Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың Қырғызстанда түркиялық ұйымның қолдауымен жұмыс істейтін жекелеген білім беру орындарына қатысты мәлімдемесіне жауап берді деп хабарлайды Азаттық.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Түркияның Қырғызстан үшін бауырлас ел екені, екі халықтың тарихи тығыз байланыс орнатқаны айтылған.
"Біз түрік ресми өкілдерінің алаңдауын түсінеміз. Бірақ сонымен қатар Қырғызстанның өзіне не жақсы, не жаман екенін түсініп, шешім қабылдай алатын тәуелсіз, егемен мемлекет екенін еске салғымыз келеді. Қандай да бір елдің сыртқы істер министрінің басқа бір мемлекетке әлдебір қандай да бір іс-қимыл жасауы қажетін нұсқауы, оның үстіне ультиматум қойып, бопсалауы дұрыс емес деп санаймыз" делінген сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.
Қырғызстан срытқы істер министрлігі Түркия жағынан елде қызмет ететін түрік білім беру орындарына қатысты үндеу алғанын айтады. "Қырғызстан оны мұқият зерттейді және қажетінше тиісті жә дер кезіде шаралар қолданады. Белгіленген құқықтық нормалар, тараптардың міндеттері, басқа да мәселелер бар. Бірақ біз мұны мемлекеттіміздің ішкі ісі деп санаймызә" делінген мәлімдемеде.
24 шілдеде Аланьеде сөйлеген Мевлют Чавушоглу егер Қырғызстанның "гүленшілерге" деген көзқарасы өзгермесе онда ол екі ел қарым-қатынасына әсер ететінін ескерткен. 25 шілдеде HaberTurk телеарнасына берген сұхбатында Чавушоглу бұл сөзін тағы қайталап, Қырғызстанда Фетхулла Гүлен қозғалысының ықпалы артып келе жатқанын айтты. Чавушоглу Қырғызстан жағын бұл қозғалыстан келетін "қауіптен ескерткенін" де білдірді.
- Біз кейбір елдерге ескерттік. Мысалы, Қырғызстан сыртқы істер министріне қоңырау шалдық. Олар (гүленшілер) Қырғызстанды Орталық Азиядағы өздерінің базасыр етінде таңдаған. Олар күн сайын өрмекшінің торындай көбейіп барады. Олар билікке келіп, Қырғызстанда да төңкеріс жасауы мүмкін. Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болған террористік ұйымның қызметіне рұқсат етпеу керек деп санаймын, - деген Чавушоглу.
16 шілдеге қараған түні Түркияда әскерилердің бір бөлігі мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып, билік оны басып тастаған. Бүліккке қатысы бар, Гүленмен байланысты деген күдікпен бірнеше мың адам ұсталып, ондаған мың адам жұмысынан босатылған. Түркия билігі төңкеріс әрекетінің артында АҚШ-та тұрып жатқан Фетхулла Гүлен тұр деп санайды. Ресми Анкара АҚШ-тан Гүленді экстрадициялауды сұраған. Гүлен бүлікті айыптап, оған өзінің қатысы барын жоққа шығарады.
Дерекккөз: Аzattyq.org