Атырау облысында нодулярлы дерматит сырқатынан өлген ірі мүйізді қараның саны көбеюде. 2 тамызда өлген жануарлар саны 230-ға жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрбай ӘБДІРАХМАНОВ (суретте) хабарлады.
Бүгінде облыста бес карантин қосыны жұмыс істейді. Құрманғазы ауданында «Котяевка», Исатай ауданында «Новобогат», Атырау қаласында – «Көк-арна», «Сарықамыс» және «Сарыөзек».
- Ол жерлерде ветеринарлық қызметтің және полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Елді мекеннен шығатын көліктердің дөңгелектері дезинфекциялық өңдеуден өтуі тиіс. Ол үшін қосындардың жанында дезинфекциялық бөгеттер орнатылған. Яғни, жол бөліктеріне дезинфекциялық ерітінді сіңірілген материалдар төселген. Ірі габаритті көліктің дөңгелегін бүріккіш арқылы қосымша ерітіндімен өңдейді. Сырқат мал анықталған аудандардан малдарды, тіпті құстарды әкелуге тыйым салынды. Оларды алып шығуға да болмайды. Сырқат сиырдың еті мен сүтін пайдалануға, оларды ветеринарлық дәрігерсіз союға да болмайды, - дейді Н.Әбдірахманов.
Осы жағдайды пайдаланып, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Слухия БИСЕНОВА профильді жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектерін жұмысқа шақырды.
– Қазіргі уақытта облыста 400-дей ветеринар жұмыс істейді. Олардың орташа жасы – 45-50 жас. Облыста жануарлар бар кезде, біздің мамандыққа сұраныс мол. Сондықтан жұмыссыз қалмайсыздар.
Бұдан бұрын айтылғандай, ұшатын қансорғыш жәндіктер сырқат тасымалдаушылар болып табылады. Олар инфекцияны шамамен Ресей аумағынан алып келген. Бейресми ақпарат бойынша, нодулярлы дерматит Астрахан мен Волгоград облыстарында тіркеліпті. Алайда қазақстандық шекаралас Азғыр, Балқұдық, Сүйіндік және Асан ауылдарында инфекция анықталған жоқ.
Өлген мал иелеріне өтемақы республикалық бюджеттен төленетін болады. Осыған қатысты тиісті қаулы әзірленуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН