- Менің жасым 62-де. Қазір жұмыстамын. Бұған дейін қысқартуға түсіп, екі жылдай жұмыссыз болдым. Маған зейнетақы қалай есептеледі? Жұмыс өтілімнің үзіліп қалғаны кері әсер етіп, ең төменгі зейнетақы есептеліп қалмай ма? Зейнетке шыққан соң жиналған ақшамды бірден ала аламын ба?
Телефон арқылы
Атырау облыстық зейнетақы төлеу орталығы филиалының заңгері Рысты ҚАЛИЕВА:
- «Қазақстан республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының талабына сәйкес жұмыс істеген жылдарыңыз бойынша еңбек өтіліне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі уақыттағы мерзім есептеледі. Ал зейнетақы есептеу үшін табыс 1995 жылдан бастап, зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі аралыққа кез-келген қатарынан үш жылдың табысын, яғни қай жылдарда табысыңыз жоғары болса, сол табыстарыңызды мекемелеріңізден анықтама тапсыру арқылы есептетуге тапсыра аласыз. Негізінде, зейнетақыңыздың мөлшері және еңбек өтіліңіз дұрыс есепке алынулары жөнінде күмән келтіретін немесе түсінбейтін сұрақтарыңыз болған жағдайда, алдын-ала құжаттарыңызды түгелдеп, кеңес алуға зейнетақы төлеу орталығының филиалына және Атырау облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне хабарласуыңызға болады.
Ал зейнетақы қорыңыздағы жиналған ақшаңызды зейнетақы жасына толғанда, яғни 2012 жылы 27 наурызда зейнетақы қорыңызға барып арыздану арқылы ала аласыз. Қорда қанша мөлшерде ақшаңыз бар екендігін және қандай қорда жинақталғандығын білу үшін алдын-ала зейнетақы төлеу орталығының филиалы арқылы жинақталған зейнетақы жарнаңыз туралы мәліметті алуыңызға болады. Ол үшін кез-келген банкке немесе поштаға 305 теңге төлеген түбіртекті және жеке куәлігіңіздің, ӘЖК (СИК), СТН (РНН) көшірмелеріңізді тапсырып, арыздану арқылы алуыңыз қажет. Толық мәліметті алған соң, егер де бұрынғы жасаған мекемелеріңіз зейнетақы жарнасын дұрыс аудармаған жағдайда, сол мекемелеріңізден алдын-ала талап етуге мүмкіндік болады.
Жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемі кесте бойынша төленеді. Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң жылдық сомасы мынадай шамадан:
1) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгi зейнетақының отыз еселенген мөлшерiнен;
2) екі жүз елу мың теңгеден;
Егер алушының зейнетақы жинақтарының сомасы екі жүз елу мың теңгеден кем болса немесе тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi зейнетақының отыз еселенген мөлшерiнен кем болса (көрсетiлген шаманың қайсысы көп болуына байланысты), зейнетақы жинақтарының барлық сомасын ала алады.