Астаналық ғалымдар әзірге Атырау облысындағы малдың не себепті қырылып жатқанын анықтай алмады. Сырқаттанған жануарлардың көптігіне қарамастан, ветеринарлар ауру шыққан аудандарда карантин жариялауға асығар емес.
Алғаш сырқаттанған сиырлар 30 маусымда Құрманғазы ауданында тіркелді. Жануарлардың қызуы көтеріліп, жаралар пайда болады. Кейінірек, Исатай ауданында да осындай белгілер пайда бола бастаған.
- Ахуалды анықтау үшін бізге Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтының бас директоры, ветеринарлық ғылымдар докторы, профессор А.Сұлтанов, орталықтың басқа мамандары келді. Олар жануарлардан сынама алды. Бірақ әзірге нәтижелері мен сиырдың немен ауырып тұрғаны туралы нақты жауап жоқ, - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Азамат АЙТҚАЛИЕВ (суретте).
Ал облыста карантин жарияланбады. Куәгерлер өлекселерді мұқият көму де жүргізілмейтінін растады. Жануарлардың өлекселерін бір жерге жинайды екен, ал олардың кейбірі ыдырай бастаған. Біз А.Айтқалиевтан осы ахуалға түсінік беруді өтіндік:
- Карантин сырқатқа байланысты белгілі бір мерзімге жарияланады. Ал біз қазір олардың немен сырқаттанып тұрғанын да білмейміз, сондықтан әзірге карантин жоқ, - деп жауап берді ол. – Бірақ жануарларға сырқат белгілері бойынша ем жасалуда. Олар антибиотиктер, аутогемотерапия алуда. Осы мақсатқа бюджеттен 2 млн 330 мың теңге бөлінді. Құрманғазы ауданында 57 мың 69 ірі мүйізді қараның 1461-і сырқаттанып, 41-і өлді. 274-і емделді, қалғандары әлі ем алуда. Исатай ауданында 17 793 ірі мүйізді қара бар, оның 174-і сырқаттанған, 51-і ем алды, қалғандарына ем жасалуда. Сізге жаңсақ ақпарат берілген, жануарлардың өлекселері тиісінше көміледі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор