Етікші мамандығы – көне кәсіптің бірі, оның тамыры жоғарғы палеолит дәуірінен бастау алады. Қолөнер тарихшылары осылай сендіреді.
Ертеде тек санаулылар ғана меңгерген шеберлік ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Шабата тігушілер мұрасының жаңғырығы біздің күнімізге дейін жетті, алайда оған деген көзқарас бұрынғыдай емес. Біз бен егеуді өндірістік толассыз жабдықтар ығыстырып шығарды. Ал қолдан аяқ киім тігетіндер саусақпен санарлық. Өз ісіне берілген жандарды жақында Атыраудан қаладағы жалғыз аяқ киім артелінен тауып алдық.
…Амантай аға шеберхананың ішіне өтуге шақырды. Әдемі етіп қойылған аяқ киімдер сөресін көрген кездегі алғашқы әсерім – бір жерден әкелінген тауарлар дүкені секілді көрінеді екен. Тіпті, ұлттық нақыштағы әйелдер туфлиін, етіктер мен қысқы бәтіңкелерге көз тастап, бұларды Атырауда жасалған өнімдер деп айта алмайсың. Әрі қарай табиғи былғары, гуталин және әлдебір материалдардың иісі аңқыған кең бөлмеге өттік. Жүздеген аяқ киімдер толы жерде екі ер адам жұмыс жасап отыр. Олар менің түсірілім үшін сәтті орналасқан жерлерді әбігерлене іздегеніме мән бермей, өз жұмыстарын жалғастыра берді.
Көп жыл бұрын олар, осы жердің басшысы Амантай ИМАНҒАЛИЕВ секілді аяқ киім фабрикасында жұмыс істеп, кіші шеберден бастап цех бастықтарына дейін көтерілген. Жұмыстарына қуана барып, заманауи стандарттар бойынша біртекті аяқ киім тіксе де өз міндеттерін адал атқарған. Одақ құлағаннан кейін кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты. 200-ден астам адам жұмыссыз қалды. Бірнеше жыл бойына түрлі компанияларда жұмыс істегеннен кейін Амантай аға өзінің сүйікті ісіне оралуды ұйғарады. Шағын орынжайды жалға алып, өзінің бұрынғы әріптестерін шақырған. Сөйтіп бұл жұмысын қайтадан сүйсіне жасай бастаған. Ол алдымен олардың тек ескі аяқ киімді қалпына келтірумен айналысқанын, содан соң тігуге көшкендерін әңгімеледі. Сол кезде өз шеберханалары салынған еді. Аяқ киімді тек әдемі етіп тігіп қана қоймай, оларды Атыраудың құбылмалы ауа райына лайықты етіп жасады. Жұмыстарына табиғи былғары мен текстильді, берік ұлтанды ғана қолданады. Тұрақты клиенттер саны көбейген, оның үстіне мемлекеттік құрылымдардан, би ұжымдарынан, Мәдениет үйлері мен театрлардан тапсырыстар түсе бастаған. Бір күні оларға ерлі-зайыптылар келіп, Венгрияда Дүниежүзілік түркі халықтарының құрылтайына бармақшы екендерін, етіктерді ұлттық нақышта қайып тігу керектігін түсіндіріпті. Дайын өнімді көрген кезде олар мәз-майрам болған.
Тірлікке риза болмау күнә секілді көрінгенмен, проблема да жетерлік екен. Бастысы – мемлекет тарапынан мүлдем ықыластың болмауы. Бұл түсінікті де, дейді Амантай аға, Қазақстанда тері-былғары кәсіпорындары көптен жоқ. Ілеспе материалдарды көптен бері ешкім шығармайды, оларды Ресейден сатып алуға тура келеді. Өндірісті басынан бастап қолға алуды ешкім қаламайды. Жеке бренд жасау идеясы – орындалмайтын мәселе: елімізде төменгі пайыздық мөлшерлеме несиелері жоқ деуге болады, ал өз қаржыңмен мұндай жасау мүмкін емес.
– Бірақ біз қол қусырып отырмаймыз, жоспарымызды құрамыз, - дейді Амантай аға. – Мәселен, спорттық аяқ киімдер желісін ашпақпыз. Қазір дизайны жасалуда. Сонымен қатар, мүмкіндіктері шектеулі жандарға кәсібімізді үйретуді жоспарлап отырмыз. Жасарып жатқан жоқпыз, біздің тәжірибеміз – көне пергаменттің бір бөлшегі секілді, оны сақтап, қажетті қолға табыстау керек.
Бұл адамдар қиындықтарға қарамастан, өз мақсаттарына аяқ басуда. Қытайлық көпшілік қолданатын тауарлармен және теңіздің ар жағынан әкелінетін әйелдер етігімен бәсекелес болуға тырысады. Маркасын ұстап, бағаларын қымбаттатпайды.
– Мен мәселен, мейрамхана ашып, едәуір табыс таба алар едім. Бірақ жаным жақсы көретін істі қолға алдым, - дейді Амантай аға. Ол қоштасар кезде үйден ескі аяқ киімдерді жөндеуге алып келуге кеңес берді. Өкінішке орай, ондай аяқ киімдерім жоқ еді.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор