Атырау, 28 қараша 17:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Әсел НҰРҒАЗИЕВА: «Еркін болуға біреудің рұқсаты керек емес»

5 011 просмотра

Атырауда 4 сәуірде өткен «жер» митингісі Қазақстан тарихының жаңа парағын ашты. Уақыт бәрін өз орнына қояды, алайда қоғамдық құқыққорғау мен саясат секілді түсініктер арасында өте нәзік шекара бар екені сөзсіз. Бұл туралы және басқа да көптеген нәрселер жөнінде атыраулық құқыққорғаушы, «Заман» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел НҰРҒАЗИЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

- Атырау мен еліміздің басқа қалаларындағы бейбіт митингтер, билік тарапынан көп күттірмеген қатаң шаралар, сонымен қатар 21 мамырда түрлі қаладағы адамдар өз пікірлерін білдіруді жоспарлаған кезде құқыққорғау органдарының сақадай сай болуы – мұның бәрі азаматтық позиция пікірі мен саяси қызмет арасындағы шекараның жойылғанын білдіре ме?

- Бірден айқындық енгізгім келеді. Біздің мемлекетте екі түрлі түсінікті мүлдем айырмайды екен. Саяси билік үшін күресті білдіретін «Politics» деген термин бар. Ал «Policy» деген түсінік – қарапайым тілмен айтқанда, «қоғамдық саясат». Шын мәнісінде, бұл саясат та емес, азаматтар құқығын қорғау қызметі. Белгілі бір салада олардың құқықтарын бұзатын азаматтар бар, билік бар. Халық пен билік арасында – заң бұзушылық бар екенін көрсететін және бәрі де риза болу үшін қалай және не жасау керектігін еске салатын құқыққорғаушылар бар. Құқыққорғаушылар – бұл өзіндік көпір, бұл екі тарап арасындағы мәміле табу мүмкіндігі. Құқыққорғаушы – билік жауы емес, оппозиционер емес. Құқыққорғаушы – бұл одақтас. Бұл, әрине, билік сындарлы сынды тыңдап, дұрыс қабылдауға қабілетті болған жағдайда ғана.

- Сіздің тәжірибеңізде құқыққорғаушының билікпен өзара әрекет еткен мысалдары бар ма?

- Алғашқы әрі, менің ойымша, өте айқын мысал – 2008 жылы Жидгородоктағы көлік көпірі құрылысы басталған уақыт. Жилгородок тұрғындары бірқатар ескертулермен жүгінді. Біз ахуалмен жете танысып, көп жағдайда оларды мүдделерінің ескерілмейтінін түсіндік. Қалалық билікпен сәтсіз келіссөздердің қорытындысы қала әкіміне қарсы сотқа берілген талап-арыз болды. Сот ісі бейбіт келісіммен аяқталды. Нәтижесінде қоғамдық тыңдау өткізіліп, онда Жилгородок тұрғындары билікке өз проблемалары туралы жеткізе алды. Мәселен, егер сіз жаңа көпірге байланысты жаңадан салынған Жилгородоктың көлік жолына қарасаңыз, онда жаяу жүргіншілер жолының жиегіндегі металл қоршауды көресіз. Ал осындай ұсақ-түйектің өзі сол кезде қоғамдық тыңдау нәтижесінде мақұлданды. Көпірдің де қалаға керек екені сөзсіз, тұрғындардың құқығына да қысым жасауға болмайды. Билікпен жүргізілген диалогтың арқасында біз ымыраласуға қол жеткіздік. Ал жалпы бұл қала басшыларының әдетіне айналу керек. Егер қалада айтарлықтай құрылыс жүргізілсе, қала тұрғындарымен кеңесу керек.

Қоғамдық құқыққорғаушылар қызметінің тағы бір мысалы – «Ақжайық» резерватының аумағына салынған Солтүстік Каспий мұнай төгіндісіне әрекет ету базасы. Сол кезде құқыққорғаушылар, соның ішінде қазір қамауға алынған Макс БОҚАЕВ мұның база үшін ең жақсы жер еместігін билікке жеткізгісі келді. Біз база бізге қажет емес деп айтқан жоқпыз. Ол қажет, бірақ оны қорық аймағынан басқа орналастыратын жерлер бар ғой. Сол кезде де сот процесі болып, біз бір себеппен жеңіліп қалдық – күштер тең емес еді. Бүгінде бізде не бар? Қазір резерватқа база пайдасыз болып шықты, ол үшін жер шынымен сәтсіз таңдалған деген тұжырымға келді. Билік қоғамдық қызметкерлерге құлақ асса, мұның алдын алуға болатын еді.

Әрине, құқыққорғаушылардың тағы бір мысалын атамасқа болмайды. Біз президент резиденциясының маңындағы жағалаудан қала тұрғындары еркін өтетін өткелді ашуға қол жеткіздік. Тек заң аясында ғана әрекет еттік. Петицияға бір жарым мыңдай қол жинадық. Бірақ ол сол кездегі облыс әкімі Ізмұхамбетовтің лайықты қолдауын таппады. Есімде, ол сол кезде бұл жерде тәртіп болу үшін және сол жерде тұратын немесе қаланың осы ауданындағы қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалауды ашпайтындығын мәлімдеген еді. Құдды, бірінші және екінші сұрыпты азаматтар бардай. Бізге сотқа жүгінгеннен басқа амал қалмады. Нәтижесінде билік айтқанынан қайтты: сот отырысы болатын күні таңертең ертемен темір дуалды білдірмей ғана алып тастады.

- Жер мәселесіне қатысты митинг бойынша – не үйлеспей қалды? Қалай мұндай жағдайға келдік? Атыраулық құқыққорғаушылар Макс Боқаев пен Талғат АЯН тергеуге алынып, тергеу абақтысында отыр. Үш жүзден астам азаматты, соның ішінде «АЖ» журналистерін әлденеше рет жауап алуға шақырды...

- Білесіз бе, митинг кезінде мен Макстың арқа жағында тұрдым. Біздің қасымызда облыс әкімі Ноғаев тұрды. Ол өте дұрыс сөздер айтты. Ішімнен қалай шаттанғанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Міне, өте маңызды мәселе бойынша өз пікірін білдіру үшін келген халық. Міне, билік өкілі ретінде келген әкім мен басқа тұлғалар. Халық пен билік арасында дұрыс диалог жүріп жатты. Бәрі керемет өтті! Халық өзінің дауыс білдіру құқығы бар екенін, өзінің сындарлы пікірін заң аясында айта алатынын көрсетті. Осыдан кейін елбасы қол қойған мораторий болды. Осы уақытпен қатар – жүздеген азаматтарды қуғындау басталды...

Егер нақты Макс Боқаевты қамауға алу туралы айтар болсақ, бұл жер комиссиясына қатысудан бас тартқаны үшін ғана биліктің кегі деп есептеймін. Макс неге бас тартты? Ол өз ұстанымын айтты – оның азаматтық жауапкершілігі оның саяси ойындарға қатысуына мүмкіндік бермейді. Айтпақшы, бұл ойындарды билік көрсетті. Бір жағынан олар халықпен тілдескендей болды, екінші жағынан – сол халықты қамауға алумен, айыппұлдармен, шексіз жауап алулармен қуғындай бастады. Екінші қоғамдық белсенді Талғат Аян азаматтардың пікірін белсенді қолдайтын және жер кодексіндегі жаңа өзгерістермен келіспейтіндігін еркін білдірген жақтаушы ретінде осы қысымға ұшырады.

Билік ең нашар нұсқаны таңдады – біреулерді қорқыту арқылы қалған басқаларын қорқуға мәжбүр етті.

- Егер билік адамдарға ешқандай митингке (әрине, ресмиді қоспағанда) жол бермейтінін аңғартқысы келсе, онда өз пікірін білдіру үшін азаматтарда қандай заңды мүмкіндіктер бар?

- Жалпы, бейбіт митингтер, жиындар, шерулер өткізу – Адам құқығы жөніндегі халықаралық пактінің негізін қалайтын нормаларының бірі. Бұл норма ҚР Конституциясында бар. Неліктен азаматтар өз пікірлерін білдіру үшін биліктен рұқсат сұраған кезде оларға үнемі бас тартады? Демократиялық елдерде бейбіт митингтер өткізу хабарлама сипатында болады. Билікке белгілі бір мәселе бойынша бір жерде митинг өткізгісі келетіндерін хабардар ету қалыпты тәжірибе. Билік өз кезегінде митингке шығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал бізде ше? Митингке шықтың ба – мемлекеттік төңкеріс әзірлеген қылмыскерсің. Құқыққорғаушы Евгений ЖОВТИС кекесінмен айтқандай, билікті құлату үшін сол билікке барып, митинг өткізуге рұқсат сұрайсың. Бұл деген ақымақтық емес пе? Билікті мүлдем бұлай құлатпайды. Біз қазір мұны басқа елдердің мысалынан көріп отырмыз. Осынау бүкіл жосықсыз ахуалдың мысалынан құқыққорғаушылардың оппозициядан түбегейлі ерекшеленетінін көруге болады. Біз билікпен диалог құруға тырысамыз.

- Ал, ол жағы үйлеспей жатқандай ма...

- Билік басындағы адамдар құқыққорғаушыларды еш нәрсеге жібермейді. Мәселен, биыл мен, Макс және Талғат жергілікті деңгейдегі депутаттарды сайлауға қатысуға өз кандидатураларымызды ұсынған едік. Нәтижесі күткеніміздей болды – формальды себеппен бізді сайлауға қатысудан шеттетті. Бұл ретте біздің әрекетіміз – «билік басына келуге» деген ықыласымыз еместігін ерекше атап өткім келеді. Бұл депутаттық арқылы адамдардың проблемаларын шешуге көмектесу деген ниет болатын. Тіпті қазіргі мәслихаттардың шектелген рөлінде де әлдебір мәселелерді шешуге болады. Алайда бұл мәселелерді жылдан-жылға депутат креслосына отырғандар шешіп жатыр ма, олар өз сайлаушыларының шынайы проблемаларын біле ме? Мәселен, Боқаевтан тамаша депутат шығар еді. Ол көп жылдар бойы тарифтермен, ТКШ проблемаларымен, басқа да өзекті мәселелермен айналысты. Құқыққорғаушының басы миссиясы – билік алдына проблеманы көрсету, оның шешу жолдарын ұсыну. Егер бір нәрсе дұрыс жасалмаса, қалай дұрыс екенін айту. Қоғамдағы болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамайтын осындай жандар мәслихаттарда болуға тиіс. Бірақ билік бұдан мейлінше қашқақтайды.

Кезінде бізде оппозицияны түбірімен жойды. Қазір құқыққорғаушыларды, қоғам белсенділерін, журналистерді «өшіруде». Ал «күйген алаң» тәсілі ешқандай жақсылыққа апармайды. Ол билік көрмейтін және бақылауда ұстай алмайтын әлдебір «күмәнді» күштерді тудыратындығы сөзсіз. Ақтөбе мен Алматыдағы қайғылы оқиғалар – дабылды қоңыраулар. Табиғат бос қалуға төзбейді, құқыққорғаушылардың орнына рұқсат сұрамайтын және мүлдем басқаша әрекет ететін радикалдар келеді. Ал бізге төңкеріс пен бүлік керек емес. Бізге биліктің халық сөзіне құлақ асқаны керек.

Тамара СУХОМЛИНОВА

2 тамыз 2016, 15:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.