылдауын сұрадық. Ол келісімін берді. Бізді оның кабинетіне дейін қару асынған адамдар қоршап, еріп келді. Құқық қорғаушы ретінде, менің көңілімде екі сұрақ туындады. Бірінші, әлі төтенше жағдай жарияланбаған қалада қарулы адамдардың бізді қоршап жүруі қаншалықты заңды? Екіншіден, бұл қала тұрғындарын, тәуелсіз комиссия мүшелерін үрейлендіру масқатында жасалған іс емес пе? Бірақ мен бұл сұрақтарды әкімге қойған жоқпын. Себебі алға қойған мақсаттан ауытқымауымыз керек еді. Ал біздің мақсатымыз – алдын-ала жүргізіліп жатқан тергеу барысының бүгінгі қорытындысы қандай екенін білу, 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде қандай жағдай болғанын кеңірек біліп, анықтай түсу үшін қамауда отырғандар және зардап шеккендермен тілдесу еді.
- Тәуелсіз комиссияның осы жолы көздеген мақсатқа жетуі үшін қандай кепілдік болды?
- Меніңше, бәрі керісінше болды. Кездесу барысынджа облыс әкімі өз тарапынан біздің жаңаөзендіктерге өткір сұрақтар қоймайтынымызға, халықты арандатпай, ашуын қоздырмауға кепілдік беруімізді сұраумен болды.
Біздің тарапымыздан қойылған «тергеу қалай жүріп жатыр, қамалғандарға қысым, азаптау көрсетіліп жатқан жоқ па?» деген сұрақтар әкім үшін өткір сұрақтар болып шықты. Бауыржан Мұхаметжановтың ұстанымы – тәуелсіз комиссия мен Жаңаөзен коменданты полковник Аманжол Қабыловтың арасындағы делдалдық дәнекер болғысы келетін адамға көбірек ұқсады. Ол «бұл жерде әкімге қатысты ешнәрсе жоқ» дегенді айтты. Бірақ, менің түсінгенім бойынша, облыс әкіміне көп нәрсе тікелей қатысты. Біздің Жаңаөзенге барғандағы басты мақсатымыз орындалу үшін оның тарапынан бізден талап етілген кепілдік орындалуы тиіс болды. Айталық, қамаудағылармен кездесу жабық бөлмеде және құзырлы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өтуі тиіс. Осы айтылғандарға біздің тарапымыздан кепілдік берілетін болған соң ғана ол Жаңаөзенге баруымызға, қала комендантымен сөйлесуімізге келісімін берді. Әкімнің бұл ісіне қатысты тағы бірнеше сұрақ туындайды. Айталық, біз жауабын іздеген сұрақтардың мазмұнына сәйкес жұмыс істеу мүмкіндігімізді облыс әкімі неге шектеуі тиіс? Оның бұған қандай құқықтық өкілеттілігі бар? Оның бұл ісі еліміздің және халықаралық заңдылықтарға қаншалықты сәйкес келеді? Бірақ, біздіңше, бұл сұрақтарды оған қоюдың еш қажеті жоқ еді.
- Билік соңғы кездері Жаңаөзенде жағдай бір қалыпқа түсе бастағанын айтады. Соған қарамастан, қаладағы төтенше жағдай мерзімін қаңтар айының аяғына дейін ұзартты. Бұл қарама-қайшылықты облыс әкімі Бауыржан Мұхаметжанов қалай түсіндіреді?
- Ол «бірқалыпты жағдай әлі толық орнаған жоқ» деді.
ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ «ЖОЛҒА ҚАТЫССЫЗ» СҰРАҚТАРЫ
- Менің білуімше, Ақтаудан Жаңаөзен қаласына бір жарым сағатта жетуге болады. Тәуелсіз комиссия Жаңаөзенге дейін қанша сағат жол жүріп барды?
- Біздің Жаңаөзенге сапарымыз тар жол тайғақ кешуге ұқсады десек те болады. Және барлық қиындықтар ауа райына, біз мінген көлікке, жолдың нашарлығына қатысты емес еді. Немесе бізге кедергі болатындай өзге техникалық себептер де болған жоқ. Бар мәселе жол полициясында болып шықты. Олар бізді Жаңаөзенгге жеткенше жиі тоқтатты. Блокпостқа келген кезде ұзын-сонар кезекте тұрған көліктерді көрдік. Алғашында «бізді ғана емес, Жаңаөзенге бара жатқандардың бәрін тексереді екен» деп ойлағанбыз. Сөйтіп, тоқтап тұрған өзге көлік иелерінен «мұндай жағдай күн сайын бола ма?» деп сұрадық. Олар соңғы жарты айдың ішінде бірінші рет болып тұрғанын айтты. Сөйтіп, бұл күні тәуелсіз комиссия ғана емес, Жаңаөзенге жол тартқан өзге де көліктердің қозғалысы заңсыз түрде шектелді.
Мұндай ұзын-сонар кезек қана емес, жол полициясының жолға қатысы жоқ сұрақтарды үздіксіз қоюының өзі біздің Жаңаөзенге жетеміз деген уақытымызды тежей берді.
- «Жол полициясының жолға қатысы жоқ сұрақтары» дегеніңіз қандай сұрақтар?
- Елдің бәріне белгілі, Ақтау мен Жаңаөзен арасындағы жол бойында төтенше жағдай жарияланбаған. Бірақ соған қарамастан, барлық блокпостыда бронды кеудеше киіп, автомат асынған, бронетранспортерге мінген әскерилерді көптеп кездестіруге болады. Сонда төтенше жағдай Жаңаөзенде ғана болмағаны ма? Рас, жол полициясы бірінші кезекте құжаттарды, сонан соң автокөліктің техникалық жағдайын тексереді. Осымен олардың бар қызметі аяқталуы тиіс. Бірақ олар не әкетіп бара жатқанын, көліктегі адамдардың бәрінің құжатын тексереді.
Әрине, қаруланған полицияны көрген кез-келген қарапайым адамның әлдекімге мұң шағуы, арыздануы екіталай нәрсе. Мұнан өзге полиция бейнетаспа, фото түсіруге тыйым салады, жолаушыларға толып жатқан сұрақтар қояды.
- Ол қандай сұрақтар?
- «Туған жылыңыз? Қайдан келдіңіз? Тұрақты мекен-жайыңыз қандай?» деген сияқты, жол полициясының құзырына жатпайтын сұрақтар. Рас, мен оларға төлқұжатымды қолдарына бермедім, тек көрсеттім. Және олардың жоғарыдағыдай сұрақтарына жауап беруден бас тарттым. Себебі, менің жауап бермеуге құқым бар және ондай сұрақ қою қою полицияның құзырына жатпайды. Сөйтіп жол полициясы «жолға қатысы жоқ сұрақтарға» жауап ала-алмай қала берді.
ҚАЗА БОЛҒАНДАР ТУРАЛЫ СҰРАҚҚА ЖАУАП ЖОҚ
- Сіздерді Жаңаөзенде қалай қарсы алды?
- Жаңаөзенге кіре берістегі тосқауылда ұзыннан-ұзақ тұрған көлік кезегіне тап келдік. Бірақ комендатура өкілдері біздің кімдер екенімізді білген соң, кезексіз өткізіп, көлігімізді тосқауылдың жанында қалдырып, бізді өзге көлікке мінгізді. Сөйтіп, комендатураға алып келді. Көп ұзамай қала коменданты Аманжол Қабыловпен кездестік.
- Жаңаөзенге келген сапарларыңыз алғашқы сәттен көңілге қандай да бір үміт ұялатты ма?
- Мен олай айтпаған болар едім. Комендант бейнетаспаға, фотоға түсіруге ғана емес, үнтаспаға жазып алуға да тыйым салды. Сондықтан, бізбен бірге барған журналистер қалам мен қағазға жүгінді. Ал бұл кезде «Хабар» сияқты телеарналар коменданттың қатысуымен, Жаңаөзенннен тікелей репортаж да жүргізгенін білеміз.
Осының өзі-ақ Жаңаөзен қаласының коменданты журналистердің жұмыс істеу құқына шектеу қоятынын, әртүрлі ақпарат өкілдеріне әртүрлі жауап беріп, БАҚ өкілдерін бөліп-жаратынын байқатты.
- Егер сіздер қойған сұрақтарға қайтарылған жауаптар мазмұнды болса, оның таспаға жазылғаны не, қағазға жазылғаны не - бәрібір ғой?
- Бар мәселе осында. Тек қана комендант емес, тергеу тобы мен ішкі істер министрлігі, ҰҚК өкілдерінің жауаптары өте сараң әрі жалпылама болды. Тұтас алғанда, біздің бар білгеніміз - Жаңаөзенде қазір республикалық деңгейдегі кәсібилігі жоғары сот-медициналық сарапшылар жұмыс істеп жатыр.
Тергеу орындары өкілдерінің айтуынша, «күдіктілерге қатысты өте мұқият тергеу жұмысы жүргізілуде». Күдіктілерді бейнетаспалар бойынша немесе өзге де белгілер бойынша қамауға алған.
Дәлірек айтқанда, жараланып, зардап шекендер, болмашы жарақат алған адамдарға қатысты, мұқият тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар мен қамауға алынғандардың жаппай тәртіпсіздікке қандай қатысы бар екені анықталуып жатыр.
- «Қамаудағыларды азаптап жатыр» деген ақпараттың қаншалықты рас-өтірік екенін анықтай алдыңыздар ма?
- Иә, біз бұл жөнінде сұрақтар қойдық. Бірақ «бұл жалғанг ақпарат, шындыққа жанаспайды» деген жауап айтылды. Сондай-ақ «Жаңаөзенде қаза болғандардың саны қанша екені ресми мәліметте ғана дұрыс айтылған» деді.
- Жаңаөзен тұрғындарымен сөйлесе алдыңыздар ма?
- Біз қала комендантынан қамаудағы адамдар, олардың туыстары, қаза болғандардың туыстары және жарақат алып, зардап шеккендермен жабық бөлмеде болса да, жолығып, сөйлесуді сұрадық. Бұл туралы біз облыс әкімі Бауыржан Мұхаметджановпен келіскен едік қой. Бірақ комендант бұған бірден тыйым салды. Сөйтіп, «қамауға алынған жаңаөзендіктерге азаптау көрсетіліп жатыр ма, жоқ па», «қаза болғандар мен жарақат алғандардың саны қанша» деген сұрақтар жауапсыз қалды.
Әрине, менің комендантқа, құқық қорғаушы ретінде құқым тапталғанын, міндетімді орындауға кедергі келтіргенін айтуыма тура келді. Сол сияқты мен ғана емес, қаза болғандардың туыстары мен жараланғандардың, қамауда отырғандардың да адами құқығы тапталғанын жеткіздім. Біз естіген жауап адам таңғаларлық еді.
- Таңғаларлығы несі?
- Комендант өзінің жауабына қанағаттанбасақ, талаптарымызды алға тартуды доғармасақ, кездесуді аяқтайтынын, бізді тез арада Жаңаөзеннен шығарып жіберетінін айтты. Ол, шамасы, төтенше жағдай адам құқығы мен еркіндігіне шектеу қоя алмайтынын түсінбейтін болса керек.
ҚЫЛМЫСТЫЛАРДЫ ІЗДЕУ
- Сіздер тергеу ісі қалай жүріп жатқанын сұрадыңыздар ма? Қазірдің өзінде «Халық майданы» оппозициялық қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова «әлеуметтік қақтығыс туғызды» деген күдікпен қамауға алынды.
- Комендант, ішкі істер министрлігі, ҰҚК, прокуратура өкілдерімен кездескенде білгеніміз, қамауға алынғандардың үстінен екі бап бойынша – «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» және «полицияға қарсылық танытты» деген айып тағылған. Бізге айтқандай, олардың қылмысы әлі анықталған жоқ, олар тек күдіктілер ғана.
- Билік 16 желтоқсанда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, басқарған «үшінші күш» туралы айтқан еді. Комендантпен әңгіме барысында бұл туралы сөз болды ма?
- Иә, тәуелсіз комиссия мүшелері бұл туралы сұрақ қойды. Нақты жауап болмады. Бірақ билік өкілдері: «Сіздер бұл туралы әлі естисіздер» деді. Қазақстан қоғамының және халықаралық сарапшылардың көмегінсіз, оның ішінде БҰҰ сарабынсыз елдегі тергеу орындары кімді кінәлі деп табуды анықтап қойғанға ұқсайды.
«БҰҰ САРАПШЫСЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК ҚАНДАЙ?»
- Қазақстан әлі күнге дейін БҰҰ-нан сарапшы шақыртқан жоқ па?
- Жақсы сұрақ! Егер еске алар болсақ, 22 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев БҰҰ Жоғарғы комиссар басқармасы жанындағы Орта Азиядағы адам құқығы жөніндегі өкілі Армен Арутюнянмен кездескен кезде, Жаңаөзендегі жағдайды тексеру үшін БҰҰ сарапшысын жіберу туралы ұсыныс айтқан болатын.
- Содан соң не болды?
- Содан соң бәрі әдеттегідей болды. Жаңаөзендегі жағдайды тексеруі керек БҰҰ сарапшылары Қазақстанға әлі келген жоқ. Және БҰҰ тарапынан да ешқандай ақпарат жоқ. Сірә, сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ға жіберілуге тиіс арнайы нотаны әлі жібермеген болар. Нота жіберілмесе, БҰҰ да сарапшыларын жібере алмайды. Сондықтан мен, құқық қорғаушы ретінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен: «Сіздер БҰҰ-ға Жаңаөзенге қатысты арнайы нота жолдадыңыздар ма, жоқ па?» деп сұрағым келеді. Егер олар ондай нотаны жіберген болса, нотаны алғаны туралы БҰҰ-дан келген хабарлама бар ма? БҰҰ сарапшыларын шақыру туралы жалпақ жұртқа жар салған бас прокурордың ұсынысы Қазақстан тарапынан неге орындалмай отыр? Жоқ әлде бұл Қазақстан билігі тарапынан әншейін көз алдау ма?
- Сіз бұл сұрақтарды комендантпен кездесу барысында қатысқан прокуратура өкілдеріне қоя алдыңыз ба?
- Иә, бұл сұрақты қойдым. Бірақ маған, «Жаңаөзендегі жағдайды тексеру барысында шетелдік сарапшылар жұмыс істеп жатыр» деген жауап берді. Бұл мені қатты таңғалдырды. Өйткені мен Қазақстанға БҰҰ сарапшылары әлі келмегенін білемін. Ал, Қазақстан сыртқы істер министрлігі тарапынан нота жолданған күнде, БҰҰ тарапынан әлі жауап түспегенінен де хабардармын. Мен ол қандай шетелдік сарапшылар екенін анқтағым келді. Олар Қазақстанда өтетін сайлауға бақылаушы болып келген Грузияның сарапшысымен кездескен екен!
БҰҰ Жоғарғы комиссары басқармасы жанындағы Орта Азиядағы адам құқы жөніндегі өкілі Армен Арутюнянның Жаңаөзендегі жағдайды жан-жақты тексеруді қамтамасыз ету туралы ұсынысы жергілікті жерде – не Жаңаөзенде, не Маңғыстау облысының әкімдігінде орындалмай отырғаны айдан анық.
Билік тарапынан мұндай әрекет болғанда, барлық іс қандай жоғарғы сот деңгейінде тергеліп, тексерілсе де, Жаңаөзен жағдайына қатысты Қазақстан қоғамы мен әлемдік қауымдастықтың бұған еш сенімі болмайтыны анық.
Екінші жағынан, елде төтенше жағдай енгізілгеннің өзінде, азаматтардың құқығы мен еркіндігінің сақталуы туралы халықаралық пактінің сақталу қажеттілігі туралы және БҰҰ өкілінің желтоқсан айындағы сапары кезінде айтылған ескертпелердің орындалуына БҰҰ тарапынан да мониторинг жүргізілсе дұрыс болар еді. Сондай-ақ, айтылған ұсыныстардың орындалуы мен ашық ақпараттың қамтамасыз етілуін, іс-әрекеттің тепе-теңдігін, адамды қорлайтын азаптау мен қысымды тоқтатуға, қоғамдық институттардың тергеу ісініе араласуына да бақылау жасаған жөн болар еді.
- Тәуелсіз комиссия мүшелерінің қарапайым адамдармен кездесуге мүмкіндігі болды ма?
- Жаңаөзенде бұл мүмкін болмады. Бірақ 17 желтоқсан күні полиция халыққа оқ атып, адам өліп, бірқатар адам жарақат алған Шетпеде болдық. Біз онда ауыл ақсақалдарымен, қамалған және зардап шеккендердің туған-туысқандарымен кездестік. Олар Шетпеде жаппай тәртіпсіздік болмағанын айтады.
Көптеген тұрғындар теміржол бойындағы атысты естіп, оны көру үшін тұра ұмтылған. Осы кезде олардың дені полиция тарапынан бей-берекет атылған оққа тап болған. Халық Шетпеде жүріп жатқан тергеу ісіне сеніп отырған жоқ.
- Әңгімеңізге рахмет.
Дереккөз: "Азаттық радиосы"